«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Бастау Бизнес» түлегі мемлекеттік қолдаумен екі грант ұтып, кәсібін жүргізуде

2021 жылғы 01 Маусым
- Алматы қаласы
15983 просмотров

200 АЕК мөлшеріндегі грант, оқу орталығы және 5 млн теңге: «Бастау Бизнес» жобасы көпбалалы ананың өмірін күрт өзгертті.

Ардақ Нұржанқызы энергетика саласында бастауыш кәсіпкер ретінде жұмыс істеп жатып, мемлекеттік қолдау шараларының болмауына қатысты проблемаға тап болды. Декреттік демалыс уақытында бизнес тоқтап тұрды. Осы аралықта келіншек «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының әлеуметтік парақшаларынан «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерінің тегін курсы туралы ақпарат алады.

2019 жылдың соңына қарай Ардақ оқуға қатысып, сертификатын алды және 200 АЕК мөлшерінде грант иегері атанды.

 «Идеяны іс жүзіне асыру, бизнес-жоспарды рәсімдеу, салық саласын түсіну және сатылымды көбейту – осының бәрін игеру  бастауыш кәсіпкерге қиындау. Мемлекеттік қолдауды алу шеңберінде көрсетілген сүйемелдеуге ризашылығымды білдіремін», – дейді бизнес ханым.

 Грант алғаннан кейін Ардақ тігін өнеркәсібімен айналыса бастады, бөлінген қаражатқа қажетті құрал-жабдықтар сатып алып, өз кәсібін бастады. Перделер, балалар киімдері, костюмдер тігіп, сондай-ақ құрақ көрпе тігуге тапсырыс қабылдады. Бүгінгі таңда кәсіпкер бизнесін кеңейту мақсатында «Qol Qanat» оқу орталығын ашты, бұл киім және басқа да тігін бұйымдарын өндіру бойынша оқыту жүргізілетін жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал етті.

2020 жылы көпбалалы ана «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін 5 млн теңгеге жуық грант ұтып алды. Қызметтің өзекті түрлерінің бірі – сүт өндіру, түрлі йогурттар, ірімшіктер, айран дайындау үшін ешкі сүтін пастерлеу. Ол жобаны ағымдағы жылдың маусым айында бастауды жоспарлап отыр.

«2021 жылы Алматы  қаласына 1000 грант бөлінді. Алғашқы лек 26 сәуірде басталды, 801 адам оқуға қатысты, екінші лекте – 750 адам. 1 маусымдағы жағдай бойынша «Бастау Бизнес» жобасының өткен жылғы 320 түлегіне грант мақұлданды, 200 қатысушыға грант беріліп қойды», – дейді Алматы қаласы ӨКП директоры Айтуар Қошмамбетов.

 Айтуар Қошмамбетовтың айтуынша, бұл бағдарламаның танымалдығымен қатар, алаяқтардың айласы да артып келеді. Олар белгілі бір ақша сомасына грант алып береміз деп адамдарды алдап, жеке деректерді біліп алуға әрекет етеді.  

«Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша оқыту мерзімі – 21 күн және оқыту барысында жоба қатысушыларына тек жоба кеңесшісі мен әр топтың бизнес-тренері сүйемелдейді.

Қосымша ақпарат алу үшін Алматы қаласы кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына хабарласыңыздар, мекенжайы: Жібек жолы д-лы, 135, блок 2, 8-қабат, байланыс: Кәсіпкерлікті қаржылай емес қолдау бөлімінің 1 санатты сарапшысы Мәдиев Темірлан –  тел.: 331-01-33 (7553), +77753935273.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер