«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Шымкенттік «Golden Nomad» фабрикасы Алматыда алғашқы дүкенін ашты

2016 жылғы 07 Сәуір
- Алматы қаласы
16878 просмотров

Алматы Кәсіпкерлер палатасы отандық тауар өндірушінің бастамасына қолдау көрсетті

«Golden Nomad» компаниясы Алматыда ерлер мен әйелдерге арналған классикалық үлгідегі костюмдер сататын «Алтын адам» қазақстандық брендінің дүкенін ашты.

Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданы Ақсукент ауылындағы тігін фабрикасы 2014 жылдан бастап жұмыс жасайды. Кәсіпорын 135 адамды жұмыспен қамтып отыр. Жоба Индустриалдандыру картасына енген, несиенің пайыздық мөлшерлемесі «Бизнестің жол картасы» бойынша қаржыландырылған. Бөлінген 158 млн. теңгеге Түркия, Жапония және ҚХР-дың заманауи жабдықтары сатып алынған (44 тігін және 23 мамандандырылған машина). Бір ауысымда 300 костюмге дейін тігіледі. Фабрика өнімі нарықта бәсекеге қабілетті, киімдерді тігуде шетелдің жетекші өндірушілерінің маталары мен сызбаүлгілері қолданылады. Дегенмен бір өнімнің бағасы 45 мың теңгеден аспайды.

«Биыл мектеп формасын тігуді қолға алмақпыз. 300-400 адамды жұмыспен қамту жоспарда бар. Бүгінде мекеме Сайрам ауданы мектептерімен ынтымақтастық туралы меморандум бекіткен. Сарыағаш және Төле би аудандарының оқу мекемелерімен келісімдер жасалуда. Біз отандық маркалы киімдерді еліміздің барлық өңірлеріне жеткізгіміз келеді. Сондықтан сатып алушылар мен дистрибьютерлерді серіктес болуға шақырамыз», – деп хабарлады «Golden Nomad» ЖШС директоры Балжан Халмұратова.

Жаңа дүкеннің ашылу салтанатына Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Юрий Тілеумұратов қатысты.

«Тұтынушының көзімен қарасам, ерлерге арналған костюмдер матасы, үлгісі және моделі жағынан өте жақсы. Отандық тауар өндірушісін қолдау – экономика үшін қиын-қыстау кезеңде уақытылы қолға алынған шара деп есептеймін. Алматылық сатып алушылардың көңілін жаулау үшін сіздер ең алдымен тауар сапасына мән берулеріңіз керек. Сіздерге өзара тиімді келісімдер мен табысты бизнес тілеймін! Алматы Кәсіпкерлер палатасы өз кезегінде компанияға қала аумағында іскерлік серіктестермен кездесулер ұйымдастыруда қажетті қолдау көрсететін болады», – деді құттықтау сөзінде Юрий Тілеумұратов.

«Golden Nomad» компаниясы дүкенінің мекен-жайы: Алматы қ., Абылайхан көш., 64-үй (Жібек жолы көш.қиыл.). 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер