«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Алкоголь сатуға тыйым: Үкімет ІІМ бастамасы мен бизнес тәуекелін таразылауда

2025 жылғы 15 Қазан
496 просмотров

Елдегі 175 мыңнан аса дүкен табысының көп бөлігін жоғалтуы мүмкін, деп мәлімдеді «Атамекен» ҰКП сарапшысы.

Жуырда Қазақстан Үкіметі Ішкі істер министрлігінің қарапайым дүкендер мен супермаркеттерде, сондай-ақ интернет арқылы алкоголь өнімдерін бөлшек саудада сатуға тыйым салу жөніндегі бастамасына пікір білдірді.

Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмриннің айтуынша, бұл мәселе бойынша түпкілікті шешім қабылданған жоқ, бастама барынша талқыланып жатыр.

ІІМ бастамасы масаң күйде жасалатын қылмыстар деңгейін төмендетуге бағытталған. Ведомство басшысы алкоголь өнімдерін тек мамандандырылған дүкендерде (алкомаркеттерде) сатуға рұқсат беруді, лицензия беру талаптарын күшейтуді және онлайн-саудаға толық тыйым салуды ұсынды.

Министрлік қолданыстағы шектеу шаралары тиімсіз деген пікірде, өйткені кейбір жосықсыз кәсіпкерлер алкогольді тәулік бойы дәмхана ретінде немесе онлайн-жеткізу арқылы сатып, шектеулерді айналып өтуде.

ШОБ-қа соққы және көлеңкелі нарықтың өсуі

Өз кезегінде бизнес-қауымдастық өкілдері аталмыш бастаманың экономикалық салдарына қатысты алаңдаушылық танытып отыр.

«Елімізде 175 мыңнан астам дүкен бар, олар табысының көп бөлігінен айырылуы мүмкін. Алкоголь – жоғары маржамен (20-25%) сатылатын аз тауардың бірі. Оны сатуға тыйым салу шағын және орта бизнестің таза кірісінің 70%-на дейін жоғалтуына әкеліп, жұмыс орындарының жойылуына ықпал етуі мүмкін», – деді «Атамекен» ҰКП ШОБ комитетінің мүшесі Марина Бошель.

Сарапшылардың пікірінше, қарапайым дүкендерде алкоголь сатуға толық тыйым салу заңсыз сауданың артуына және нарықтағы ірі кәсіпкерлердің монополиясына алып келуі мүмкін.

Қазір ІІМ  бастамасы Үкіметте талқылану сатысында. Онда аталмыш тыйымның барлық экономикалық және әлеуметтік салдары түгел зерделеніп, бағалануға тиіс.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174