«Атамекен» ҰКП мен «Самұрық-Қазына» АҚ ірі жобаларды іске асыруда отандық өндірушілер үшін жаңа мүмкіндіктерді талқылады
«Атамекен» ҰКП Президиумының Төрағасы Райымбек Баталов «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Басқарма Төрағасы Нұрлан Жақыповпен кездесу өткізді. Тараптар ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру кезінде отандық тауар, жұмыс және қызмет өндірушілердің мүддесі үшін сатып алулар жүйесін жетілдіру мәселелерін талқылады.
Кездесуде Райымбек Баталов кәсіпкерлерге арналған «Цифрлық бизнес картасы» (ЦБК) жобасын таныстырды. Бұл жүйе мемлекеттік органдар мен ҰКП-ға отандық бизнестің жағдайын талдауға және өзгерістерге ден қоюға, ал кәсіпорындар сұранысқа ие ірі жобаларға қосылуға жаңа мүмкіндіктерді ашады.
Отандық өндірушілерге ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, мемлекет те, бизнес те қызмет жеткізушілер туралы деректерді нақты осы уақытта көріп отыра, сатып алулардың ашықтығын да қамтамасыз етеді.
Бизнестің мемлекеттік қолдау шараларын біріктіретін «Самұрық-Қазына» қорына «Тауарлар, жұмыстар және көрсетілетін қызметтер матрицасы» модулін толықтыру ұсынылды. Бұл құрал қордың барлық ірі жобалары қажет ететін тауарлар мен қызметтерді ескеріп, жалпы мделін қалыптастырады.
Кеше өткен Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов ЦБК-ны енгізуді және сатып алу қатысушыларын әділ және ашық бағалау реформаларын қолдады.
Ірі бизнес «Самұрық-Қазына» жобалары қажет ететін тауарлар, жұмыстар мен қызметтердің тізбесін қалыптастырады. Қор осы матрицаны ескеріп, әлеуетті қажеттіліктерді болжап, отандық өндірушілерге сатып алуға алдын ала дайындалуға жол ашады.
Бейнеу–Бозой–Шымкент теміржолының құрылысы, Қарашығанақтағы газ өңдеу зауыты, Қаламқас пен Хазар кен орындарын игеру секілді ірі жобалар қарқынды дамып жатыр. Оларды ескере отыра, Ұлттық палата Қорға әлеуетті қызмет жеткізушілердің жобаларға қосылу мүмкіндіктерін кеңейтуді ұсынды.
Райымбек Баталов пен Нұрлан Жақыпов отандық бизнесті және республиканың өндірістік әлеуетін нығайту бағытында бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: