«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Қазақстанда жасалған». Отандық тауарлар бөлшек сауда сөрелерінен өз орнын таба алады ма?

2024 жылғы 31 Қазан
1306 просмотров

Отандық тауарларға арналған сөре орындарын бөлу мәселесі көптен бері айтылып келеді. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар туралы айтатын болсақ, бүгінгі таңда бұл кеңістіктің 5 пайыздан аспайтын бөлігін қазақстандық өндірушілер алып жатыр. Бұл ішкі нарықта бәсекеге қабілеттілігін арттыруға талпынған отандық өндірушілер үшін үлкен кедергі.

Сөре кеңістігіндегі теңгерімсіздік «Атамекен» ҰКП Өңдеу өнеркәсібі Комитетінің кезекті отырысында талқыланды. Қазақстанда өндірілетін тауарларды сөремен қамтамасыз ету ҚР Сауда және интеграция министрлігінің жаңа бұйрығында бекітілген. Сөре кеңістігі құралы бойынша субсидиялауға қаржы агенттігінен рұқсат алған отандық трейдерлер жақында жаңа талаптарды орындауы керек. Олар «Қазақстанда жасалған» деген белгісі бар өнімдерге сөренің кем дегенде 20% бөлуі тиіс.

Аталмыш шаралар дүкен сөрелерінде қазақстандық тауарларды арттыруға және отандық тауар өндірушілерге қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Бұл ретте ішкі сауда субъектілеріне (дүкендердің, қоғамдық тамақтану орындарының, автоматтандырылған дүңгіршектің немесе сауда үшін жабдықталған көлік иелері) 5 жылға дейін ұзақ мерзімді инвестициялар және 1,5 жылға айналым қаражатын қолдау қарастырылған. Бұл инновациялар өңірлердегі шағын және орта бизнеске бағытталған, яғни бөлшек саудамен де, сауда алаңдарын жалға берумен де айналысатын бөлшек сауда нысандарын қолдауға деген ұмтылысты көрсетеді.

ҰКП Төралқасының Өңдеу өнеркәсібі Комитетінің төрағасы Тахмина Нагуманова бұл шара қазақстандық өндірушілер үшін сату көлемін ұлғайтуға мүмкіндік беретінін, алайда, бұл міндеттемелердің орындалуына бақылауды күшейту қажеттігін атап өтті.

«Бұған дейін OTӨ сөрелерінің 30%-ы азық-түлік тауарларына берілген болатын. Азық-түлікке жатпайтын тауарлардың 20 пайызын қосқанда бұл міндеттемелер қазірдің өзінде 50 пайызды құрайтын болады, бұл қауымдастық мүшелерінің өнімдерін өткізуді қамтамасыз етудегі маңызды қадам. Алайда, нақты мониторинг шараларының болмауы жаңа ережелердің тиімсіздігіне әкелуі мүмкін», - деді Тахмина Нагуманова.

СИМ сауда Комитеті мен «Даму» КДҚ АҚ өкілдері субсидиялау туралы келісім жасалғаннан кейін алты ай өткен соң ішкі сауда субъектілеріне мемлекеттік қолдау көрсету ережелерінде көзделген шарттарды орындауды бағалау үшін мониторинг жүргізілетінін хабарлады.

«Парфюмерия, косметикалық өнімдер және тұрмыстық химия өнімдерін өндірушілер» Қауымдастығының өкілі Наталья Богомазованың айтуынша, азық-түлік сауда желілерінің тәжірибесіне сүйене отырып, ОТӨ үшін сөрелердің 40 пайызын қамтамасыз ететін желілерді міндеттейтін нормаларды ресімдеу қажет. Әйтпесе, ірі сауда желілері бақылаудан тыс қалып, қазақстандық өндірушілерге сөредегі ең жақсы орындарға қол жеткізе алмайды деп кәсіпкерлер шағымданады.

Айта кету керек, бизнес үшін қарсы міндеттемелер салық шегерімдерімен, жұмыс орындарын құрумен және кіріс көлемімен байланысты болады. Сонымен қатар, мемлекеттік қолдау шараларының мерзімін бұзу фактілері анықталса, сауда желілері алынған бюджет қаражатын қайтаруға міндетті болады, деп мәлімдеді Көлік министрлігі.

Жиын соңында Тахмина Нагуманова сөре кеңістігін бақылау және есептеу ережелеріне нормативтік құқықтық актілерге нақты сілтемелерді енгізу қажеттігін жеткізді. ҰКП және бизнеске ұсынылған барлық өзгерістер СИМ сауда Комитетіне әрі қарай дамыту үшін жіберіледі. Бұл жергілікті компанияларға дүкен сөрелерінде лайықты орын алуға және қазақстандық брендтерді танымал етуге көмектеседі.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер