Семейде ұлттық өнімдерге арналған креативті-әлеуметтік кеңістік ашылды
Семей қаласының орталығында «Абай елінен сарқыт» атты креативті-әлеуметтік кеңістік дүкені ашылды. Жаңа форматтағы бұл кеңістік — ұлттық құндылықтарды дәріптеп, жергілікті кәсіпкерлердің табиғи әрі қолдан жасалған өнімдерін насихаттауға, оларды тұтынушыға тікелей жеткізуге арналған ерекше алаң.
Аталмыш жобаның ашылу салтанатына өңір кәсіпкерлері мен бірқатар мәртебелі қонақтар қатысты. Атап айтқанда, Жұмыспен қамту және шағын, әйелдер кәсіпкерлігін дамыту департаменті директорының орынбасары Е.Ә. Өмірзақ, Абай облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры М.А. Сүйчинов, «AMANAT» партиясы Абай облыстық филиалының төрағасы А.С. Садырбаев, Жапонияның халықаралық ынтымақтастық агенттігінің (JICA) бас кеңесшісі Харагучи Ахикаса және «Бір ауыл – бір өнім» жобасының Қырғызстандағы төрайымы Н.Еркінбаева шараға арнайы қатысып, жобаның маңыздылығына тоқталды.
Бұл дүкен – тұтынушы мен жергілікті өндірушіні тікелей байланыстыратын көпір ғана емес, сонымен қатар ұлт болмысы мен дәстүрін жаңғыртуға бағытталған рухани бастама. Жоба арқылы ауыл-аймақтардағы кәсіпкерлердің әлеуеті ашылып, олардың өнімдері тұрақты сауда сөресіне ие болып отыр. Шара барысында сөз алған мәртебелі меймандар да мұндай кеңістіктердің өңірлік кәсіпкерлікті қолдаудағы, әсіресе әйелдер мен жастар бизнесін дамытудағы рөлі ерекше екенін атап өтті.
Абай облысы Кәсіпкерлер палатасы мен «ADAL-AS Trade» компаниясының ұйымдастыруымен жүзеге асқан жоба аясында Абай облысының түрлі аудандарынан 40-қа жуық өнім тұтынушылардың назарына ұсынылған. Олардың қатарында «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысушылардың да туындылары бар. Бұл – өңір шеберлерінің бір ортада бас қосып, тәжірибе алмасуына, жаңа идеялар туғызуына мүмкіндік беретін кеңістік қана емес, сонымен қатар әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытудың заманауи үлгісі.
«Абай елінен сарқыт» кеңістігінің ұйымдастырушылары алдағы уақытта дүкен аясын кеңейтіп, өңір кәсіпкерлерін қолдауға бағытталған жаңа жобаларды іске қосуды көздеп отыр.
Бұл бастамалар – өңірлік кәсіпкерлік пен ұлттық мұраның өзара үйлесім таба алатынын көрсететін жарқын мысал. «Абай елінен сарқыт» кеңістігі – тек сауда орны емес, ұлттық рух пен жергілікті қолтаңбаның тоғысқан тұғыры болмақ.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: