«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Іскер әйелдер бизнесті несиелендіру мәселесін талқылады

2016 жылғы 08 Қыркүйек
- Алматы қаласы
9306 просмотров

Пікір алмасу VI Орталық Азия сауда форумының шеңберіндегі «Бизнестегі әйелдер» пікір алмасу алаңында өтті

Орталық Азия елдерінің экономикалық өмірінде әйелдер кәсіпкерлігі ерекше рөл атқарады. Орталық Азия елдерінің Үкіметтері, халықаралық ұйымдар мен үкіметтік емес ұйымдар қоғамның дамуына бағытталған кәсіпкер әйелдердің бастамаларына зор қолдау көрсетіп келеді. Кәсіпкер әйелдер экономикалық өсімнің қайнар көзі, өйткені олар өздерінің бизнестері арқылы өзі үшін, отбасы мен жалпы қоғам үшін экономикалық және әлеуметтік пайда әкеледі. Жеке сектордағы табысты компаниялар халықаралық ұйымдармен және үкіметтік емес ұйымдармен әріптестік орнатады. Сол арқылы олардың даму тәжірибелерін, бағдарламалық стратегияларын және жергілікті қауымдастықпен байланыстар желісін пайдаланады. Аталған елдер, халықаралық ұйымдар, үкіметтік емес ұйымдар мен бизнес қауымдастықтар әйелдер кәсіпкерлігіне қандай қолдау көрсетіп отыр? Қандай бастамалар табысты болды? Бұл туралы бизнес-ханымдар Алматыда өткен VI Орталық Азия сауда форумында пікір алмасты.

Баяндамалар барысында әйелдер бизнесін несиелендіруді жүргізу процесінде туындайтын негізгі мәселелер аталды. Олар: инфрақұрылымның жоқтығы (екінші деңгейлі банктердің, даму институттарының ауылдан алыс орналасуы), бюрократия, мүліктік (кепілдік қамтамасыз етудің жоқтығы), білім (кәсіби білімнің жеткіліксіздігі), тексерулер мен мемлекеттік органдармен өзара қарым-қатынастағы қиындықтар.

«Тіпті шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында мемлекеттен бөлінген қаражаттың өзін екінші деңгейлі банктер әрең береді. Несиелендіру үшін берілген өтінімдер жарты жыл қаралады, ал кәсіпкерге тиесілі қаражатты алу процесінде бюрократиялық кедергілер жолдан кес-кестейді. Ауылды жерлердегі кәсіпкерлерге бәрінен де қиындық келтіретіні несие алу үшін ауылдардағы жылжымайтын мүліктердің, жер телімдерінің кепіл ретінде қабылданбайтындығы», – деп атап өтті Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының президенті Раушан Сәрсенбаева.

Қазақстандағы орта тапты күшейту қайсар және талабы зор кәсіпкер әйелдердің ғана қолынан келеді, деп шешті форумға қатысушылар. Әйелдердің көбінесе сауда-саттық, туризм және қызмет көрсету салаларында қызмет ететіндігі айтылды, күш біріктіру арқылы ғана әйелдер соңғы үш жылда бизнесте айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізген.

«Әйелдер кәсіпкерлігіне «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы зор қолдау көрсетіп отыр. Палатада білім беру мен кеңес берулерге ерекше назар аударылады. Мәселен, «Бизнес-кеңесші» және «Бизнес-өсім» бағдарламалары бойынша өткен жылы 700-ден астам тәжірибелі кәсіпкерлер мен кәсібін жаңа бастаушылар білімдерін жетілдірді. Олардың басым бөлігі нәзік жандар. «Іскерлік байланыстар» жобасы шеңберінде оқу кәсіпкерлерге білімдерін тегін жетілдіруге, сондай-ақ, тәжірибе алмасу, серіктестер іздеу мақсатында Германияға тағылымдамадан өтуге баруға мүмкіндік береді. Одан бөлек, ҰКП-ның жанынан Іскер әйелдер кеңесі құрылған, оның құрамына өңірдің ең белсенді 30 бизнесвумені кірді. Алматы қаласы Іскер әйелдер кеңесіндегі іскер әйелдер қаржылық қызмет көрсету, тамақ және жеңіл өнеркәсіпте, білім беру салаларында қызмет етеді. Кеңестің көмегімен Алматыда әйелдер кәсіпкерлігінің көптеген жүйелік мәселелері шешілуде», – деп мәлімдеді Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының халықаралық байланыстар жөніндегі сарапшысы Ақеркін Ералиева.

Форум барысында Қазақстан Республикасындағы әйелдер кәсіпкерлігінің негізгі көрсеткіштері тілге тиек етілді. Әйелдер елдегі жалпы ішкі өнімнің 20%-ын құрайды екен. Сондай-ақ, нәзік жандардың Парламентте, мемлекеттік атқарушы және сот органдарында, қаржы секторында қызмет ететіндіктері, ер азаматтармен бірге елді ілгерілетуші күшке айналдыратыны келтірілді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер