«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Атамекен» ҰКП өкілдері Дүниежүзілік банктің халықаралық делегациясымен кездесті

2025 жылғы 21 Қараша
472 просмотров

Қазақстан бизнес-ортаны салық реформасы мен цифрландыру арқылы нығайтуда, алайда оның дамуына кедергі келтіретін тосқауылдар сақталуда.

Қазақстандағы реформаларды бағалауға және ілгерілетуге бағытталған стратегиялық диалог аясында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Антонио Нусифора бастаған Дүниежүзілік банк делегациясының кездесуі өтті.

Кездесу барысында Қазақстан Үкіметінің салық салу және цифрландыру салаларындағы батыл қадамдары, сонымен қатар жедел шешуді қажет ететін өзекті мәселелер талқыланды.

Дүниежүзілік банк өкілдері ел экономикасының дамуы мен бизнес пен мемлекет арасындағы өзара іс-қимылға қатысты сұрақтар қойды.

«Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркеновтың айтуынша, экономиканы ынталандырудың негізгі тетігі – Салық кодексін түбегейлі жаңарту. Реформаның мақсаты – жеке секторды, әсіресе шағын және орта бизнесті экономикалық өсудің басты қозғаушы күшіне айналдыру.

Бизнес жүргізуді жеңілдету және өзін-өзі жұмыспен қамтуды заңдастыру мақсатында платформалық жұмыспен қамту режимі енгізілуде. Бұл режим такси жүргізушілері, курьерлер және басқа да өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамларға арнайы мобильді қосымша арқылы ЖК тіркемей жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Шарты – жылдық табысы 15 млн теңгеден аспауы және 4% мөлшеріндегі төмен мөлшерлеме болуы керек.

«Оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы режим айтарлықтай кеңейтілді. Жылдық айналым шегі 2,4 млрд теңгеге дейін ұлғайтылып, ШОБ-тың елеулі сегментін қамтылды. Негізгі мөлшерлеме – 4%, өңірлік икемділік – 2%-дан 6%-ға дейін. Ең маңызды артықшылығы – ҚҚС-тан босату, бұл әкімшілендіруді жеңілдетіп, шығындарды азайтады», – деді Тимур Жаркенов.

Бизнесті реттеу департаментінің директоры Динара Ақынбекова елдің тұтас реттеу базасын қайта қарау бойынша жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыс туралы толық баяндап берді.

Оның айтуынша, экономиканың 44 секторының толық ревизиясы нәтижесінде бизнеске қойылатын нақты 128 мың талапты қамтитын 2,8 мыңнан астам нормативтік құқықтық акт талданған. Кәсіпкерлер қауымдастығымен бірлесіп, ескірген, қайталанатын және өзектілігін жоғалтқан 10 мыңнан астам талапты алып тастау жоспарланған.

«Артық нормалардың қайта жиналуына жол бермеу үшін реттеуші актілерді кейінгі талдау қағидасы енгізілді. НҚА екі жыл сайын, заңдар үш жыл сайын міндетті түрде қайта қаралады. Ең маңыздысы – кез келген жаңа талап енгізілгенде мемлекет оның нақты мақсатын айқындап, белгіленген мерзім өткен соң, жоспарланған нәтиженің орындалғанын тексеруге тиіс.

Бизнес жағдайын жақсартудың негізгі құралдарының бірі – реттеушілік әсерді талдау (РӘТ). Ол жаңа нормалардың кәсіпкерлер мен экономикаға қалай ықпал ететінін алдын ала бағалауға мүмкіндік береді. Бүгінде РӘТ қолмен жүргізіледі, бұл көп уақыт пен ресурсты талап етеді. Сондықтан оны автоматтандыру маңызды – бұл рәсімді жедел, ашық әрі объективті етеді. РӘТ институты формалды емес, нақты реттеу сапасын бақылау тетігі ретінде жұмыс істеуі қажет», – деп атап өтті сарапшы.

Айта кетейік, кәсіпкерлік қызметтегі кедергілерді жою мәселелері бойынша жүйелеу, мониторинг жүргізу және тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз ету мақсатында «Атамекен» ҰКП 2014 жылдан бері Кәсіпкерлік субъектілері проблемаларының тізілімін жүргізіп келеді.

Проблемалар тізілімінің негізгі мақсаты – бизнестің жүйелі мәселелерін есепке алу мен сүйемелдеудің бірыңғай электрондық тетігін ұйымдастыру және оларды шешу барысының ашықтығын қамтамасыз ету. Тізілім кәсіпкерлер үшін өзекті мәселелер бойынша ақпаратты жинақтауға және олардың қаралу мәртебесін мемлекеттік органдар, қауымдастықтар, кәсіпкерлер және басқа да мүдделі тараптар үшін бақылау мүмкіндігін қамтамасыз етеді.

Жүйелі проблемалар тізілімі екі деңгейде жұмыс істейді: республикалық және өңірлік.

2025 жылдың қарашасындағы жағдай бойынша республикалық тізілімде 1127 мәселе тіркелген, оның 892-сі немесе 79%-ы шешімін тапқан.

Бизнес проблемалары тізіліміндегі деректерге сәйкес, ең өзекті кедергілер келесі салаларда шоғырланған:

  • ауыл шаруашылығы, АӨК – 46 мәселе;
  • білім беру – 25 мәселе;
  • құрылыс және жер қатынастары – 20 мәселе.

Сонымен қатар, Кәсіпкерлік кодексін реформалау аясында цифрландыруға ерекше басымдық беріліп отыр. Ол жергілікті бизнестің үш негізгі проблемасын – қаржыландыруға, инфрақұрылымға және құзыреттерге қол жеткізу мәселесін шешудің тиімді тәсілі ретінде қарастырылады.

Бизнес пен мемлекеттің өзара іс-қимылын қамтамасыз ететін мемлекеттік қызметтердің маркетплейсі әрі бірыңғай цифрлық интерфейс болатын цифрлық картаны енгізу және интеграциялау жоспарлануда.

Жетістіктерге қарамастан, диалог барысында іскерлік ахуалды жақсартуға кедергі келтіретін бірқатар мәселе атап өтілді.

Мәселен, мемлекет қатысуының тым жоғары деңгейі және жобаларды қаржыландырудағы оның рөлін арттыру жоспары сарапшылар арасында алаңдаушылық тудырып отыр. Бұл коммерциялық банктердің белсенділігін төмендетіп, әділ бәсекелестікке қауіп төндіреді.

Нақты секторды банктер арқылы қаржыландыру жеткіліксіз, ал микро-бизнеске қолдау жеткізуге ең қабілетті институттар – микрокаржы ұйымдары мемлекеттік бағдарламалардан толықтай шеттетілген.

Сарапшылардың айтуынша, депутаттық бастамамен енгізілетін нормалар, сондай-ақ салық заңнамасындағы өзгертулер көбіне міндетті талдаудан тыс қалады. Мұндай практика мемлекеттік органдарға бақылауды айналып өтуге және бизнеске ауыртпалық түсіретін талаптарды енгізуге мүмкіндік береді.

Соған қарамастан, «Атамекен» өзіне заңды түрде берілген заңнамалық актілерді келісу құқығын пайдалана отырып, тәуелсіз сарапшыларды тарту арқылы дәйекті деректер мен дәлелдерді ұсынуды жалғастыруда. Бұл елдегі бизнестің ең өзекті мәселелерін бақылауда ұстап, жедел шешімін табуға мүмкіндік береді.

Кездесу соңында делегация өкілдері сындарлы диалог үшін алғыс айтып, «Атамекеннің» мемлекет пен кәсіпкерлер арасындағы көпірді нығайту жолындағы жұмысына табыс тіледі.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174