«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Үлкен Алматы айналма автожолына арналған «жасыл чип»

2018 жылғы 19 Желтоқсан
- Алматы қаласы
5888 просмотров

Алматы қаласындағы №159 мектеп-гимназияның оқушысы мегаполиске келетін автокөліктерден экологиялық алым жинауды енгізуді ұсынды. Жиналған қаражат экологияны жақсартуға жұмсалатын болады.

Бір жыл бұрын Ыбырай Алтынсарин атындағы №159 мектеп-гимназиясы оқу бағдарламасына пилоттық режимде «Кәсіпкерлік негіздері» пәні енгізілген болатын, міне бүгін оқушылар жақсы нәтиже көрсете бастады. 11-сынып оқушысы Данэля Жолдасбекова «Мен кәсіпкермін» қалалық экономикалық жарыста колледж студенттерін басып озды. Аталған байқауда коллежд студенттері арасында Данэля жалғыз мектеп оқушысы болды, осыған қарамастан алғыр қыз жүлделі екінші орынды еншіледі.

Данэля Жолдасбекованың қорғаған жобасы «Жасыл чип – болашақ экологияның негізі» деп аталды.

«Оның мақсаты – қалаға кіретін көлікті бақылау бойынша бірыңғай автоматтандырылған жүйені құру. Өркениеттің барлық игіліктері үшін адамзат баласы өз денсаулығымен «төлеп жатыр». Қазіргі таңда экологиялық мәселе ең өзекті. «Жасыл чип» – Алматыға сырттан кіретін көліктен алым жинауды ұйымдастыру жүйесі. Жиналған қаражат экологиялық мәселелерді шешуге бағытталады», – деді оқушы.

 Данэля Жолдасбекованың айтуынша,  Үлкен Алматы айналма автожолының құрылысы аяқталған соң, қалаға кіру нүктелері қатаң белгіленетін болады. Қала басшылығының жоспары бойынша келешекте қалаға ақылы кіру қарастырылған. Ақылы кіру бекеттерінен түскен қаражат қала бюджетіне түседі. Ақылы кіру құны бюджетке түсетін қаражат және экологиялық алымнан құралуы мүмкін. Жиналған қаражатты оқушы қаланы көгалдандыру, өзендер жағасын тазарту, ауадағы зиян қалдықтарды жою мақсатында Алматыдағы биік ғимараттардың төбесіне сүзгі-тазартушыларды салуға және басқа да экологиялық жобаларға жұмсауды көздейді.

Данэля Жолдасбекова алым құнын небәрі 10 теңге көлемінде белгілеуді ұсынды.

«Алматы қаласына кірме жолдар терминалдар жүйесімен бақыланады, қалаға кіру құнын қоршаған ортаны қорғауға арналған төлем мөлшеріне көбейтіп, 10 теңге деп белгілеуге болады. Қалаға күнделікті шамамен 500 мың көлік кіреді, сәйкесінше тәулігіне 5 млн теңге, ал айына – 1,8 млрд теңге жинауға болады», – деді Данэля.

Оқушының айтуынша, байқауда жүлделі орын алуға оған «Кәсіпкерлік негіздері» пәні бойынша алған білім көмектескен. Экономикалық пәнді оқу бағдарламасына енгізу «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бастамасымен жүзеге асты: 2018 жылдан бастап өңірлерде геймификация мен бизнес кейстерге құралған Кәсіпкерлік негіздері пәні бойынша оқыту басталды.

«Ұстазым – Жанат Байбалақова. Ол өз ісінің маманы. Мұғалім бізге экономиканың бүкіл базасын түсіндірді. Жаңа пән маған математика, физика пәндерімен қатар ұнайды. Мен экономика бойынша барлық жаттығуларды орындап, бизнес-ойындарға белсенді қатысуға тырыстым. Қазіргі таңда 11-сыныпта оқимын, «Алтын белгі» медаліне үміткермін. Жастайымнан сауда нарығы, кәсіпкерлік, бизнес тақырыптарына қызығушылығым зор. Іскерлік әдебиетті жақсы көрем. Болашақ мамандығымды ІТ-технологиялармен байланыстырғым келеді. Бұл мамандыққа сұраныс артып келеді», – деп бөлісті Данэля Жолдасбекова. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер