Кәсіпкерлер палатасы мен ТжКБ жүйесінің ортақ мақсаты – еңбек нарығына қажетті білікті мамандарды даярлап, өңір экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз ету
2025 жыл Қазақстанда Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланып, осыған орай алғаш рет 2 қазан – техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру қызметкерлерінің күні ресми түрде аталып өтеді. Бұл мереке – еліміздің экономикалық өсімі үшін маңызды мамандарды даярлаудағы техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің айрықша рөлін көрсетеді.
Ақтөбе облысының Кәсіпкерлер палатасы колледждермен бірлесіп, еңбек нарығына қажетті білікті кадрларды даярлау бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Әсіресе дуальды оқыту жүйесі – бизнес пен білімді ұштастырып, жастардың кәсіби шыңдалуына мүмкіндік беруде. Қазірдің өзінде «Жол картасы» жобасы аясында 60 мамандық, 87 біліктілік бойынша 28 колледж және 1200-ден астам кәсіпорын бірігіп, 6 мыңға жуық студентті дайындауда.
«Жұмысшы мамандықтары – өңірдің дамуының іргетасы. Олардың сапасына өнеркәсіптің, ауыл шаруашылығының, қызмет көрсету саласының тиімділігі тікелей байланысты. Біз бизнес пен колледждердің өзара байланыста жұмыс істеп, мамандарды нарық сұранысына сай даярлауына ұмтыламыз», – дейді Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов.
Облыс еліміздің индустриалды орталықтарының бірі болғандықтан, білікті жұмысшы кадрларға сұраныс жоғары. Палата жүргізген өңірлік сауалнамаға 2,5 мың кәсіпорын қатысып, оның ішінде 470 кәсіпорын 5100 маманға қажеттілігін білдірді. Аталған деректер 2025–2026 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын бөлу комиссиясы отырысында пайдаланылды. Соның нәтижесінде 7390 орын бөлінді (оның ішінде 1100 – республикалық бюджет есебінен, 6290 – жергілікті бюджеттен).
Бұған қоса, қосымша 240 орын және бакалавриатқа 40 грант қарастырылды.
Биыл алғаш рет Палата Өңірлік кеңестің қолдауымен «Кәсіби маман» байқауын өткізді. Дуальды оқытуға үлес қосқан үздіктер анықталып, республикалық кезеңге жолдама алғандардын қатарында:
- «Үздік кәсіпорын» – «Дөң тау-кен байыту комбинаты» (ТНК «Қазхром» АҚ филиалы);
- «Үздік колледж» – Хромтау тау-кен техникалық жоғары колледжі;
- «Үздік өндірістік тәлімгер» – «Шинторг-Центр» ЖШС техникалық директоры Вадим Фаткуллин.
Бұл байқау – еңбек адамының мәртебесін көтерудің, сондай-ақ бизнес пен білім беру ұйымдары арасындағы тиімді әріптестіктің жарқын үлгісі болды.
Бүгінде облыс бойынша 38 колледж жұмыс істейді, олардың барлығы да еңбек нарығының сұранысына сай кадр дайындауға үлес қосуда.
Сондықтан, жаңа атаулы күн – педагогтар мен өндірістік оқыту шеберлерінің кәсіби мерекесі ғана емес, сонымен бірге мемлекеттің адами капиталды дамытуға баса назар аударуының айғағы. Жұмысшы мамандықтары жылы аясындағы бұл бастама Қазақстанның болашағы білікті мамандардың қолымен қалыптасатынын тағы бір мәрте дәлелдеп отыр.
Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасы техникалық және кәсіптік білім беру саласының барлық қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, өңір экономикасы үшін кадрлар даярлау жолындағы еңбектеріне сәттілік тілейді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: