«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Балық шаруашылығының жаңа бағыты: Қазақстанға акваөсіру туралы жаңа заң не үшін қажет?

2025 жылғы 16 Шілде
1149 просмотров

Мемлекет басшысы «Акваөсіру туралы» заңға қол қойды. Бұл заң балық шаруашылығы саласын заманауи, тиімді әрі экологиялық қауіпсіз ете ала ма?

Соңғы жылдары мемлекет басшысы өз жолдауларында экономиканың өсуіне кедергі келтіретін шектеулер тақырыбын сан рет көтерді. Олардың қатарында су ресурстарының тапшылығы, оларды тиімсіз пайдалану, ескірген суару жүйелері, шикізатқа қол жеткізудегі қиындықтар және әкімшілік рәсімдер бар. Аталмыш мәселелер аграрлық салада, әсіресе балық өсіру ісінде ерекше байқалады. Орасан зор әлеуетіне қарамастан, бұл салаға көп көңіл бөлінбей келді.

12 маусымда балық шаруашылығын дамытуға нақты бағыт-бағдар беретін «Акваөсіру туралы» заңға қол қойылды. Құжат тек әкімшілік процестерді жетілдіруге ғана емес, сонымен қатар бизнесті тарту және қолдау үшін жағдай жасауға бағытталған. Басты назар заманауи, тиімді әрі экологиялық қауіпсіз жағдайлар жасауға аударылады.

Енді заңнамада акваөсіру субъектілерінің қызмет түрлері нақты жазылып, су тоғандарына қарай халықаралық, республикалық және жергілікті деп бөлінді. Бұл тәртіп орнатуға және саланы неғұрлым жоспарлы дамытуға мүмкіндік береді.

Инвесторларды қолайлы жағдайлар қызықтыруы мүмкін. Енді стандартты шаруашылықтардың су тоғандары конкурстық негізде, ал ірі жобаларды іске асыру үшін конкурстан тыс берілетін болады.

Алайда, кәсіпкерлер жобаның шынайы екенін растауы тиіс: бизнес-жоспар, жаңа кәсіпорындарды салу немесе қолданыстағыларды жаңғырту жөніндегі жоспарларын ұсынып, қаржының бар екенін растауы керек.

Жобаға кіру шегі — жаңа құрылыс үшін 550 млн теңгеден, ал жаңғырту мен кеңейту үшін 370 млн теңгеден басталады.

Сонымен қатар, заң мемлекеттік қолдау шараларының тұтас топтамасын ұсынады:

  • Шығындарды субсидиялау;
  • Жеңілдікпен несиелендіру;
  • Тәуекелдерді сақтандыру;
  • Салықтық жеңілдіктер;
  • Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету;
  • Субсидияның жаңа түрі — балық өсіру үшін су беру қызметтерінің ақысын төлеу.

Жаңа жүйенің негізгі жаңалықтарының бірі — ақпараттық мониторинг платформасын құру. Ол Президент жолдауын орындау аясында әзірленген және саланың даму динамикасын, қолдау шараларын, су тоғандарын паспорттауды, конкурстардың нәтижелерін және қатысушылардың тізілімін көрсететін болады. Бұл кәсіпкерлер үшін сервистік модель бола отырып, осы саладағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін бақылауды қамтамасыз етеді.

Заңның қабылдануы бірден 14 заңнамалық актіге әсер еткенін атап өткен жөн. Мәселен:

  • Жер кодексінде енді су қоры жерлерін акваөсіру мақсатында пайдалану мүмкіндігі қарастырылған. Мұндай учаскелерді жалдау мерзімі 49 жылға дейін ұзартылды.
  • Орман кодексі мемлекеттік орман қоры жерлерінде балық өсіру объектілерін орналастыруға рұқсат береді.
  • Экологиялық кодекске өзгерістер енгізіліп, биоресурстарды пайдалану лимиттері мен квоталары қайта қаралды.
  • Кәсіпкерлік кодекс енді балық өсірушілерді қолдаудың ерекше тетіктерін ескереді.

Сондай-ақ, «Астық туралы» заңда акваөсіру қажеттіліктері үшін жемшөп қорын қалыптастыру, ал «Электр энергетикасы туралы» заңда қайта өңдеушілер үшін инвестициялық тариф тетігі бекітілген.

Басқа да жаңашылдықтарды ерекше атап өтуге болады. Мәселен, егер компания жер қойнауын пайдалануды аяқтаса, оның жерді пайдалану құқығы тоқтатылуы мүмкін. Ал агрохимиялық зерттеу жұмыстары енді мамандандырылған республикалық мемлекеттік кәсіпорын құзыретіне тапсырылды.

Ауыл шаруашылығы министрлігі заңға тәуелді актілерді, соның ішінде ауыл шаруашылығы жерлерін жалға беру ережелерін қайта қарау арқылы өзектендіруге кірісіп кетті.

Жалпы, «Акваөсіру туралы» заң – бизнес-қауымдастықтың табанды әрі жүйелі жұмысының жемісі болып отыр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер