«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қазақстан 32 млн долларға органикалық өнім экспорттады – «Атамекен»

2022 жылғы 19 Мамыр
2226 просмотров

Қазақстанның органика өніміне сұраныс жоғары. Былтыр 32 млн доллардың өнімі бірқатар елге жеткізілді. Көлем екі есе ұлғайды. Тіпті органикалық зығыр экспорты әлем бойынша көш бастап тұр. Сала мамандары өндіріс көлемін ұлғайту үшін мемлекеттен қолдау күтеді.

Ұлттық палата ORGANIC жобалық кеңсесінің аясында сала мамандары мен кәсіпкерлерді, мемлекеттік орган, халықаралық ұйымдардың өкілдерін жинап, алғашқы ашық отырыс өткізді.

Агрөнеркәсіп кешенін дамыту департаментінің директоры Ербол Есенеев Қазақстанның органикалық егіншіліктегі әлеуетіне тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде 300 мың га аса жер осы шаруашылықпен айналысып жатыр.

«Елімізден 2021 жылы 32 млн долларға (2019 жылы 15 млн доллар; 2020 жылы 10 млн доллар) органикалық өнім экспортталған. Басты тауарлар – органикалық зығыр, бидай, соя, күнбағыс, жасымық. Аз мөлшерде күнбағыс майы, арақ және бал экспорты бар», – деді Ербол Есенеев.

Сарапшы бұдан бөлек халықаралық сертификаттау құнының жоғары болуы, мемлекеттік қолдаудың жеткіліксіздігі, органикалық дақылдарды өндіру және өткізу мәселелерінде білім мен тәжірибенің тапшылығы осы бағыттың дамуын тежейтін факторлар болып тұрғанын айтты.

Осы жүйелі проблемаларды шешу үшін АШМ, Qazaq Organic одағы, UNION Atameken және сала өкілдері жобалық кеңсенің 2022 жылға арналған жұмыс жоспарын бекітті. Жоспарда органиканы дамытудың жол картасының жобасын әзірлеу, жаңа нарық ашу, оның ішінде экспорттың Қытай бағытын игеру, заңнамалық базаны жетілдіру, бірлескен кепілдіктер жүйесін PGS-Қазақстан  құру, оқыту, ғылыми-технологиялық және білім беру қолдау, қолдаудың қаржылық құралдарын қарастыру, органика өндірушілерінің шығындарын субсидиялау мәселелерін шешу көзделген.

Жиында АШМ, USAID, FAO, БҰҰ Даму бағдарламасы, Аграрлық саяси диалог (APD), кәсіпкерлер және ғылыми қызметкерлері ұсыныс, сын-пікірін ортаға салды.

БҰҰ Даму бағдарламасының өкілі Фируз Ибраһимов осы уақытқа дейін Қазақстандағы органикалық егіншілікпен айналысатын кәсіпкелермен тығыз жұмыс істегенін атап өтті.

«Жобалық кеңсені қолдап, органикалық егіншілік, өндірушілер және серіктестерімізбен жұмыс істеуге дайынбыз», – деді Фируз Ибраһимов.

Сонымен қатар, Qazaq Оrganic Union одағының директоры Арсен Керімбеков саладағы бірқатар проблемаға тоқталды. Ол халықаралық бағдарламалардың жұмысын сынға алып, органиканы дамыту үшін жұмыстың жаңа тәсіліне көшейік деген ұсыныс айтты.

«Үкімет органикамен айналысатын кәсіпкерге субсидия бергісі келеді. Оған есебін ұсынуымыз керек. Бұл жағдайда қостанайлық мамандар қосылуға дайын. Сол себепті субсидия алу үшін оның есебін көрсетіп, қажеттілігін дәлелдеуіміз керек. Біз халықаралық бағдарламалардан қаржы сұрамаймыз, бізге сіздің тәжірибеңіз керек. Біздің мамандарға құрастыруды үйретсеңіз жеткілікті. Осы бағытта біріге жұмыс істейік», – деп ұсынды Арсен Керімбеков.

Бұл орайда Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі Алмат Қонақов Ұлттық палата мен халықаралық ұйымдардың елдегі кеңселерімен ұйымдасқан жұмыс өнімді болатынын атап өтті.

Жиын соңында кәсіпкерлер мен сарапшылар кеңсе аясында бірлесе жұмыс атқаруға уағдаласты.

Айта кетейік, жобалық кеңсенің келесі отырысында органиканың білім саласындағы дамуы талқыланады.

Құрметті кәсіпкерлер, органика өндірісіне қатысты қандай да бір ұсынысыңыз болса, ORGANIC жобалық кеңсесіне хабарласуыңызға болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер