«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесі: АЭА қатысушыларын барынша қолдау қажет

2024 жылғы 15 Қазан
- Шымкент қаласы
4840 просмотров

Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысы өтті.

Кеңес төрағасы Мелес Сейтжановтың төрағалылығымен өткен жиынға кеңес мүшелері, Шымкент қаласының прокуратурасы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің, қала әкімдігі басқармаларының, «Оңтүстік» АЭА басшылары қатысты.

Кеңес төрағасы Мелес Сейтжанов қала әкімдігі тарапынан өңірге инвесторларды жұмылдыру бойынша барлық шаралар қабылданып жатқанын, жаңа индустриялық аймақтар құрылып, қаланың сәулеттік тартымдылығын жақсарту бойынша, оның ішінде туризмнің дамуы үшін де тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті. Соның дәлелі ретінде Шымкентте алғаш рет әйгілі Coca-Cola зауыты ашылғанын айтуға болады, сонымен қатар қаланың инвестициялық тартымдылығына оң әсер ететін халықаралық деңгейдегі басқа да компаниялар ашылуда.

Жиында Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Майя Исаева Шымкенттегі арнайы экономикалық аймақтардың (АЭА) экономиканы дамытуға мүмкіндік беретін ерекшеліктерге ие екеніне тоқталып өтті.

«2022 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында арнайы экономикалық аймақтарды дамыту жөніндегі Жол картасы бекітілді. Қазіргі таңда бұл – отандық АЭА-ны дамыту жөніндегі басты стратегиялық құжат, ол барлық мүдделі тараптың жұмысын экономикалық аймақтардың жұмысын жүйелеуге және шоғырландыруға мүмкіндік береді. Айта кетейік, Шымкенттегі «Оңтүстік» АЭА еліміздегі табысты арнайы экономикалық аймақтардың бірі саналады. Аймақтағы инвестиция көлемі – 60 миллиард теңге, өндіріс көлемі – 156,4 миллиард теңге. Бюджеттің 1 теңгесіне 7,4 теңге инвестиция құйылған. Оған қоса АЭА қатысушылары салық кодексіне сәйкес салық преференцияларын қолданады», – дейді Майя Исаева.

Кеңес отырысында Шымкент қаласы прокуратурасы басқармасының басшысы Бақытжан Байғозиев «Оңтүстік» АЭА-на қатысушылардың жер учаскелерін алудағы проблемалары туралы баяндама жасады.

«Күн тәртібіндегі мәселе күрделі. Өйткені, арнайы экономикалық аймақты құрудағы басты мақсат – өңірді жедел дамыту, тиімділігі жоғары, бәсекеге қабілетті өндіріс құру. Заңға сәйкес арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясы (Басқарушы компания) АЭА қатысушыларына ақылы негізде уақытша пайдалануға жер учаскелерін береді. Прокуратура жүргізген тексеру нәтижесінде инвестицияны дамытуға бағытталған түрлі қолдауларға қарамастан, Басқарушы компания тарапынан жер учаскелерін осы қатысушыларға беру барысында жасанды әкімшілік кедергілер болғаны анықталған. Соның салдарынан инвесторлар өз міндеттемелерін келісімшартта белгіленген мерзімдерде орындай алмауға мәжбүр болуда. Прокуратура жүргізген тексеру барысында ғана АЭА-ның екі қатысушысына жер учаскелері берілді. Анықталған бұзушылықтар бойынша прокуратура ден қою актісін енгізетін болады», – деді Бақытжан Байғозиев.

Жиынға қатысқан «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының басқарушы компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы Ғанибет Аубакиров бұл жерде кәсіпкерлерге бөлінетін жер учаскелерінің құжаттарын рәсімдеу барысындағы мерзімдердің созылып кететініне тоқталды.

«Бұл кәсіпорындардың жер учаскелерінің мемлекеттік актілерін рәсімдеу үшін халыққа қызмет көрсету орталықтарына құжат тапсырылғанда рәсімдеу уақыты созылып, біздің жұмыс көп жағдайда соған тіреліп жатады. Регламент бойынша 14 күн болса, шын мәнінде одан асып кетеді, құжат рәсімдеудің процедуралық тұстары көп. Кәсіпкермен келісімшарт жасалған соң ол жер учаскесінің құжаттарын рәсімдеу мерзімі ұзарып кетіп жатады», – деді Ғанибет Аубакиров.

Қосымша мәлімет берген «Оңтүстік» АЭА инфрақұрылымды пайдалану департаментінің директоры Жан Ержанов жер учаскесіне құжат рәсімдеу барысы 9 кезеңнен тұратынын, кейде заң бойынша көрсетілген жұмыс күндерінен асып, белгісіз мерзімге созылатынын айтты.

Кеңес мүшелері мұндай келеңсіздіктерді болдырмау үшін құжаттарын рәсімдеудің нақты әрі түсінікті алгоритмін құрып, инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға, қолдауға барынша жағдай жасаудың маңыздылығына тоқталды.

Осы мәселелерді талқылау қорытындысы бойынша кеңес мүшелері мынадай ұсыныстарды қабылдады:

1. Шымкент қаласының прокуратурасына кәсіпкерлердің құқықтарын бұзуға жол берген лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту мәселесін қарастыру ұсынылсын.

2. Кәсіпкерлер Палатасы қалалық прокуратура және кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму басқармасымен бірге кәсіпкерлерге инвестициялық жобаларды уақтылы іске асыру жөнінде жан-жақты қолдау көрсетсін.

3. Шымкент қаласының кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму басқармасына заңнамада көзделген нақты мерзімдерді көрсете отырып, АЭА қатысушылары үшін жер учаскелерін беру бойынша инвестициялық жобаларды іске асырудың қадамдық алгоритмін әзірлеу ұсынылсын.

4. «Оңтүстік» АЭА қатысушыларына жер учаскелерін бөлудегі проблемалар туралы Шымкент қалалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне хат жолдансын.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер