«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Атакент» 3 күнге «Балалық шақ әлеміне» оранды

2024 жылғы 17 Тамыз
- Алматы қаласы
5363 просмотров

Дереккөз: Алматы қаласының «Атамекен» ӨКП

Алматыда Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің, Алматы қаласы әкімі аппаратының, «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының, Ресей Федерациясының Балалар тауарлары индустриясы қауымдастығының және Қазақстан Балалар тауарлары индустриясы қауымдастығының қолдауымен ауқымды халықаралық көрме өтті. Ұйымдастырушы - ALEXPO көрме компаниясы «Атакент» қазақстандық іскерлік ынтымақтастық орталығы шаңырағының астына бір мезетте балалар тауарларын өндіруші 80 компанияны біріктірді.

Жыл сайын қатысушылар саны артып келеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, 1994 жылы алғашқы көрмеге небәрі 30-ға жуық компания қатысқан-тын. Қазіргідей жарқын, безендірілген стендтер де болған жоқ. Көрме тауарлары қарапайым дүкендегідей,  сөрелерде жайылды.

Осы жылдар ішінде шараның шекарасы да, ауқымы да әлде қайда кеңейді. Бұл күндері көрмеге 80 өндіруші компания қатысты. Ұсынылған балалар өнімдерінің ассортименті таңдай қақтырады: нәрестенің дүниеге шыр етіп келген сәттен қажет тауарлардан бастап, мектеп аяқтағанша қолданылатын құралдар көздің жауын алады:  жөргек, нәресте тағамдары, қоларбалар, ойыншықтың жүздеген мың түрлері, киім және интерьер элементтері, заманауи кеңсе тауарларынан, робототехника мен интерактивті жабдықтың сан түріне дейін тізілген.  Мәскеу экспозициясы 16 үздік, ең өнімді және жоғары технологиялық компаниялардың өнімін ұсынды. Онда табиғи шикізаттан жасалған экологиялық таза тауарлар ерекше орын алды.

«Біз мұнда табиғи ағаштан жасалған механикалық модельдерді ұсындық. Интерьер, кәдесый, жүрдек механизмді бұйымдарды жасаймыз. Пайдаланған табиғи материалмен жанасу, иісін сезу бала ағзасына пайдалы. Сонымен қатар, құрастырғыштардан әртүрлі модельдер жасай аласыз. Олар 5 жастағы баладан бастап,  99 жасқа дейінгі ересектерге де қызықты. Құрама модельдердің арасында қозғалатындары да бар. Біздің өнім қазірдің өзінде Ресей мен Беларуссияның барлық ірі қалаларында, барлық ірі интернет-алаңдарында ұсынылған. Қазақстанда өкілдігіміз жоқ, бірақ достықтығымызды әрі қарай нығайту үшін, серіктестер табамыз деп үміттенеміз», - дейді көрмеге қатысушы, «DROVO» компаниясының директоры Дамир Шафиуллин.

Мәскеу экспозициясын ашқан Мәскеу экспорт орталығының халықаралық серіктестік басқармасы бастығының орынбасары Людмила Пикалова орталық екінші жыл қатарынан балалар тауарлары көрмесіне қатысып жатқанын атап өтті. Оның ауқымын ескере отырып, ол болашақта қазақстандық кәсіпкерлерімен тұрақты серіктес болуға ниетті.

«Мәскеудің экспорттық әлеуеті зор. Қалада миллионнан астам кәсіпкер бар, олардың 88 пайызы шағын және орта бизнес өкілдері. Экспорттық әлеуетке келетін болсақ, бізде 17,5 мыңнан астам экспорттаушы бар. Бұл Ресейдің барлық экспорттаушыларының 40 пайызы. Қазақстан Республикасы Ресейдің негізгі серіктестерінің бірі болып табылады. Мәскеу сараптама орталығы Қазақстан Республикасымен сауда-экономикалық қатынастардың дамуын қолдайды. Биыл біз Қазақстанда Central Asia Fashion көрмесіне қатысып үлгердік, сондай - ақ KIHE көрмесінде ұжымдық стендімізді орнаттық және осы жылдың соңында бизнес миссиясымен осында тағы оралуды жоспарлап отырмыз», - деп атап өтті Пикалова.

Көрме «Атакенттің» шаңырағының астына 7 мыңнан астам келушілерді жинады. Олардың қатарында балалары бар ата-аналар, білім беру мекемелері мен түзету орталықтарының өкілдері, өндірушілер мен дистрибьюторлар бар. Аналар мен сәбилер қазақ брендінің «Balböbek» сериясына баса назар аударды. Қазақстан Республикасындағы балалар тауарларын көтерме -бөлшек сатудың ірі гипермаркеті нарықта 20 жылдан астам уақыт істеп келеді. Осы уақыттың ішінде тауарлар саны  150 мыңнан асты. Олардың ішінде ұлттық және үстел ойындарының жиынтығы, қазақ тілді қуыршақтар мен жұмсақ ойыншықтар, қызықты кітаптар мен энциклопедиялар. Ал, білім беру мекемелерінің қызметкерлері интерактивті әзірлемелердің экспозициясында көбірек тоқталды.

