«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Алматы Қазақстан–Литва бизнес-форумы мен Іскерлік кеңестің алаңына айналды

2025 жылғы 01 Қазан
1172 просмотров

2025 жылғы 1 қазанда Алматы қаласында Қазақстан–Литва бизнес-форумы мен «Қазақстан – Литва» Іскерлік кеңесінің отырысы өтті. Іс-шара екіжақты ынтымақтастықтың перспективаларын, инвестицияларды тартуды және логистикалық бағыттарды дамытуды талқылауға арналған маңызды алаңға айналды.

Отырыста 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Литва арасындағы тауар айналымы 152,6 млн АҚШ долларын құрағаны атап өтілді. Қазақстан Литваға минералдық ресурстар мен өңдеу өнеркәсібі өнімдерін экспорттайды, ал Литва Қазақстанға машина, жабдық, химия өнімдері және жеңіл өнеркәсіп тауарларын жеткізеді. Тараптар экспорттық-импорттық әлеуетті арттыру мақсатында деректер базасымен алмасу және экономиканың барлық негізгі салаларында қызметтерді цифрландыру бойынша бірлесіп жұмыс істеу қажеттігін жеткізді.

Ерекше назар қазақстандық HILL Corporation компаниясының Литвада майлау материалдары зауытын салу инвестициялық жобасына аударылды. Сонымен қатар, Қазақстанда Литваның бірқатар компаниялары табысты жұмыс істеуде – теміржол тасымалдарының көшбасшысы LTG Cargo, IT-компания Sigma Telas, сусын өндіруші Libella Bottlers Almaty, сондай-ақ логистика, құрылыс, кредиттеу және қызмет көрсету салаларындағы кәсіпорындар.

Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының Басқарма төрағасы Мұрат Қарымсақов:

«Жаһандық логистика трансформациясы мен геосаяси сын-қатерлер жағдайында Литва Қазақстанның Еуропадағы негізгі серіктестерінің бірі болып қала береді. Біз ынтымақтастықты жандандыруды қолдаймыз және бизнес пен екі елдің мемлекеттік органдары арасында тұрақты диалог алаңын құруға дайын екенімізді білдіреміз. Бұл тек көлік және логистика саласында ғана емес, сондай-ақ жасыл экономика, өнеркәсіп, цифрландыру, ауыл шаруашылығы, туризм және басқа да салаларда жүзеге асырылуы тиіс», - екенін атап өтті.

Сонымен бірге Мұрат Қарымсақов қазақстандық экспорттың «еуропалық қақпасы» ретінде Клайпеда теңіз портын пайдалану жөніндегі литвалық тараптың жоғары қызығушылығын атап өтті. Бұл ұсыныс Каспийдегі Ақтау мен Құрық порттарын мультимодальды логистикалық орталықтарға айналдыруға бағытталған қазақстандық жоспарлармен үйлеседі. 2025 жылдың алғашқы 8 айының қорытындысы бойынша Құрық порты арқылы Литва бағытына 11,6 мың тонна жүк тиелді (2024 жылдың 8 айында – 10 021 тонна).

Көлік саласындағы ынтымақтастық аясында Литвадан Қазақстан аумағы арқылы автокөлікпен өтетін транзиттік жүк тасымалдарының өсуіне ерекше назар аударылды. 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында бұл көрсеткіш 3 еседен астам өсіп, 9,5 мың тоннаны құрады (2024 жылдың сәйкес кезеңінде – 2 909,3 тонна). 2024 жылы да транзиттік тасымал көлемі 2023 жылмен салыстырғанда 3 еседен аса артып, шамамен 8 мың тоннаны құрады (7 943,8 тонна қарсы 2 678,7 тонна).

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы жүйелі диалогты жалғастыруға, көлік дәліздерін дамытуға және бірлескен инвестициялық жобаларды құруға дайын екендіктерін білдірді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174