«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Қазақстанның үздік тауары»: Қарағандыда өңірлік кезеңнің жеңімпаздары анықталды

2025 жылғы 20 Қыркүйек
- Қарағанды облысы
145 просмотров

Қарағандыда республикалық «Қазақстанның үздік тауары – 2025» көрме-байқауының өңірлік кезеңі өтті. Мемлекеттік және сервистік қызметтер орталығында облыстың 60-тан астам кәсіпорны өз өнімдерін ұсынды. Іс-шара өңір бизнесінің жетістіктерін таныстырумен қатар жаңа әріптестік орнатып, идеялар алмасатын маңызды алаңға айналды.

Көрменің ашылу және марапаттау рәсіміне Қарағанды облысының әкімінің орынбасары Ермек Алпысов, өңірлік кеңес мүшелері, мемлекеттікоргандардың өкілдері, бизнес-қауымдастық және басқа да құрметті қонақтар қатысты. Қонақтар өнімдермен танысып, олардың сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін ерекше атап өтті.

Ермек Амантайұлы өңірде өнеркәсіп өндірісінің көлемі тұрақты өсіп келе жатқанын әрі шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға барлық жағдай жасалып жатқанынайтты. 

«Мемлекет басшысы отандық өндірісті қолдауға әрдайым ерекше назар аударады. Бүгінгі көрмеге облыстың 60-тан астам кәсіпорны қатысып отыр, олардың көпшілігі – шағын және орта бизнес өкілдері. Олардың өнімдері нарықта сұранысқа ие, бәсекеге төтеп береді әрі өңір мен ел экономикасына қомақты үлес қосуда. Бұл байқау өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға, өткізу нарығын кеңейтуге және отандық өнімнің имиджін нығайтуға мүмкіндік береді», – деді Ермек Амантайұлы.


Көрмеде халық тұтынатын тауарлар мен азық-түлік өнімдерінен бастап, ауыр өнеркәсіп пен машина жасау саласына дейінгі өнімдер ұсынылды. Келушілер тауарларды өндірушілерден тікелей сатып алу мүмкіндігіне ие болды.

Байқаудың қорытындысы бойынша үш номинациябойынша жеңімпаздар анықталды.


«Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясында PROTEC салқындатқыш сұйықтығын шығаратын отандық өндіруші «Азия-СМ» ЖШС, теміржол саласына арналған жабдықтар шығаратын «Drive Industry» ЖШС және Yutong автобустары мен Howo маркалы коммерциялық техника өндіретін заманауи зауыт «QazTehna» ЖШС жеңімпаз атанды.

«Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясындаArtel және Samsung брендтерімен теледидар мен кір жуғыш машиналар өндіретін «Silk Road Electronics» ЖШС, 90-нан астам тұрмыстық химия өнімін шығаратын «WEC Trade» ЖШС және BRILLER брендімен лак-бояу өнімдерін өндіретін «Темір-Барс Теміртау» ЖШС лауреат атанды. Аталмыш зауыт 2023 жылы 200 тонна өнім шығарса, 2025 жылы көлемін 500 тоннаға дейін ұлғайтты.

"Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясында қазақстандықтарға кеңінен танымал сүт өнімдерімен «Нәтиже Сүт Фабрикасы» ЖШС, 40 жылдық тарихы бар, жылына 50 мың тоннаға дейін нан-тоқаш және кондитерлік өнім шығаратын кәсіпорын «Қарағанды-Нан Корпорациясы» ЖШС,сондай-ақ 2014 жылдан бері 85-тен астам ет өнімдерін – шұжық, сосиска және деликатес өндіретін «Мецгер Шұжық Цехы» ЖШС үздік деп танылды.

Бұдан бөлек, Қарағанды облысы әкімінің «Сапа саласындағы жетістіктері үшін» арнайы сыйлығы кабель өнімдері нарығының көшбасшысы, елімізде алғашқылардың бірі болып LAN және талшықты-оптикалық кабельдер өндірісін жолға қойған «KAZCENTRELECTROPROVOD» ЖШС-ға табысталды.


Кәсіпорын өкілдері беделді байқаудағы жеңіс жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын атап өтті. 

«Бұл – еңбегіміз бен өнім сапасына берілген жоғары баға. Байқауға қатысу бізге өзімізді танытып, тұтынушылар сенімін нығайтуға мүмкіндік берді», – деді «WEC Trade» ЖШС бас директоры Вячеслав Цой.


Көрме-байқау Қарағанды облысы әкімдігі мен Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен өтті. Палата директоры Ернар Күлпейісов айтуынша, жеңімпаздардың табысы өңірдің өнеркәсіптік және кәсіпкерлік әлеуетін тағы да дәлелдейді.

«Көрме – бизнеске өзін таныстыруға және жаңа байланыстар орнатуға мүмкіндік беретін алаң. Бүгінгі жеңімпаздардың республикалық деңгейде өңірді лайықты таныстыратынына сенімдімін. Ал, Палата өз кезегінде бизнес-климатты жақсартуға, импортқа тәуелділікті азайтуға және жергілікті өндірушілерді қолдауға бағытталған жұмысын жалғастырады», – деді Ернар Дауылұлы.


Анықтама үшін, «Қазақстанның үздік тауары» байқауы Президенттің «Алтын сапа» сыйлығымен қатар 2006 жылдан бері өткізіліп келеді. Осы уақыт ішінде ол отандық өндірушілерді ілгерілетудің басты алаңдарының біріне айналды. Қарағандылық компаниялар республикалық кезеңде бірнеше рет лауреат атанған. Олардың қатарында «REN-Milk», «Бёмер Арматура», «Мэйкер», AV Group, «Каз-Метиз», Қарағанды металл бұйымдары зауыты және басқа да кәсіпорындар бар.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174