«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Алтайда кәсіпкерлер ауыл шаруашылық компаниясын қайта тіркей алмай жүр

2025 жылғы 02 Қазан
- Шығыс Қазақстан облысы
312 просмотров

Алтай ауданында ШҚО Кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің көшпелі отырысы өтті. Жиында мемлекеттік қайта тіркеуден бас тартылған ауыл шаруашылығы кәсіпорнына қатысты даулы жағдай қаралды.


Компания өкілдерінің айтуынша, жауапкершілігі шектеулі серіктестік қатысушылар құрамының өзгеруіне байланысты қайта тіркеуден өту үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ аудандық тіркеу және жер кадастры бөліміне өтініш берген.


Алайда оларға бас тарту туралы жауап келді. Себеп ретінде — «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу туралы» Заңда көзделген құжаттардың болмауы көрсетілген. Яғни, орта және ірі кәсіпкерлік субъектілеріне қойылатын қосымша талаптар ұсынылған: шетелдік қатысушылардың төлқұжаттарының нотариалды расталған аудармасы, тіркеу құқығы туралы құжаттар, тіпті уақытша тұруға рұқсат.


«Біздің серіктестік – шағын кәсіпкерлік субъектісі. Бізге неге орта және ірі бизнеске арналған талаптар қолданылып жатқанын түсінбей отырмыз», – деді ЖШС өкілдері.


Компания Алтай ауданында 2004 жылдан бері жұмыс істейді, негізгі қызметі – астық және бұршақ дақылдарын өсіру, соның ішінде тұқым шаруашылығы.
Бүгінде серіктестікте 45 қатысушыны ауыстыру қажет, олардың үшеуі – мұрагерлік арқылы үлес алған Ресей азаматтары.
Алайда жаңа иелерінің Қазақстанға келіп, заң талап ететін барлық құжаттарды жеке өзі рәсімдеуге мүмкіндігі жоқ. Соның салдарынан кәсіпорын ресми түрде қайта тіркеуді аяқтай алмай, қалыпты жұмыс істеуін тоқтату қаупі бар.


«Біз шарасыз күйдеміз. Осы жағдайға байланысты мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктерді пайдалана алмай отырмыз, несие де ала алмаймыз. Үш жылдан бері әуре болдық», – дейді кәсіпкер.


Отырыс барысында мәселені шешудің мүмкін жолдары талқыланды.
Алтай ауданы прокуратурасы азаматтық тәртіппен сотқа жүгініп, үлестерді иеліктен шығару туралы талап қою нұсқасын ұсынды.
Ал ШҚО бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» филиалының заңды тұлғаларды тіркеу басқармасының басшысы Әлия Дүзбаева ҚР Азаматтық кодексінің 60-бабы, 6-тармағына сілтеме жасай отырып, басқа жолды ұсынды.


«ЖШС-де шетелдік қатысушылардан берілген бас сенімхаттар бар. Егер тараптар келіссе, олар өз үлесінен бір қатысушының пайдасына бас тарта алады. Бұл үшін жиналыс өткізіп, шешімді хаттамамен бекіту жеткілікті. Сонда қайта тіркеу үшін бұл тұлғаларға қатысты құжаттар қажет болмайды», – деді Әлия Дүзбаева.


Талқылау қорытындысы бойынша, Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау кеңесі «Снегеревское» ЖШС-нің өтінішін қайта қарастыруды «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ-на ұсынды.
Сондай-ақ, ШҚО Кәсіпкерлер палатасы қайта тіркеу рәсімін қадағалауға алып, мәселе толық шешілгенге дейін бақылауда ұстайтынын жеткізді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174