«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ақмола компаниялары мен колледждері «Жұмысшы мамандықтары қаласы» көрмесінде өз үйлерін таныстырды

2025 жылғы 12 Ақпан
- Ақмола облысы
290 просмотров

11-15 ақпан аралығында Астанада ел Президенті жариялаған жұмысшы кәсіптер жылы шеңберінде ҚР Оқу-ағарту министрлігі ұйымдастырған «Жұмысшы мамандықтары қаласы» республикалық фестивалі өтіп жатыр. Ауқымды іс-шараға Ақмола облысының кәсіпорындары мен колледждері, өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің мүшелері, облыстық кәсіпкерлер палатасы, облыстық білім басқармасы, басқа да мекемелердің өкілдері қатысуда.

Жобаның мақсаты – жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, экономикада сұранысқа ие мамандықтарды дәріптеу, жастар арасында кәсіптік бағдар беру жұмысын дамыту, жұмыс берушілердің жұмысшы мамандарды дайындау және қолдауға қатысуын кеңейту. Фестиваль болашақ мамандар, жұмыс берушілер мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары арасындағы байланысты нығайтуға арналған алаң болады деп күтілуде.

«Жұмысшы мамандықтары қаласында» тақырыптық көшелер: тау-кен ісі және металлургия, машина жасаушылар мен көлікшілер, аграршылар мен су жолшылар, құрылысшылар, болашақ кәсіптер, құтқарушылар мен өрт сөндірушілер бұрышы және басқа да салалар ұсынылған. Мысалы, Степногорск қаласының тау-кен техникалық колледжі өзінің әлеуметтік серіктесі «Алтыналмас АК» АҚ-пен бірге кеншілер мен металлургтер көшесінде байытушылар үйін салды. Фестивальге қатысушылар өздерімен бірге арнайы жабдық – жақтаулы ұсатқыш, шар диірмені, кептіргіш шкаф, флотациялық машинаны, Кнельсон концентраторын және он бес келі Доре қорытпасынан жасалған құйманы алып келді. Көкшетау қаласының жоғары техникалық колледжі аграршылар және су жолшылардың көшелерінде диагностика және жөндеу бойынша жоғары технологиялық жабдықтар, соның ішінде ауыл шаруашылығы техникасымен жабдықталған механизаторлар мен құрылысшылардың үйлерін көрмеге қойды. Орманшы үйін Орман шаруашылығы, экология және туризм жоғары колледжі (Бурабай ауданы), ал Өрт сөндіруші бұрышын Көкшетау қаласының жоғары көпсалалы азаматтық қорғау колледжі таныстырды. Фестиваль қатысушылары түрлі семинарлар мен шеберлік сабақтар, кәсіптер шеруі, бос орындар жәрмеңкесі, стартаптардың тұсаукесерлері, тренингтерді өткізеді.

«Жұмысшы мамандықтары қаласы» фестивалі сияқты іс-шараны ұйымдастыру жастардың жұмысшы мамандықтарына деген қызығушылығын арттыру, оларды сапалы білім алуға, жалпы қазіргі заманғы жағдайларға бейімделе алатын білікті мамандарды даярлауға тарту үшін нағыз драйвер болады», – деп атап өтті Өңірлік палата директоры Ерқанат Мұсылманбек.

 

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер