«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Жеңіл өнеркәсіп тірегі – нәзік жандар:Астанада сала кәсіпорындарының II съезі өтті

2025 жылғы 16 Маусым
754 просмотров

Елордада еліміздің экономикалық маңызды салаларының бірі – жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының екінші съезі өтті. Кедергілерге қарамастан, бұл сала дамып, елдің әлеуметтік-экономикалық өміріне елеулі үлес қосып келеді.

Съезд жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру және еңбек ұжымдарының отандық экономиканың дамуына қосқан үлесін тануға бағытталды. «Ютария ltd» компаниялар тобының негізін қалаушы Сауле Шәуенова атап өткендей, шара жұмысшы мамандықтары жылы мен жеңіл өнеркәсіп қызметкерлері күнімен тұспа-тұс келіп, ерекше символдық мәнге ие болды. Бұл – еңбек адамдарының, оның ішінде әйелдер еңбегінің маңыздылығын айшықтайтын жиын болды.

Статистикаға сүйенсек, қазіргі таңда елімізде жеңіл өнеркәсіп саласында 1 411 кәсіпорында шамамен 29 мың адам жұмыс істейді, олардың басым бөлігі – әйелдер.

«Автоматтандыру мен цифрландыру қаншалықты дамығанымен, қол еңбегінің маңызы зор. Салада зор әлеует бар, оны ашық әрі тиімді құралдар арқылы дамытуымыз қажет. Біз, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, «Бизнестің цифрлық картасын» әзірледік. Бұл өз кезегінде, кәсіпорындар туралы бірыңғай деректер базасы іспетті. Енді осы мүмкіндікті тұрақты даму стратегиясын құруға пайдалануымыз керек», – деді ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов.

2024 жылы жеңіл өнеркәсіп өндірісінің көлемі 211,6 млрд теңгені құрап, 2021 жылмен салыстырғанда 38%-ға артты. Алайда, жалпы нарық көлемі 4,3 млрд АҚШ долларын құрап, оның тек 6%-ы ғана отандық өнімге тиесілі болды. Бұл – импортты алмастыру және жергілікті өндірісті кеңейту үшін үлкен мүмкіндік бар екенін көрсетеді. Съездің екінші бөлімінде индустриялық аймақтарды кеңейту, шикізат базасын құру, қазақстандық өнімді алға жылжыту, оффтейк-келісімшарттар жасау сияқты мәселелер қаралды.

«Qaz Textile Industry» жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының «Өзін-өзі реттейтін ұйымы» (ӨРҰ) заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер одағының мүшелері дайын өнімге көшу үшін «шикізаттық психологиядан» бас тарту қажет деп санайды. Бұл үшін өндірістік кооперацияны дамыту маңызды.

«Біздің сала біріге білді. Ең бастысы – бизнес пен мемлекет арасында сындарлы диалог орнады. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінен бөлек, бізде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бар. ҰКП біздің сенімді серіктесіміз әрі жоғары деңгейдегі өкілдігіміз. Бұл – бүкіл сала үшін үлкен қолдау», – деді «Qaz Textile Industry» ӨРҰ Басқарма төрайымы Гүлмира Уахитова.

«Qaz Textile Industry» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында ресми түрде аккредитацияланған, бұл өз кезегінде жеңіл өнеркәсіп мүдделерін ұлттық және халықаралық деңгейде тиімді қорғауға мүмкіндік береді. Қоғамдық бірлестік құрамына 300-ден астам ірі, орта және шағын кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлер, сондай-ақ екі жоғары оқу орны мен колледж кіреді.

Съезд аясында саланың ардагерлері «Еңбек ардагері» төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен «Атамекен» ҰКП атынан сала мамандарына жеңіл өнеркәсіпті дамытуға қосқан үлесі үшін құрмет грамоталары табысталды. Шара аясында отандық дизайнерлер мен Қазақ технология және бизнес университетінің студенттері өз топтамаларын таныстырған сән көрсетілімі мен өнім көрмесі өтті.

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер