«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Атырауда жергілікті өндірушілер өз өнімдерін бизнес серіктестік форумы аясында таныстырды

2025 жылғы 24 Шілде
- Атырау облысы
859 просмотров

Жылыой ауданының Құлсары қаласында «Жылыой ауданы мен бизнес серіктестері арасындағы ынтымақтастықты дамыту» тақырыбында форум ұйымдастырылды.

Іс-шараға жалпы 200-ге жуық адам қатысты. Ауданның 40 кәсіпкері ірі өндірістік компанияларға өз өнімдерін ұсыну мүмкіндігін алды.

Форум Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы және Жылыой ауданы әкімдігі ұйымдастыруымен, сондай-ақ «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен жүзеге асырылды.

«Форумның басты мақсаты – жергілікті кәсіпкерлер мен ірі өндірістік кәсіпорындар арасындағы серіктестікті нығайту, сондай-ақ жергілікті тауар өндірушілерге «Теңізшевройл» сынды ірі компанияларға өз өнімдерін таныстыру мүмкіндігін беру. Бұл форум алғаш рет ұйымдастырылып отыр, бірақ оны тұрақты түрде өткізу туралы ұсыныс айтылды. Біз осы мүмкіндікті қарастыратын боламыз», – деді Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Суюнбаев.

Іс-шараның ашылуында Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова форумның кәсіпкерлер ғана емес, ауданның экономикасы үшін де маңыздылығын атап өтті.

«Бұл форум кәсіпкерлер үшін үлкен мүмкіндік. Олар өз өнімдерін таныстырып, ірі компаниялармен ынтымақтастық орната алады. Мұндай кездесулер аудан экономикасының дамуына оң әсер етеді», – деді аудан әкімінің орынбасары.

Іс-шараға ТОО «Теңізшевройл», «Еуразия Орталық Азия» қоры, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, Аграрлық несие корпорациясы, «EUSS» компаниясы, сондай-ақ облыстық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы басқармаларының өкілдері қатысты.

Қатысушылар шағын және орта бизнесті қолдау, мемлекеттік бағдарламалар және жергілікті өндірушілермен серіктестік туралы ақпаратпен алмасып, пікір алмасты.


 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер