«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Үлескерлік құрылыста қандай өзгерістер күтілуде?

2025 жылғы 23 Маусым
743 просмотров

«Атамекен» ҰКП алаңында Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы және ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің (ӨҚМ) қатысуымен құрылыс бизнесі өкілдеріне үлестік қатысу туралы заңнамадағы реформаларды түсіндіруге арналған кеңес өтті.

Қазақстанда үлестік құрылысқа қатысушыларды қорғау шаралары күшейтілді. 2025 жылғы 12 маусымда ҚР Парламенті Сенатының Пленарлық отырысында тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу, автомобиль көлігімен мүгедектігі бар адамдарды тасымалдау жөнінде қызметтер көрсету мәселелері бойынша заң жобасы мақұлданды. Заң жобасын әзірлеу барысында мемлекеттік органдар мен Палата бірлесіп, нарықтағы адал қызмет ететін құрылысшы компаниялар үшін қолайлы жағдай жасауға, көппәтерлі тұрғын үйлер салып жатқан заңнан тыс бизнесті заңдастыруға, сондай-ақ үлескерлердің ақшасына рұқсатсыз (құжатсыз) құрылыс жүргізетін құрылыс салушыларға қатысты жауапкершілікті қатаңдатуға бағытталған бірқатар нормаларды енгізуде.

«Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Назира Үсенованың айтуынша, заң жобасының қазіргі редакциясында кәсіпкерлерді ынталандыратын да, заңсыз әрекеттерді болдырмайтын тетіктерді қамтиды.

«Тауарлар қымбаттауы мен бәсекелестіктің өсуін байқап жүрген кәсіпкерлер түсінікті әрі орындала алатын талаптарды қажет етеді. Пәтерлі үйді салудың басында үлскерлердің қаражатын тарту үшін әкімдіктердің рұқсаты немесе «Қазақстан тұрғын үй компаниясының» кепілдігін алу қажет. Заң жобасы бойынша құрылыс салушыларға қойылатын негізгі талаптар азаяятын болады. Бұл үлескерлердің салып жатқан үйлерінің ұзаққа созылуын болдырмауға, құрылыс салушыларға жобаның бастапқы кезеңінде қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді..

Мұндай жаңалық бұған дейін қолы жетпеген, бірақ тұрақты қызметін көрсететін құрылыс салушылардың нарыққа шығуын қамтамасыз етеді», – деді Назира Усенова.

ҚР ӨҚМ Қала құрылысы және тұрғын үй-коммуналдық саясаты департаменті директорының міндеттерін атқарушы Ерлан Кулушев заң жобасын жан-жақты түсіндіріп, кәсіпкерлер үшін енгізіліп жатқан ынталандыру және шектеу шаралары нарықтағы проблемалық жобалардың санын қысқартуға мүмкіндік беретінін мәлімдеді.

«Біз заң жобасы өз тиімділігін дәлелдеп, заңнан тыс кәсіп жүргізетін «көлеңкелі» құрылыс салушылардың ашық құқықтық ортада қызмет етуге ынталандыра бастайды деп үміттенеміз. Бұл проблемалық құрылыстар санын айтарлықтай азайтып, жақын арада оларды мүлдем болдырмауға мүмкіндік береді», – деді Ерлан Күлушев.

Атап айтқанда, заңсыз үлескерлерді тарту үшін жалған келісімшарттар жасау, жарнама және басқа да әрекеттерге қатысты талаптар күшейтіледі.

Үлестік құрылыс аясында азаматтардың қаражатын заңсыз тартқаны үшін айыппұл мөлшері 300-ден 2000 айлық есептік көрсеткішке дейін артты. Бұдан бөлек, егер құрылыс нысанына әкімдіктің рұқсаты немесе «Қазақстан тұрғын үй компаниясының» кепілдігі болмаса, оның жарнамасын таратуға тыйым салынады.

Енді «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Заң бірыңғай жобалық-сметалық құжаттамасы бар аз қабатты құрылыстарды да реттейді. Мұндай құрылыстарда үлескерлердің  қаражаты заңды ұсталып жатқанын бақылау мақсатында жергілікті атқарушы органдар (әкімдіктер) тұрақты мониторинг жүргізетін болады.

Сондай-ақ аз қабатты тұрғын үйлердегі сату-сатып алу келісімдері барысында тек қолма-қол емес (электронды, банк арқылы) жүргізілетін болады. Үлестік қатысу шарттарын ашық әрі бір ортада есепке алу мақсатында «Қазтізілім» ақпараттық жүйесі жұмыс істейді. Бұл жүйе арқылы екінші дәрежелі банктер қаржылық операциялардың заңдылығын тексеретін болады.

Қазіргі таңда бұл жүйе 17 өңірде жұмыс істейді. Үлескерлік құрылыс жобаларының болмауына байланысты Солтүстік Қазақстан, Жетісу және Ұлытау облыстарында жүйе іске қосылмаған.

Қазақстан құрылысшылар қауымдастығының президенті Виктор Микрюков құрылыс компанияларына өз жобаларын жаңа заң талаптарына алдын ала сәйкестендіріп, барлық рұқсат құжаттарын уақытлы алу маңыздылығына назар аударды. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы заңға қол қойғаннан кейін құрылыс салушыларға 60 күндік өтпелі уақыт беріледі. Сарапшы бұл мерзімді мүмкіндігінше тиімді пайдаланып, құрылысты еш кедергісіз жалғастыруға шақырды.

«Қазақстан құрылысшылар одағы» РҚБ Астана қаласы филиалының директоры Вячеслав Лазарев:

«Ашық айтқанда, үлестік құрылыс туралы заң елімізде толыққанды жұмыс істемеді. Енді кәсіпкерлер құрылыс салушылардың үлескерлік қатысу ретімен құрылыс жүргізе алатын болды. Қазіргі таңда нарықтағы компаниялардың шамамен 67% «заңнан тыс» қызмет етуде қалып отыр. Бұл реформа олардың еңбегін заңдастыруға, ашықтықты арттыруға және құрылыс салушылардың бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге мүмкіндік береді», – деді құрылысшылар қауымдастығының өкілі.

Кеңес барысында құрылыс саласындағы қауымдастықтардың өкілдері қосымша сұрақтар қойып, жеке тұрғын үй құрылысы, тұрғын үй кооперативтері, жер телімдерінің нысаналы мақсаты және құрылысты жарнамалауға қатысты бірқатар ұсыныстарын айтты.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер