«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Хромтауда кәсіпкерлерге арналған «Іскер аймақ» бағдарламасы таныстырылды

2025 жылғы 30 Желтоқсан
- Ақтөбе облысы
203 просмотров

Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов Хромтау ауданындағы кәсіпкерлермен өткен кездесуде ең алдымен шағын және микробизнесті қолдауға бағытталған жаңа «Іскер аймақ» бірыңғай бағдарламасының мүмкіндіктерін кеңінен таныстырды. Ол бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында Үкімет тарапынан бекітіліп, «Атамекен» ҰКП мен AMANAT партиясымен бірлесіп әзірленгенін атап өтті. Бағдарлама аясында 2026 жылы 400 млрд теңге қарастырылып, екінші деңгейлі банктер арқылы бір жобаға 200 млн теңгеге дейін несие беру көзделген. Пайыздық мөлшерлеменің 40 пайызы субсидияланады, ал несиелеу мерзімі 3 жылға дейін. Кепіл мүлкі жеткіліксіз болған жағдайда «Даму» қоры қарыз сомасының 85 %-дейін кепілдік береді.

Осыдан кейін Палата директоры ауданның кәсіпкерлікке қолдау көрсету бағытындағы нақты қадамдарына тоқталды. Атап айтқанда, 2026 жылдан бастап бөлшек салық мөлшерлемесінің 2% деңгейінде бекітілуі жергілікті бизнес үшін маңызды шешім екені айтылды. Бұл аудан әкімдігі мен мәслихат депутаттарының кәсіпкерлердің нақты жағдайын ескеріп, ашық диалогқа дайын екенінің айқын көрінісі ретінде бағаланды.

Сонымен қатар, Палатаның бастамасымен облыс прокуроры мен облыс әкімінің кәсіпкерлерді жеке қабылдау тәжірибесі енгізіліп, оның барлық аудандарға, соның ішінде Хромтауға да кеңейтілгені атап өтілді. Биыл аудан аумағында өткен алты кездесуде кәсіпкерлер көтерген 22 мәселе қаралған. Кездесу барысында Дидар Боранқұлов Хромтау қаласында жүзеге асырылған «Өркен» жобасының нәтижелеріне де ерекше тоқталды. «Даму» Қоры, жергілікті атқарушы орган және ERG компаниясымен бірлесіп іске асқан бұл бағдарлама аясында 116 жоба қолдау тауып, моноқалада жаңа бизнес бастамалардың дамуына жол ашылған.

Сондай-ақ, кездесуге қатысқан «Даму» Қорының басшысы Айнагүл Ниязова қолданыстағы бағдарламалар бойынша түсіндіру жүргізсе, аудандық мемлекеттік кірістер бөлімі өкілдері бизнеске салық салу мәселелері бойынша ерекше назар аудару қажет негізгі тұстарды түсіндірді.

Іс-шара аясында аудан кәсіпкерлерінің еңбегі де назардан тыс қалмады. Кездесу барысында бірқатар кәсіпкерлерге, оның ішінде аудандық кәсіпкерлер кеңесінің мүшелеріне Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры атынан алғыс хаттар табысталды. Сондай-ақ Хромтау ауданының әкімі Нұрхан Тілеумұратовқа «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Райымбек Баталовтың атынан бизнесті дамытуға көрсеткен қолдауы, Кәсіпкерлер палатасымен тиімді ынтымақтастығы және «Өрлеу» бағдарламасын нәтижелі іске асырғаны үшін алғыс хат тапсырылды. Өз кезегінде аудан әкімі де бірқатар кәсіпкерлерді алғыс хаттармен марапаттады. Сонымен қатар Хромтау ауданының 90 жылдығына орай төсбелгі табысталып, марапатталғандардың қатарында аудандық Палата филиалының менеджер-кеңесшісі Күляйым Шляшева да болды.

Кездесу аясында фойеде аудан экономикасының негізгі бағыттарын қамтыған өнімдер көрмесі ұйымдастырылды. Онда тау-кен өндіру саласының өнімдері, күнбағыс майы, қышқыл-сүт өнімдері, нан-тоқаш бұйымдары, ауыз су және басқа да тауарлар ұсынылды. Көрмені аралау барысында кәсіпорын басшылары өз жетістіктерімен бөлісіп қана қоймай, өнімді ілгерілету немесе өндірісті кеңейту мәселелері бойынша кеңес алу мүмкіндігіне ие болды.

Іс-шара кәсіпкерлердің жеке қабылдауымен қорытындыланды. Қойылған сұрақтар негізінен өнім өткізу, мемлекеттік қолдау шаралары, қолжетімді несиелеу, салық мәселелеріне қатысты болды. Сонымен қатар аудан аумағында кен орындарын игеріп отырған ірі компаниялар басшыларымен өнім өндірушілердің тікелей сөйлесіп, әріптестік мүмкіндіктерін талқылауына жағдай жасалды.

Кездесуге Хромтау ауданының әкімі, аудан прокуроры, Ақтөбеден келген «Даму» қорының басшысы, Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының өкілі.

Мұндай кездесулер мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері үшін тиімді диалог алаңы екенін атап өту қажет. Аудан әкімдігі мен прокуратура кәсіпкерлерге әрдайым ашық болып, олардың мәселелерін шешуге белсенді қолдау көрсетуге дайын екендігін білдірді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174