«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Атырауда кәсіпкерлердің қатысуымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қоғамдық кеңесінің көшпелі отырысы өтті

2025 жылғы 31 Мамыр
- Атырау облысы
1981 просмотров

2025 жылғы 30 мамырда Атырау қаласында Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жанындағы Қоғамдық кеңестің көшпелі отырысы өтті. Отырыстың аясында өңірлік кәсіпкерлермен кездесулер ұйымдастырылып, Атырау облысындағы іскерлік ортаға әсер ететін өзекті мәселелер талқыланды.

Іс-шара Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің алаңында өтті. Кәсіпкерлермен өткен сессияның модераторы ретінде «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары, Қоғамдық кеңестің мүшесі Ербол Өстеміров сөз сөйледі.

Өз сөзінде ол бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылдың маңыздылығын атап өтіп, кәсіпкерлердің қызметіне қатысты шешімдер қабылдау кезінде олардың пікірлерін ескеру қажеттігін ерекше айтты. Ол кәсіпкерлер ұзақ жылдар бойы пайдаланып келген жер телімдерінің тәркіленуі сияқты мысалдарды келтіріп, мұндай жағдайлардың бизнеске және жергілікті экономикаға ауыр зардап әкелуі мүмкін екенін жеткізді.

Агенттік Төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Саркұлов кіріспе сөз сөйлеп, өңірдегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне тоқталды. Атап айтқанда, құрылыс, мемлекеттік сатып алулар және жер қатынастары саласындағы мәселелер көтерілді. Сондай-ақ, спорт және медицина инфрақұрылымының тапшылығы, жерді мақсатты пайдалану мәселелері секілді қордаланған проблемаларды жүйелі түрде шешудің қажеттігін атап өтті. Саркұловтың айтуынша, Атырау МӨЗ бойынша жүргізілген тергеу барысында қаражатты мақсатсыз пайдалану фактілері анықталған.

Агенттіктің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Ерұлан Серікқалиев «Бизнеске жол» жобасын іске асыру қорытындыларын таныстырды. Оның айтуынша, бастаманың іске асуынан бері 300-ден астам өтініш қаралып, 4 400-ден астам кәсіпкердің құқығы қалпына келтірілген.

Өз кезегінде, Атырау облысының кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Сүйінбаев соңғы бір жарым жылда Палатаға 200-ден астам құқықтық сипаттағы өтініштер келіп түскенін, олардың негізінде алты жүйелі проблема анықталғанын хабарлады. Ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен өзара іс-қимыл үнемі жүргізіліп отырғанын атап өтті.


Отырыс барысында кәсіпкерлер көтерген нақты мәселелер, соның ішінде шығындарды өтеу, салық даулары және инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері қаралды.


Кәсіпкерлер тарапынан көтерілген барлық мәселелер мен сұрақтар хаттамаға енгізіліп, бақылауға алынады.


 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер