«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Атамекенде» Конституциялық реформа талқыланды

2017 жылғы 15 Ақпан
2991 просмотров

Қоғамдық талқылауда ақпараттың бұрмаланбағаны маңызды

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында Конституциялық реформа мен Елбасы жолдауын түсіндіруге қатысты жиын өтті. Бас қосуға «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Төлеміс Шотанов, Басқарушы директор Қанат Сахариянов, Заңнама және өзіндік реттеуді дамыту департаментінің директоры Айжан Бижанова, сонымен қатар Өңірлік кәсіпкерлер палатасы видеобайланыс арқылы қатысты.

«Мемлекет басшысының билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі үндеуі мен халыққа арнаған Жолдауы өңір-өңірлерде түсіндіріліп, қоғамда қызу талқыланып жатыр. Бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде де азаматтардың пікірі үздіксіз жарияланып келеді. Кәсіпкерлік саланың мәселелерін көтеріп отырған ұйым ретінде талқылауға, сауалдарға жауап беру үшін бас қосып отырмыз», – деп атап өтті «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Төлеміс Шотанов.

Босқосуда «Атамекен» ҰКП Басқарушы директоры Сахариянов конституциялық реформаның, сондай-ақ Ұлттық кәсіпкерлер палтасының қызметіне қатысты көптеген тапсырмалар жүктелген Елбасы Жолдауы қызу талқыланып отырғанын және түрлі пікірлер айтылып жатқанын жеткізді. Осы жағдайда арандатушылар мен жалған оппозиционерлердің жеке бас мүддесіне қарай мәліметтердің бұрмалануына жол берілмей, азаматтарға оңды, дұрыс ақпараттар таралуы керектігіне баса назар аударды.

«Конституциялық реформадағы өзгертулер көптеген мемлекеттердің үлгісін сараптай отырып ұсынылғаны Елбасы үндеуінде де айталады. Аталған өзгерістер билік арасындағы байланысты нығайтуға әсер етеді. Бұл жерде билік тармақтарының атқаратын қызметтері айқын шектелген. Президент сыртқы саясатта, ұлттық қауіпсіздікте, қорғаныс саласында бақылаушы фунциясын сақтай отырып, негізгі саяси шешімдерді қабылдайды. Билік тармақтары арасында жауапкершілікті арттыруға, биліктің заң шығарушы тармағының атқарушы билікке бақылауын күшейетуге негізделген», – деп реформадағы өзгерістердің мақсатын түсіндіріп өтті Қанат Сахариянов.

Сонымен қатар, «Атамекен» ҰКП Заңнама және өзіндік реттеуді дамыту департаментінің директоры Айжан Бижанова бүгінде қоғам талқысына салынған конституциялық реформаның маңызды әрі қажетті екенін жеткізе отырып, қоғамдағы өте белсенді пікір ҚР Конституциясындағы 26-бапты өзгертуге қатысты екеніне назар аударды.

«26-бапқа қатысты көптеген сауал туындап отыр. «Әркім» деген сөздің астында жеке кәсіпкерлерді де, заңды тұлғаларды да айта аламыз. Осыған қатысты ауқымды, егжей-тегжейлі түсіндіру жұмысы қажет деп ойлаймын», – деп пікір білдірді Айжан Бижанова.

Осы ретте «Атамекен» ҰКП Басқарушы директоры Қанат Сахариянов ҚР Конституциясының 26-бабындағы өзгерістің мәнін түсінбегендер қоғамда түрлі бұрмалаушылықтар тудырып отырғанын жеткізіп, баптағы өзгерістер әлеуметтік желілердегі көтерілген жер мәселесіне қатысы жоқ екенін түсіндіріп өтті. «Конституцияда Қазақстан азаматтарының заңды жолмен иеленген мүлкіне қол сұғылмайтыны, заңмен кепілдік берілетіні жазылған. Ендігі өзгерістер бойынша Қазақстан территориясында заңды жолмен жеке мүлік иеленген әр адамның мүлкіне қол сұғылмайтындығына, оған заңмен кепілдік беруге мүмкіндік бар. Жеке мүлікке, мысалы, жылжымайтын мүлік, көлік және тағы басқа да заттар жатады», – деді Қанат Сахариянов.

«Атамекен» ҰКП Төрағасының орынбасары Төлеміс Шотанов Конституциялық реформалардағы кең талқыланып жатқан мәселелерді ұғынып оқып, 26-бапқа қатысты өзгертудің өзі нарықтық қатынастарды реттеуге, бизнес-ортаны жақсартуға да мүмкіндік беретіндігін жеткізді. Оның айтуынша, жеке меншік құқығы бекітілген жерде нарықтық қатынастар туындайды, бұл бизнесте капиталдың, еңбек нарығының алмасуына үлкен әсер етеді, себебі инвесторларға іскерлік климат маңызды.


Ұқсас жаңалықтар:

Еншілес ұйымдар

Серіктестер