Олжас Ордабаев «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқасы Адами капиталды дамыту және бизнестің әлеуметтік саясаты жөніндегі комитетін басқарады
Бүгін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқасы Адами капиталды дамыту және бизнестің әлеуметтік саясаты жөніндегі комитетінің отырысы өтті. Жиында жаңа төраға сайланып, 2026 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді.
Комитет мүшелерінің дауыс беру қорытындысы бойынша Комитет төрағасы болып Олжас Темірбекұлы Ордабаев сайланды. Оның кандидатурасы Комитет мүшелері тарапынан Регламентке сәйкес ұсынылып, өкілеттік мерзімі 2 жылға бекітілді. Бұған дейін бұл қызметті Талғат Доскенов атқарған болатын.
Міндеттері мен қызмет бағыттары
Комитет – әлеуметтік сала мәселелері бойынша бизнес-қоғамдастық пен мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылдың негізгі алаңы. Олжас Ордабаевтың жетекшілігімен Комитет келесі стратегиялық бағыттар бойынша жұмысты жалғастырады:
- білім беру, кәсіптік білім беру және біліктілікті дамыту саласындағы мемлекеттік саясатқа қатысты тұжырымдамалық тәсілдерді әзірлеу;
- адами капиталды дамыту, оның ішінде білім беру, кадрларды даярлау, ғылым, мәдениет, спорт және қайырымдылық мәселелері;
- білім беру, кәсіптік білім беру, кадрларды даярлау, біліктілікті дамыту және сертификаттау салаларындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру;
- әлеуметтік кәсіпкерлік тәжірибелерін тарату бойынша ұсыныстар әзірлеу;
- заңнамалық және (немесе) ұйымдастырушылық шешімдерді талап ететін саланың басым проблемаларын айқындау;
- саланы дамытудың негізгі стратегиялық бағыттары бойынша Ұлттық палатаның бірыңғай ұстанымын қалыптастыру;
- бизнес-құрылымдар үшін кадрларды даярлау жүйесін дамытуға және жетілдіруге жәрдемдесу;
- жастар кәсіпкерлігін дамыту және қолдау;
- халықаралық салалық ұйымдармен ынтымақтастықты нығайту жөнінде ұсыныстар әзірлеу.

Кәсіби тәжірибесі
Олжас Ордабаев – адами капиталды дамыту, білім беру және әлеуметтік саясат саласында көпжылдық тәжірибесі бар білікті басқарушы. Бұған дейін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында басшылық қызметтерді атқарған, «Talap» КЕАҚ президенті, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі болған. Қазір жекеменшік секторда да еңбек етіп, қоғамдық маңызы бар жобаларды жүзеге асыруда. Оның мемлекет пен бизнес арасындағы өзара іс-қимыл саласындағы сараптамалық тәжірибесі Комитет жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталған.
Отырыс аясында қатысушылар 2026 жылға арналған жұмыс жоспарын да талқылады. Аталған жоспар саланың басым бағыттарына және адами капиталды дамыту бойынша негізгі мәселелерге қатысты Ұлттық палатаның бірыңғай ұстанымын қалыптастыруды қамтиды.


Пікір қалдыру:
Пікірлер: