«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Жүк көліктерінің қозғалысына шектеу: Кәсіпкерлер палатасы мәселені шешуді қолға алды

2025 жылғы 15 Қазан
- Түркістан облысы
96 просмотров

Түркістан қаласының кіреберіс және шығаберіс жолдарында полиция мен уәкілетті органдар тарапынан жүк көліктерінің тоқтатылуы мен қозғалысына шектеу қойылуы — соңғы уақытта жер қойнауын пайдаланушы кәсіпкерлер арасында өзекті мәселе болып отыр.

Кәсіпкерлердің айтуынша, мұндай шектеулер өндіріс пен тасымалдың үздіксіз жүруіне айтарлықтай кедергі келтіруде. Бұл өз кезегінде құрылыс, өндіріс және жеткізу салаларында қосымша шығындар мен уақыт жоғалтуға себеп болуда.

Осы өзекті мәселені шешу мақсатында Түркістан облысының Кәсіпкерлер палатасында прокуратура және уәкілетті мемлекеттік органдардың қатысуымен кеңейтілген мәжіліс өтті. Іс-шара Түркістан облысы прокуратурасымен бірлесіп, «Бизнесті қорғау» жобасы аясында ұйымдастырылды.

Мәжілісте жүк көліктерінің қозғалысына қойылған шектеулердің құқықтық негізі, бақылау шараларының заңдылығы және кәсіпкерлердің заңды құқықтарын сақтау мәселелері жан-жақты талқыланды.

Жиынға Түркістан облысының және Түркістан көлік прокуратурасының, облыстық полиция департаментінің, көліктік бақылау инспекциясының, сондай-ақ жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасы, Түркістан қаласы, Сауран және Арыс аудандары әкімдіктерінің өкілдері қатысты.

Мәжіліске Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Зухра Амирова төрағалық етті. Ол өз сөзінде Палатаның басты міндеті — өңір кәсіпкерлерінің заңды мүддесін қорғау және бизнесті жүргізудегі әкімшілік кедергілерді жою екенін атап өтті.


“Кәсіпкерлердің тасымал қызметіне қатысты шағымдары жиілеп кетті. Бұл тек жеке кәсіпорындардың емес, жалпы өңір экономикасының дамуына әсер ететін мәселе. Сондықтан бүгінгі мәжілістің мақсаты — барлық тараптың ұстанымын тыңдап, ортақ шешім табу,” — деді Зухра Амирова.

Кездесу барысында кәсіпкерлер өз тәжірибелерінен нақты мысалдар келтіріп, жол бойындағы артық тексерістер мен рұқсат беру рәсімдерінің қиындығын айтты. Полиция және прокуратура өкілдері өз кезегінде кәсіпкерлердің шағымдарын назарға алып, құқықтық тұрғыда талдау жүргізуге және бақылау тетіктерін қайта қарауға дайын екендерін жеткізді.

Мәжіліс қорытындысы бойынша бірқатар ұсыныстар хаттамаға енгізіліп, жер қойнауын пайдаланушы кәсіпкерлердің көлік қозғалысына қатысты әкімшілік кедергілерді азайту бойынша нақты шаралар қабылданатын болды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174