«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнес өкілдері Astana Mall алдындағы сауда павильондарын сақтап қалуды сұрайды

2025 жылғы 16 Мамыр
- Астана қаласы
447 просмотров

Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасында «Horeca» және «Құрылыс және жер қатынастары» салалық кеңестерінің бірлескен отырысы өтті. Кездесуде елордадағы ірі сауда нысандары маңындағы павильондар мен дүңгіршектерді орналастыруға қатысты проблемалық мәселелер талқыланды.

Кездесудің негізгі тақырыбы – қазіргі таңда шағын бөлшек сауда нысандары орналасқан жер учаскелерін мәжбүрлеп босату жөніндегі жағдайға алаңдаушылық білдірген кәсіпкерлердің өтініші болды. Астана қаласының соты Astana Mall сауда орталығының алдындағы 12 сауда павильонын бұзу туралы шешім шығарды. Әкімдік мәліметінше, бұл нысандар қала құрылысы, санитарлық және өртке қарсы талаптарды бұза отырып, сондай-ақ бекітілген эскиздік жобаларсыз орнатылған. Павильон иелері, өз кезегінде, бұл сауда нүктелерін заңдастыруға мүмкіндік беруді сұрап, оларды жоюға қарсы шықты. Айта кету керек, кәсіпкерлер жердің меншік иелері емес, жалдаушылары болып табылады. Сот шешіміне қарамастан, аудандық әкімдік кәсіпкерлерге ымыра ұсынды — павильондарды сауда үйінің артқы және бүйір жағындағы аумаққа көшіруді, сондай-ақ қала құрылысы талаптарына сәйкес рәсімдерден өтуді ұсынды. «Uaka Food» ЖК өкілі Ұлықбек Душабаев кәсіпкерлердің ортақ ұстанымын білдіріп, дүңгіршек иелері өз нысандарын қаланың дизайн-код талаптарына сәйкестендіруге, эскиздік жобалар әзірлеуге, сондай-ақ коммуникацияларға қосуға өз қаражаттарын салуға дайын екендерін, бірақ бұл ретте сауда нүктелерін бұрынғы орындарында сақтап қалуға рұқсат берілген жағдайда ғана екендігін атап өтті.

Бизнес-қауымдастық уәкілетті органдар тарапынан павильондарды сақтау туралы берілген ауызша уәделердің заңды күші жоқ екеніне алаңдаушылық білдірді. Осыған байланысты кәсіпкерлер Астана қаласының әкімдігі мен Astana Mall сауда орталығы әкімшілігі арасында медиативтік келісім жасасуды ұсынды. Олардың пікірінше, мұндай формат келісілген уағдаластықтарды ресми түрде бекітіп, барлық тарап үшін құқықтық анықтығын қамтамасыз етеді.

Кездесу барысында Астана қаласы Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Ғаббас Берғалиев түсініктеме берді. Оның айтуынша, сауда нысандарын сауда орталығы аумағында сақтау үшін қазіргі таңда автотұрақ аймағы болып табылатын жер телімінің нысаналы мақсатын өзгерту қажет. Мұндай өтінішті тек жер учаскесінің меншік иесі – Astana Mall әкімшілігі ғана бере алады.

Тараптар жағдайды тек құқықтық алаңда, жанжалсыз реттеуге болатынына келісті. Мемлекеттік органдардың өкілдері де бұл даулы мәселені шешудің конструктивті тетігі ретінде медиацияны қолдады. Талқылау қорытындысы бойынша қатысушылар жер учаскесінің меншік иесін қоса алғанда, барлық мүдделі тараптардың қатысуымен диалогты жалғастыру қажет деп келісті. Өз кезегінде, Кәсіпкерлер палатасы шағын және орта бизнес субъектілерінің құқықтары мен мүдделерін қорғауға ықпал ететін өзара тиімді шешімдерді әзірлеу алаңы болуға дайын екенін жеткізді.

Отырыста сондай-ақ АО «СПК «Astana» арқылы жер учаскелеріне құқық алу және көшедегі сауда павильондарын орналастыруға қатысты әкімшілік кедергілер мәселелері қаралды. Уәкілетті органдарға әкімшілік рәсімдердің ашықтығы мен тиімділігін арттыру мақсатында тиісті ұсынымдар жолданды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер