«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қазақстан мен Қытай өнеркәсіптік әріптестікті нығайтуда: CFIE және BRICA делегациясымен кездесу өтті

2025 жылғы 30 Мамыр
1787 просмотров

2025 жылғы 30 мамырда Астанада Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлерінің «Атамекен» Ұлттық палатасы, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы және Қытай өнеркәсіптік экономика федерациясы (CFIE), сондай-ақ «Бір белдеу – бір жол» бастамасына қатысушы елдердің өнеркәсіптік-сауда қауымдастықтары альянсы (BRICA) делегациясы арасында кездесу өтті.

Қазақстан тарапынан кездесуге «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Райымбек Баталов, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының Басқарма Төрағасы Мұрат Қарымсақов және «Атамекен» ҰКП-ның салалық бағыттар бойынша басқарушы директорлары қатысты. Қытай делегациясын Қытай өнеркәсіптік экономика федерациясының партия комитетінің хатшысы және атқарушы вице-төрағасы, сондай-ақ BRICA Альянсының бас хатшысы Сюн Мэн бастап келді.

Қытай делегациясының құрамында Jiangxi Copper Co., Ltd компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Чжэн Гаоцин, China General Technology (Group) Holding Co., Ltd компаниясының бас директорының орынбасары Ян Голин, China National Agricultural Reclamation Group Co., Ltd бас директоры Бао Фэн және JAC Group холдингтік компаниясының директорлар кеңесінің мүшесі Ма Цуйбин болды.

Кездесу барысында екіжақты өнеркәсіптік және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту келешегі, сондай-ақ қазақстандық кәсіпкерлердің жаһандық іскерлік көшбасшылар саммиті мен BRICA саммитіне қатысуы талқыланды. BRICA саммитін 2026 жылы Алматыда өткізу мүмкіндігі және алдағы ШЫҰ саммиті аясында ынтымақтастық туралы меморандум дайындау мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Кездесу барысында «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Райымбек Баталов:

«Біз Қытай өнеркәсіптік экономика федерациясы және «Бір белдеу – бір жол» бастамасына қатысушы елдердің өнеркәсіптік-сауда қауымдастықтары альянсымен тікелей әрі мазмұнды диалог құру мүмкіндігін жоғары бағалаймыз. Ашық диалог, тәжірибе алмасу және бірлескен бастамаларды жүзеге асыру қарым-қатынасымызға жаңа серпін береді және стратегиялық маңызы бар салаларда ынтымақтастық үшін нақты мүмкіндіктер ашады деп сенеміз», — деді.

Өз кезегінде Сюн Мэн BRICA және CFIE қызметі туралы айтып өтті:

«Соңғы 10 жылда біздің альянс үлкен жолдан өтті. Біз түрлі елдерде саммиттер өткіздік, бүгінде біздің желімізге 30-дан астам қатысушы мүше — түрлі елдердің іскерлік қауымдастықтары мен компаниялары. Қатысушы кәсіпорындар саны 23 мыңнан асты. Қазір біз альянстың алдағы жылдарға арналған даму бағытын талқылап жатырмыз, бұл бұрынғы жетістіктерді нығайтып, жаңа мақсаттарды айқындауға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Сюн Мэн.

Тараптар металлургия, химия өнеркәсібі, машина жасау, агроөнеркәсіптік кешен, логистика және «жасыл» энергетика салаларында ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделілік білдірді.

2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы рекордтық 43,8 миллиард АҚШ долларына жетіп, 2023 жылмен салыстырғанда 9%-ға артты. 2025 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 7,2 миллиард АҚШ долларын құрап, осы кезеңдегі Қазақстанның жалпы сыртқы сауда айналымының 24,6%-ын құрады. Қытай тұрақты түрде Қазақстан экономикасына инвестиция салатын бес ірі елдің қатарына кіреді.

Бүгінде Қазақстанда қытай капиталының қатысуымен 5 500-ден астам кәсіпорын тіркелген, олардың 3 800-ден астамы белсенді жұмыс істеп келеді. Бұл Қытай бизнесінің Қазақстанның инвестициялық климатына және жүргізіліп жатқан экономикалық саясатқа жоғары сенім білдіретінін көрсетеді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар әріптестікті одан әрі тереңдетуге, нақты жобаларды дамытуға және екі елдің бизнес-қауымдастықтары арасындағы тұрақты диалогты сақтауға ниетті екендерін растады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер