«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ғалымбек Жақсылықов: «Кәсіпкер болу - тәртіпті талап етеді»

2019 жылғы 08 Қараша
- Қызылорда облысы
1516 просмотров

Бұл туралы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов Исатай Әбдікәрімов атындағы аграрлы-техникалық жоғары колледж студенттерімен «Кәсіпкерлік негіздері» курсы аясында өткен лекцияда айтты.

Палата басшысы кездесуде студент күнінде жасаған жұмыстары, кәсіпке келгенде кездескен қиындықтары мен алғашқы қателіктері, алған тәжірибесі жөнінде кеңінен тоқталып өтті.

«Саланы білмейтін жандар үшін жеке кәсіппен айналысу, кәсіпкер болу ұйқыны қандырып, қалаған уақытында жұмысқа барып, еркін демалу мүмкіндігі бар оңай жұмыс ретінде көрінуі мүмкін. Көбіне солай қабылдайды да. Алайда, кәсіпкер болу – ішкі тәртібіңді қатаң қадағалап отыруды, өзің үшін ғана емес, сондай-ақ жұмыспен қамтып отырған қызметкерлерің үшін де ұдайы жауапкершілікте болуды, кәсіпті жүргізуде сәт сайын шешім қабылдауды, жан-жақтылықты талап етеді», - деді шарада Ғалымбек Жақсылықов.

Палата директоры қазір елімізде кәсіппен айналысамын деген азаматтарға мемлекет тарапынан мықты қолдау көрсетіліп жатқандығын, тек сол құралдарды мерзімінде қолданып, игілігін дер кезінде пайдалану қажеттігіне де баса тоқтады.

«Ең бірінші кәсіпкер ретінде салық органдарына барып тіркеліп, қолыма жеке кәсіпкер куәлігін, мөрді алғанымда қуанышым қойныма сыймай жүре беріппін. Жастықтың, тәжірибесіздіктің салдары ғой осылайша салықтық есептілікті төлеу мерзімін жіберіп алып, айыппұл төлеген кезім де болды. Ол кезде қазіргі «Атамекендей», кәсіпкерлер үшін барлық қызмет түрлерін тегін ұсынатын мекеме болғанда кәсіпті ашудағы,  құжаттарды жүргізудегі қиындықтарға кездеспес па едім деп ойлаймын. Қазір бизнеске келген жандар үшін мүмкіндік жеткілікті. Тек мықты идеясы болса болды», - дейді Палата басшысы.

Кездесуде студенттер жастығына қарамастан мемлекеттік бағдарламалар, оны қолдану тетіктері туралы көбірек сұрап, белсенділік танытты. Кездесу қорытындысымен шарада белсенділік танытқан студенттерге Кәсіпкерлер палатасы атынан «Шағын бизнеске арналған 100 жоба» және Наполеон Хиллдің «Ойлан және байы» кітаптары сыйға тартылды.

Айта кету керек, «Кәсіпкерлік негіздері» пәні Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының бастамасымен 2014 жылы пилоттық негізде Қызылорда қаласындағы № 9 мектеп-гимназиясында енгізілген болатын. Жобаның тиімділігі ескеріле келе «Атамекен» мен Білім және ғылым министрлігінің бірлескен жобасы ретінде республиканың барлық мектептері мен оқу орындарында енгізу жөнінде шешім қабылданды.  Биылғы жылы аталмыш «Кәсіпкерлік негіздері» өңіріміздегі 90-нан астам мектепте, 14 колледжде, сондай-ақ Қорқыт ата атындағы ҚМУ өтуде.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер