«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Тәлімгерліктен бастап Үлкендегі АЭС-ке дейін: Гүлнар Бижанова әйелдерге арналған салалардың мүмкіндіктері жайында айтты

2025 жылғы 10 Желтоқсан
237 просмотров

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында «Атамекен» ҰКП Өнеркәсіп және технологиялар саласындағы әйелдердің II Халықаралық конгресіне қатысты. Негізгі тақырып – әйелдер көшбасшылығын дамыту және олардың жоғары технологиялық жобаларға қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге арналған ұсыныстар.

Жиын индустриялардың болашағы, кадр дайындау және экономиканың барынша технологиялық секторларындағы әйелдердің рөлі талқыланатын маңызды алаңға айналды. Биыл Конгресс алты елдің өнеркәсіп компанияларының, ғылыми орталықтарының және әйелдер қауымдастықтарының көшбасшыларын біріктірді. Іс-шараны қазақстандық «Қазатомөнеркәсіп» компаниясы және ресейлік «Росатом» корпорациясы бірлесіп ұйымдастырды.

Бір күн бұрын Women Career Lab практикалық зертханасы – әйелдерге арналған алғашқы халықаралық тәлімгерлік жоба ұйымдастырылған болатын. Жобаға қатысқан 120-ға жуық әйел сарапшылармен бірге келешек индустриясының бағыттарын зерттеді. Қазірдің өзінде Қазақстан әйелдерінің кәсіби қауымдастықтарымен бірлесіп, тау-кен металлургия кешені, AI, мұнай-газ және энергетика, атомдық өнеркәсіп, ESG және кәсіпкерлік бағыттары бойынша 2026 жылға арналған бастамалар әзірленіп жатыр.

Талқылауға «Қазатомөнеркәсіп», «Росатом», ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттік, Қазақстанның Ядролық қоғамы, KAZENERGY, «МИФИ» ҰЯЗУ, Qazaq Green Power, СИБУР және Түркияның Қорғаныс өнеркәсібі академиясынан 30-дан астам сарапшы қатысты.

Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары Тимур Жантикин конгресс жұмысын аша отырып, «Балқаш» АЭС құрылысы жергілікті өнеркәсіпті дамытудың қуатты драйверіне айналатынын атап өтті. Қазақстандық компаниялар жұмыстың шамамен 30%-ын атқармақ, 10 мыңға дейін жұмыс орны ашылып, мамандардың біліктілігі арттыру көзделген, бастысы – әйелдер үшін салада жаңа мүмкіндіктер ашылмақ.

Сессияда атом энергетикасы, өнеркәсіп, ядролық медицина, сарапшылық қауымдастықтар және ШОБ өкілдері жиналды. Жиынға қатысушылар стратегиялық салалардағы әйелдер рөлінің артуын, кадрларды дамытудағы жаһандық трендтерді және ірі жобалардың, соның ішінде Үлкендегі АЭС құрылысының мүмкіндіктерін талқылады.

«Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Гүлнар Бижанова әйелдер көшбасшылығын дамытуда ұлттық өнеркәсіптік саясаттың назар аударуға тиіс бірқатар басым бағытын атап өтті.

Ол әйелдерді жоғары технологиялық жобаларға қатысуға жүйелі түрде дайындау қажеттігін, сондай-ақ кәсіби коучинг пен тәлімгерлік институтын дамытудың маңыздылығы туралы айтты. Оның айтуынша, мұндай тетіктер жас мамандарға мансаптық жолды құруға, STEM бағыттарын игеруге және басқарушылық құзыреттерін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, қолданыстағы салалық бастамалар мен білім беру бағдарламаларын бірыңғай үйлестіру платформасына біріктірудің маңызы да атап өтілді. Мұндай интеграция үздік тәжірибелерді жинақтауға, тәжірибе алмасу мүмкіндігін кеңейтуге және әйелдердің кәсіби ресурстарға қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, Гүлнар Бижанова әйелдердің қоғамдық-саяси процестерге, оның ішінде сарапшылық кеңестер мен салалық жұмыс топтарынан бастап негізгі ұлттық шешімдер қабылданатын алаңдарға дейін белсенді атсалысуынсыз өнеркәсіпті одан әрі дамыту мүмкін емес екендігін атап өтті.

Басымдықтар жайында сөз қозғай отырып, ол даму бағыттарының маңызды бөлігі ретінде Үлкендегі АЭС құрылысы жобасын атады. Болашақ станцияның айналасында үлкен инфрақұрылым мен жеткізу тізбегі қалыптасуда. Бұл ретте осы жұмыстардың сервистік қызметтерінен бастап, сапаны бақылау, цифрлық және инженерлік шешімдерге дейінгі салаларындағы жұмыстарға әйелдердің басқаруындағы ШОБ-қа қатысу мүмкіндігі қарастырылғаны айтылды.

Кездесу барысында Қазақстанның жас мамандарды қолдау және әйелдер көшбасшылығын дамыту бастамаларына да ерекше назар аударылды. Бұл туралы WiN Kazakhstan президенті әрі Қазақстанның Ядролық қоғамы қауымдастығының директоры Тоғжан Сейфуллина баяндады. Ол Women Career Lab жобасының нәтижелерін бөлісіп, бұл бастама кәсіпорындардың 120-дан астам жас қызметкерін біріктіргенін әрі оларға жеке мансап жолын қалыптастыруға, бойларындағы ерекше біліктіліктерін анықтауға және индустриялық кәсіптер «әйелдер үшін жабық» деген көзқарасты бұзуға көмектескенін айтты.

Зерттеу жұмыстарының қорытындылары бойынша бұл тәжірибені серіктес елдерге тарату ұсынылды.

«Атамекен» ҰКП әйелдер көшбасшылығын дамыту, білікті кадрлар даярлау, ШОБ-ты қолдау және әйелдерді жоғары технологиялық салаларға интеграциялау бағытында жұмысты жалғастырмақ.

Жоба кеңсесін құру және білім беру алаңдарын біріктіру жұмыстары салалық серіктестермен бірлесіп жалғастырылады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174