«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қызылорда: 6 млн.теңге несие алып, кәсібін кеңейтті

2018 жылғы 05 Қазан
- Қызылорда облысы
8872 просмотров

Бүгінгі кейіпкеріміз «Атамекен» ҰКП Іскер әйелдер кеңесі мен «Халық Банк» АҚ арасында қабылданған Меморандумның игілігін көріп отырған жан.

Жерлесіміз Жанна Ахметова бизнестегі қыз-келіншектерге жеңілдікпен беріліп жатқан несиеге қол жеткізген іскер жандардың бірі. Кәсіпкер өз бизнесін осыдан 10 жыл бұрын бастаған. Содан бері сән индустриясының дамуына өз үлесін қосып келеді. Іскер келіншек жақында ғана сән салонын кеңейту үшін «Халық Банкі» АҚ-ның облыстық филиалы арқылы 6 млн.теңге жеңілдетілген несие алды.

«Қазіргі таңда әйелдер сұлу болуды, өз-өзіне сенімді болуды қалайды. Сондықтан сән үйлеріне жиі барады. Өзім де сән үйлерінде көп уақыт өткізетінмін. Осы кәсіп түрін ашу туралы да идея сол кезде келді. Осылайша 10 жыл бұрын алғашқы сән үйімді аштым. Енді сол бизнесімді кеңейткім келді. Кәсіпкерлер палатасының көмегіне жүгіндім. Ол жақта маған іскер әйелдерге арналған жеңілдетілген несие бар екендігін, оны «Халық Банкі» арқылы алуға болатындығын түсіндірді. Аз ғана уақытта маған бизнес-жоспар жасауға көмектесті. Осы жағында ғана 6 млн.теңге несие алып, осы салонның ақшасын толығымен төледім», - дейді Жанна Ахметова.

Жыл сайын қалада сұлулық индустриясы қарқынды дамып келеді. Оған дәлел сән салондарының көптеп ашылуы. Бұл әрине сұлулық салондары арасындағы бәсекелестікті арттыруда. Сондықтан Жанна өзінің қызмет көрсету аясын кеңейтіп, тағы бір сән үйін ашуға қол жеткізді. «Мадлен» сән үйі бүгінде қыз-келіншектерге қажетті косметологияның барлық түрін ұсынады. Салонда жұмыс жасайтын шеберлердің де еңбек өтілі жоғары. Шығармашылықпен жұмыс жасайтын сән үйінің өз тұтынушылары қалыптасып үлгерген. 15 адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкер қайырымдылық акцияларымен де айналысады. Әр жұмада тегін нан таратады, ыстық тамақпен қамтамасыз етеді. Аз қамтылған отбасыларына да көмек қолын созуды ұмытпайды.

Айта кету керек, Астана қаласында өткен «Атамекен» ҰКП-ның  V Съезі аясында республикалық Іскер әйелдер кеңесі әйелдер кәсіпкерлігін қаржылай қолдау үшін Еуразиялық Топпен (ERG) және Қазақстан халық банкімен меморандум жасаған болатын. Нәтижесінде Халық банк осы жылдың өзіне қыз-келіншектер кәсіпкерлігін қаржыландыруға  алғашында 1 млрд.теңге бөлсе, жақында қосымша тағы да 1 млрд.теңге қарастырылғандығын хабарлады. Бұл қаржы да жыл соңынп дейін игерілуге жатады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер