«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

ТМД-ның мерейтойлық сыйлығы: Қазақстанның бес компаниясы бірінші кезеңнен өтті

2025 жылғы 22 Қаңтар
593 просмотров

Өнім мен қызмет сапасы саласындағы жетістіктері үшін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы сыйлығының оныншы мерейтойлық байқауына Қазақстанның 5 компаниясы жолдама алды

Биылғы жылы «Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өнім мен қызмет сапасы саласындағы жетістіктері үшін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы сыйлығына оныншы мерейтойлық байқаудың бірінші кезеңінің қорытындысын ұсынады. Аталмыш сыйлық екі жыл сайын өткізіледі және сапа мен инновация саласында жұмыс істейтін ТМД-ға мүше мемлекеттердің ұйымдары үшін ең беделді марапаттардың бірі болып табылады.

2025 жылы байқау ТМД Экономикалық кеңесінің қамқорлығымен өтеді. Бірінші кезеңді  қазақстандық 5 компания сәтті аяқтады:

  • «БатысМұнайГазЖабдықтары» ЖШС – жоғары технологиялық газ және мұнай жабдықтарын өндіруші және жеткізуші;
  •  «Бёмер Арматура» ЖШС – шар клапандарын шығаратын зауыт;
  •  «НПО Дефектоскопия» ЖШС – өнеркәсіптің мұнай-газ, тау-кен, металлургия және энергетика салаларындағы диагностика;
  •  «РУБИКОМ» ЖШС кәсіпорны – шұжық, деликатес және жартылай фабрикаттарды шығаратын ірі өндірушілердің бірі;
  •  «Орал сауда-өнеркәсіптік компаниясы» ЖШС – полиэтилен құбырларын өндіру.

Аталмыш ұйымдар өз өнімдері мен қызметтерінің сапасында, сондай-ақ, басқарудың тиімді әдістерін енгізуде айтарлықтай нәтиже көрсетті. Бұл оларға конкурстың бірінші кезеңінен өтуге мүмкіндік берді.

Байқаудың мақсаты – ТМД елдеріндегі өнімдер мен қызметтердің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруды ынталандыру, ұлттық бастамаларды қолдау, сондай-ақ, инновациялық технологияларды енгізуге жәрдемдесу. Жеңімпаздар дипломдар мен сыйлықтарға ие болады. Бұл олардың іскерлік жетістіктерін мойындау болып табылады.

Байқаудың қазылар алқасы мемлекетаралық құрылымдардың, ұлттық тұтынушылар қоғамдарының, сауда-өнеркәсіп палаталарының және басқа да кәсіптік бірлестіктердің өкілдерінен тұрады.

Финалға қатысушыларды сараптамалық бағалау әртүрлі елдердің мамандарын қамтитын сараптама комиссиялары арқылы жүзеге асырылады.

Айта кетейік, 2007 жылдан бері ТМД сыйлығы байқауына 26 қазақстандық компания қатысып, оның 11-і лауреат, 11-і диплом алды. Бұл жетістіктер қазақстандық өндірушілердің жоғары сапа стандарттарын және олардың халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін растайды.

«Атамекен» ҚР ҰКП өнімдер мен қызметтердің сапасы саласындағы жетістіктері үшін ТМД елдерінің Сыйлықтары байқауының ресми Хатшылығы бола отырып, ҚР СИМ Техникалыө реттеу және метрология комитеті  халықаралық байқаулар мен көрмелерде қазақстандық кәсіпорындарды қолдау мен ілгерілетуді одан әрі жалғастырады.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер