«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бюрократия азайып, заңдастыру жеңілдейді: жаңа Салық кодексі кімге тиімді?

2025 жылғы 23 Қазан
900 просмотров

Салықтық норма курьерлерге, такси жүргізушілеріне, қолөнершілерге және басқа да өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға артық бюрократиядан құтылып, өз қызметін заңдастыруды жеңілдетуге мүмкіндік береді.

 

Қазір Қазақстанда экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету шаралары жүзеге асырылуда. Бұл шаралар өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың бюрократиялық жүктемесін азайтуға әрі шағын және орта бизнеске қаржылық қолдауды күшейтуге бағытталған. Негізгі өзгертулер салық заңнамасы мен несиелендіру бағдарламаларына әсер етеді.

2026 жылдан бастап Қазақстан Республикасының жаңа Салық кодексі аясында өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін арнайы салық режимі енгізіледі. Бұл режим жылдық табысы 15 млн теңгеден аспайтын азаматтарды жеке кәсіпкер ретінде тіркелу міндетінен босатады.

«Атамекен» ҰКП атап өткендей, бұл норма курьерлерге, такси жүргізушілеріне, қолөнершілерге және басқа да өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға артық бюрократиядан құтылып, өз қызметін заңдастыруды жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар табысының бар-жоғы 4%-ы мөлшерінде бірыңғай төлем төлейді. Бұл мөлшерлемеге зейнетақы жарналары, медициналық сақтандыру және әлеуметтік аударымдар кіреді. Айлық табысы 1,25 млн теңгеге дейін (жылдық айналымы 15 млн теңге) болатын азаматтар жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей-ақ жұмыс істей алады.

«Бұрын, мысалы, такси жүргізушілері жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге тиіс болатын. Енді бұл талап алынып тасталды және олардың жылдық айналымы 15 млн теңгеге дейін болса, тіркеусіз-ақ еркін жұмыс істеуге болады. Бұл шара Мемлекет басшысының тапсырмасымен қабылданған жаңа Салық кодексіне енгізілді», – деп атап өтті ҰКП өкілдері.

Сонымен бірге, қазір ресми түрде рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізіміне 46 ЭҚЖЖ түрі енгізілген.

Табыс мөлшеріне қойылған шектеулерді және қызметті жеке (жұмысшыларсыз) жүргізу талаптарын ескере отырып, Ұлттық палата қосымша 115 қызмет түрін енгізу жөнінде ұсыныс жіберді. Олардың басым бөлігі жеке тұлға өз бетінше атқара алатын қызметтер: мысалы, курьерлік қызмет көрсету, көшу қызметтері, балаларға күндізгі қарау қызметі, қысқа сақтау мерзімі бар нан-тоқаш өнімдерін өндіру және т.б.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174