Жаңа салықтар Қазақстанда дәрі-дәрмек тапшылығын тудыруы мүмкін бе?
Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанда маңызды препараттар тапшылығы туындап, дәрі бағасы кемінде 5-7%-ға қымбаттауы мүмкін
2026 жылдың басынан бастап Қазақстанның фармацевтикалық нарығы белгісіздік жағдайында. Бюджетті толықтыруды көздеген дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарға қосылған құн салығын (ҚҚС) енгізу, іс жүзінде, салықтық әкімшілендірудің күрделілігіне байланысты олардың тапшылығына алып келуі мүмкін.
Фармацевтика саласындағы 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген салық реформасы баға қалыптастыру қағидаларын түбегейлі өзгертті. Бұған дейін дәрі-дәрмектер, медициналық бұйымдар мен медициналық қызметтер ҚҚС-тан босатылған болса, енді салада әркелкі мөлшерлемелер жүйесі қалыптасты:
-5% дәрілік заттарға, 2027 жылға қарай 10%-ға дейін өсу мүмкіндігі бар;
-5% медициналық бұйымдарға;
-өткізу және импорт бойынша салық салынатын айналым мөлшеріне қолданылатын Дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың, медициналық бұйым жиынтықтауыштары және техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдарының тізбесіне кірмейтін дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарға 16% ҚҚС;
дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдар өндіруге арналған шикізат, құрал-жабдық, жинақтаушы бөлшектер мен материалдарды импорттау кезінде 16% ҚҚС;
- МӘМС/МКМКК аясында дәрі-дәрмектерді, орфандық препараттарды және медициналық қызметтерді ҚҚС-тан босату.
Алайда заң шығарушылардың ізгі ниетпен ойластырғандары іс жүзінде әкімшілендірудің қатаң шындығына тірелді де қалды. «Атамекен» ҰКП алаңында Денсаулық сақтау министрлігі мен Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті өкілдерінің қатысуымен өткен кеңесте барлық ведомстволық актілердің әлі күнге дейін толық бекітілмегені анықталды.
Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Гаухар Райымқұлованың айтуынша, ҚҚС-тан босатылатын дәрі-дәрмектердің, орфандық препараттардың және МКМКК мен МӘМС аясындағы медициналық қызметтердің тізбесін бекітетін қаулы қабылданған. Алайда дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды өткізу және импорттау кезіндегі салық салу тәртібін айқындайтын қаулы қазір ҚР Үкіметі Аппаратының келісуінде. Сондай-ақ, дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың шекті бағаларын қалыптастыру қағидалары да пысықталу үстінде, онда ҚҚС-ты есепке алмай шекті бағаларды қалыптастыру бойынша өзгерістер көзделген.
Кәсіпкерлер дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың шекті бағаларын қалыптастыру қағидалары бекітілмегендіктен, босату бағаларын айқындауда қиындықтар туындап отырғанын айтуда. Соның салдарынан жеткізу тізбегіне қатысушылар: өндірушілер – дистрибьюторларға, дистрибьюторлар ؘ дәріханаларға өнімді өткізуді уақытша тоқтатуға мәжбүр:
«Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті дәрі-дәрмектердің шекті бағаларын реттемейді, осыған байланысты ҚҚС өнімді сату бағасына қатысты есептеледі. Баға белгілеу мәселелерін реттеу үшін Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарға арналған шекті бағаларды қалыптастыру қағидаларын тиісті өзгерістермен сәйкестендіріп бекітуі қажет. Сонымен қатар оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын субъектілер өнімді ҚҚС-сыз өткізеді, бұл олардың ҚҚС төлеушілермен өзара іс-қимылын экономикалық тұрғыдан тиімсіз етеді», – деп мәлімдеді Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржанов.
Кеңес барысында қатысушылар дәрі-дәрмектерді импорттау кезінде мемлекеттік тапсырыс шеңберіндегі жеткізу шартын ұсыну мүмкіндігінің жоқтығы мәселесін де талқылады. Себебі, тендерлік рәсімдер көбіне өнім елге әкелінгеннен кейін ғана өткізіледі. Салдарынан дайын дәрі-дәрмектер мен фармацевтикалық субстанцияларды импорттаушылар мемлекеттік тапсырыс пен коммерциялық сегментке арналған көлемдерді алдын ала айқындай алмай отыр.
«МКМКК/МӘМС аясында ҚҚС-тан босату дәрі-дәрмектерді импорттау кезінде тек тиісті шарт болған жағдайда ғана қолданылады. Егер дәрі-дәрмектерді әкелу кезінде ҚҚС төленсе, кейіннен салықтан босату қолданылмайды, ҚҚС-ты кері қайтару көзделмеген. Сонымен қатар, салықтан босату тек ҚР Үкіметі бекіткен тізбе бойынша және мемлекеттік тапсырыс аясындағы қолданыстағы шартқа сәйкес жүзеге асырылады», – деп түсіндірді Жәнібек Нұржанов.
Кеңес қорытындысы бойынша келесі келісімдерге қол жеткізілді:
- ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарға арналған шекті бағаларды қалыптастыру қағидаларына өзгерістер енгізілгенге дейін, ҚҚС-ты шекті бағаға қоспай (ҚҚС-ты шекті бағадан тыс есептеу арқылы) қалыптастыру жөнінде «Атамекен» ҰКП-ға түсіндірме хат жолдайды;
- Денсаулық сақтау министрлігі, Мемлекеттік кірістер комитеті және Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қатысуымен медициналық ұйымдар мен зертханалардың салық салынуын әкімшілендіру бойынша жеке кеңес өткізіледі;
- Денсаулық сақтау секторына салық салу тәсілдерін қайта қарау қажеттілігі туралы мәселе Денсаулық сақтау министрлігі мен ҚР Үкіметі басшылығы деңгейінде қайта көтерілетін болады.


Пікір қалдыру:
Пікірлер: