«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Жұмысшы мамандықтары үшін ипотека: бағдарламаға кім кіреді?

2025 жылғы 29 Қаңтар
1565 просмотров

«Отбасы Банктің» ипотекалық бағдарламаларына қатысуға құқығы бар жұмысшы мамандықтарының тізімдері ЭҚНК (Экономикалық қызметтің негізгі классификаторлары) бойынша арнайы тізіммен анықталады. Бұл туралы Тахмина Нагуманованың төрағалығымен өткен ҰКП Өңдеу өнеркәсібі Комитетінің отырысында банк өкілдері мәлімдеді. Сондай-ақ, 2025 жылға арналған 32 іс-шараны қамтитын жұмыс жоспары қабылданды.

«Отбасы Банкі» АҚ Орталық филиалының басқарушы директоры Жанар Ізімбетованың айтуынша, өңдеу өнеркәсібінің нақты тізімі арнайы жұмыс тобымен дайындалуда. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы да өз тарапынан бұл тізімге ұсыныстар енгізетін болады.

Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың наурыз айында бірегей «Наурыз жұмыскер» ипотекалық бағдарламасы басталады. Бағдарлама жарияланған жұмысшы мамандықтар жылы аясында өңдеуші сала қызметкерлері үшін бірегей шарттармен іске қосылып отыр. Комитет мүшелері атап өткендей, жұмысшыларды баспанамен қамтамасыз ету бойынша алғашқы қадамдар жасалды. Бағдарлама аясында биыл жалпы сомасы 72 млрд теңгені құрайтын 2 440-қа жуық несие беру жоспарлануда.

Оқу-ағарту министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаменті директорының орынбасары Ақзира Қасымова Жұмысшы мамандықтары жылына орай ведомствоның жоспарлары туралы айтты.

«Біздің толық ауқымды кәсіптік бағдар беру жұмысының Тұжырымдамасы жаңа кәсіптер мен құзыреттер Атласын, мектептердегі кәсіптік бағдар институтының рөлін күшейтуді қамтиды», - деді спикер.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы да жұмысшы мамандықтарды насихаттау бойынша белсенді жұмысты бастап кетті. 70 Үкіметтік шараның 33-не ҰКП қатысады. Жоспарланған жаңа шаралардың қатарында: халықаралық дуальды оқыту орталықтарын құру, кәсіпорындар үшін тәлімгерлерді даярлау, сондай-ақ, бизнес пен оқу орындары арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған білім беру бастамалары бар.

Сонымен қатар, жұмысшыларды қысқа мерзімді оқыту ұйымдастырылады. Бұл еңбек нарығындағы мамандар тапшылығын тез арада толтыруға мүмкіндік береді. 2025 жылы республика бойынша жұмыс істейтін оқу орталықтары арқылы 12 мыңға жуық адам оқудан өтеді деп күтілуде. Бүгінде ҰКП тізілімінде 604 орталық бар, оның 240-тан астамы жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарда.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер