«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қысымның орнына – диалог: Кеңес бизнес пен мемлекеттің өзара түсінісуіне қалай көмектеседі

2025 жылғы 09 Қазан
- Ақтөбе облысы
376 просмотров

Ақтөбе облысында соңғы кезде жиі айтылады: бизнеске қарсы шығу емес, онымен сөйлесу керек. Өйткені кәсіпкер үшін қолдау маңызды, ал қысым керісінше, дамуға кедергі келтіреді. Осындай ашық диалог орнаған алаңдардың бірі – Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес.

Кеңестің жұмысы мен нәтижелері туралы Кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бөлімінің сарапшысы Жанар Скендирова айтып берді.

 

– Жанар Мұратбекқызы, бүгінде бизнес пен мемлекеттің арасындағы диалог неге соншалықты маңызды тақырыпқа айналды?

– Себебі сенімсіз даму болмайды. Кәсіпкер өз пікірінің естілетінін, ал құқығын қорғайтын нақты тетік бар екенін білсе, ол инвестиция салудан, өндірісті кеңейтуден, жаңа жұмыс орындарын ашудан қорықпайды. Алайда кейде әкімшілік кедергілер, даулы жағдайлар, тіпті әділетсіз шешімдер де кездеседі. Осындай сәттерде бизнестің жалғыз қалмауы үшін Палата жанынан Кеңес құрылған. Ол шынайы қорғау құралына және ашық диалог алаңына айналды.

 

– Демек, Кеңес – жай ғана формалдылық емес, нақты жұмыс істейтін орган ғой?

– Дәл солай. Кеңес – бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы көпір. Біз тек шағымдарды ғана емес, сонымен қатар заңнаманы жетілдіру, әкімшілік кедергілерді азайту, құқық бұзушылықтың алдын алу жолдарын да талқылаймыз. Біздің мақсат – қарсыласу емес, өзара түсіністік пен әріптестік орнату.

 

– Кеңестің құрамына кімдер кіреді?

– Төрағасы – кәсіпкер, қалалық мәслихат депутаты Ұлан Қозыбақов.
Құрамында прокуратура, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, Экономикалық тергеп-тексеру департаменті, Мемлекеттік кірістер департаменті, Құқықтық статистика басқармасы, полиция, кәсіпкерлік басқармасы, мәслихат, Бәсекелестікті қорғау агенттігі, заңгерлер қауымдастығы, кәсіпкерлер бірлестіктері, медиаторлар және БАҚ өкілдері бар. Осындай кең өкілдіктің арқасында Кеңес барлық тараптың пікірін ескере отырып, нақты шешімдер қабылдайтын тиімді алаңға айналды.

 

– Биылғы жылдың нәтижелері қандай?

– Тоғыз айда тоғыз отырыс өтті, оның бірі – көшпелі. Барлығы 20 мәселе қаралды: тоғыз мәселе оң шешімін тапты, қалғандары бойынша жұмыс жалғасып жатыр.
Әр санның артында – нақты кәсіпкерлер мен нақты компаниялар бар. Кеңес тек талқылап қана қоймай, бизнес құқығын қалпына келтіруге нақты ықпал етіп келе жатқанын дәлелдеді.

 

– Мысал келтіре аласыз ба?

– Мысалы, «Коттеджный городок Арман» ЖШС бойынша жағдай ерекше болды. Ақтөбе қаласының жаңа Бас жоспарына енгізілген қайшылықтарға байланысты тұрғын үй кешенінің құрылысы тоқтап қалды. Кеңесте мәселе қаралып, ұсыныстардан кейін әкімдік Бас жоспарға түзетулер енгізу бастамасын көтерді. 2025 жылдың маусымында қоғамдық тыңдаулардан соң мәселе шешіліп, құрылыс қайта жанданды.
Бұл – бизнестің мүддесін қала құрылысы талаптарымен үйлестіруге болатындығын көрсеткен мысал.

 

– Инвесторларға да көмек көрсетесіздер ме?

– Әрине. Мысалы, фармацевтикалық жоба жүзеге асырып жатқан «ТК Фарм Ақтөбе» компаниясы ұзақ уақыт жер телімін рәсімдей алмай келді. Кеңестің араласуынан кейін инвесторға баламалы жер телімі беріліп, жоба жалғасын тапты, жұмыс орындары сақталды.

 

– Мүліктік даулар да кездеседі ме?

– Иә, болады. «SMARTEX DF» компаниясы жер алу және электр желісіне қосылу мәселесінде қиындыққа тап болды. Кеңестің қарауынан кейін шешімдер қайта қаралып, кәсіпорынның шамамен 25 миллион теңге көлеміндегі мүліктік құқықтары қалпына келтірілді.

 

– Кеңес мемлекеттік сатып алу мәселелерін де қарай ма?

– Иә. Кейде бизнес техникалық ұсақ қателіктердің кесірінен зардап шегеді. Мысалы, «KA Building Group» компаниясының тендер өтінімі болмашы қате үшін қабылданбаған. Кеңес қарағаннан кейін тапсырыс беруші өтінімді заңды деп таныды. Бұл – адал бәсекелестікті қорғаудың нақты мысалы.

 

– Сіздер жүйелі мәселелермен де айналысасыздар дедіңіз. Бұл нені білдіреді?

– Бұл – тұтас салаларды қамтитын мәселелер. Мысалы, автогаз құю станцияларын жоспардан тыс тексеру жағдайларын талқыладық. Біз тексерулер тек расталған бұзушылықтар болған жағдайда және прокуратураның келісімімен ғана жүргізілуі тиіс екенін атап өттік. Кеңестің ұсынымдарынан кейін мемлекеттік органдар өз тәсілдерін түзетіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Соның нәтижесінде бизнеске артық қысым көрсетудің алдын алдық.

 

– Демек, Кеңестің қызметі тек қорғау емес, алдын алу бағытында да маңызды ғой?

– Дәл солай. Біз мәселені дауға айналдырмай, ертерек шешуге тырысамыз. Ең бастысы – диалог пен барлық тараптың қатысуы. Біздің мақсатымыз – бизнестің алаңсыз жұмыс істеуі және мемлекеттің кәсіпкерді серіктес ретінде көруі.

 

– Кеңестің жұмысы өңірдегі бизнес ахуалына қалай әсер етті деп ойлайсыз?

– Кеңестің жұмысының арқасында бизнес пен билік арасындағы қарым-қатынас ашығырақ әрі сенімдірек бола түсті. Кәсіпкерлер өздерін тыңдайтынын, көмектесетінін көруде. Бұл сенім мен даму серпінін қалыптастырады. Ал бұл өз кезегінде жаңа жобаларға, инвестиция мен жұмыс орындарының артуына жол ашады. Біз сенеміз: диалог – қысымнан тиімді, ал өзара құрмет – кез келген әкімшілік ресурсқа қарағанда мықты негіз.

 

– Сұхбат үшін рақмет, Жанар Мұратбекқызы

– Рақмет. Біз сенеміз: тек ашық диалог арқылы ғана әділ әрі айқын іскер орта қалыптастыруға болады. Онда ұтатындар –бизнес те, мемлекет те.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174