«Біз балаларды мектептерде, балабақшаларда, колледждерде, университеттерде оқытуға арналған робототехника жабдықтарын ұсындық. Яғни, бұл роботты жинап қана қоймай, оны бағдарламалау. Олар ғылым, өнер, инженерия және математика әлеміне бағыттайды. Біздің компания мектептерді жабдықтаумен айналысады, робототехника кабинеттерін ашамыз, қажетті жұмыс жоспарын қосымша береміз: мұғалім өзін қалай ұстауы керек, оған қандай тәртіп сақтау керек, - дегендей. Сонымен қатар, сынып бойынша, жас бойынша градация бар. Яғни, әр бағыттың өзіндік жас категориясы бар. Біз бірнеше брендтің дистрибьюторы болып табыламыз. Және балабақшадан бастауыш сыныптарға дейін өзіміздің Мейкерзоид өнім желісін дамытамыз. Жиынтықтардың барлығын бағдарламалауға болады. Барлық жиынтықтарда смарт-қатты блок, қозғалтқыштар мен датчиктері бар. Яғни, бір құрастырғыштан 200-ге дейін модель жинай аласыз. Ол дегеніміз - 200 жоба, 200 сағаттық сабақ. Мұғалім өз сыныбына 200 сағат бойы әдістемелік құрал жасап, робототехника сабағын өткізе алады. Бұдан басқа, 3D принтерлер, интерактивті панельдер, үстелдерді құрастырамыз. Бұл көрмеде өнімімізді  алғаш рет ұсынып отырмыз, жан-жағымызбен танысу деуге болады. Дегенмен, келушілер тарапынан қызығушылық өте жақсы, сондықтан келесі жылы міндетті түрдеқатысуға ниеттіміз», - деп атап өтті алматылық «Шерман групп» ЖШС директоры Әлішер Арзамбеков.

Интерактивті сегменттегі ең жаңа әзірлемелерді «Пятый вид мультимедиа» компаниясы да ұсынды. Әлемдік нарықта өзін танытқан компания Орталық Азия өңіріне кеңеюге ниетті.

«Бұл интерактивті жабдықтың жаңа буыны. Ол өте күшті білім және мәдени мазмұн береді. Балалардың білім беру мекемелерінде оқу процесін жеделдетіп, тиімді түрде игеруге көмектеседі. Яғни, жабдық бір жағынан ойын - балалар құммен ойнап, оған енгізілген бағдарламалық жасақтаманың ерекшеліктерін ескере отырып  дәстүрлі білім беру процесін әлдеқайда тиімді етіп, берілен тапсырманы орындауды бала оңай үйренеді. Біздің Қазақ елінде  әзірге өкілдік те, серіктестік те жоқ. Алайда, Қазақстан компанияларымен жақс серіктестік орнатамыз деген сенімдеміз», - деп «Пятый вид мультимедиа» ЖШҚ бас директорының орынбасары Юлия Епифанова ой бөлісті.

«Балалық шақ» және «Балалар сәні» - Қазақстанның түкпір-түкпірінен, сондай-ақ Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай, Түркия, Ресей, Беларусь және басқа елдерден индустрия өкілдері жиналатын жалғыз мамандандырылған B2C, B2B көрмелері. Естеріңізге сала кетейін, ауқымды іс-шара «Атамекен» Ұлттық палатасының қолдауымен өтті. Мемлекет пен бизнес арасындағы ерекше көпір бола отырып, палата өзара іс-қимыл, идеялармен алмасу және жаңа іскерлік байланыстар орнату үшін бірегей платформа ұсынады.

«Үш күн бойы біз талантты кәсіпкерлер ұсынған көптеген қызықты жобалар мен бастамаларды көруге мүмкіндік алдық. Бұл біздің бизнесіміздің қарқынды дамуын растап қана қоймай, сонымен қатар «Атамекеннің» еліміздегі кәсіпкерлік белсенділікті қолдау мен ілгерілетудегі маңызды рөлін атап көрсетеді. Көрмеде өздерінің бірегей және заманауи нарықта сұранысқа ие әзірлемелерін ұсынған қатысушылар қазақстандық кәсіпкерлер атынан жақсы серіктестер тауып, елдеріміздің іскерлік және достық қарым-қатынастарын айтарлықтай нығайтады деп шын жүректен үміттенемін. «Атамекен» барлық жаңа бастамаларды қолдауға әрқашан дайын», - деп атап өтті Алматы қаласы «Атамекен» ӨКП директорының орынбасары Жанна Мурзақұлова.

Көрме аясында педагогикалық форум өтті. Онда еңбек сіңірген педагогтар білім беру процесінің ең тиімді әдістерімен, соның ішінде заманауи өндірушілердің жаңа әзірлемелерін ойын түрінде пайдалана отырып, сабақтың нәтижесін көтеру жолдарымен бөлісті.

Көрме қорытындысы бойынша қазақстандық балалар тауарлары индустриясы қауымдастығының президенті Дарья Гейденрайх атап өткендей, қатысушылар ондаған келісімшарттар мен серіктестік келісімдер жасасты.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер