«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Алматыда ғылыми жобаларды коммерциялау мәселесі талқыланды

2024 жылғы 02 Ақпан
- Алматы қаласы
6789 просмотров

Digital Almaty 2024 VI Халықаралық цифрлық форумының «Кәсіпкерлік қоғамдастық, ғылыми мекемелер мен мемлекет арасындағы ынтымақтастықты ынталандыру механизмдері» панельдік сессиясында бизнес және ғылым синергиясының жолдары қаралды.

 Сессия модераторы, Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов жалпы ел үшін ғылыми идеялар мен әзірлемелерді коммерцияландыру тақырыбының өзектілігін атап өтті.

«Ғылыми жобаларды коммерцияландыру өте күрделі, көп уақыт қажет етеді. Кейде ұзақ мерзімді процесс. Бірақ нәтижелер мемлекет үшін стратегиялық маңызды болуы мүмкін. Қазір отандық экономиканың басым бөлігі шикізат экспорты есебінен құрылуда. Біз мемлекеттік органдар, даму инсутиттары, ғылыми орталықтармен бірлесіп креатив индустрия, инновациялар саласын дамытуымыз керек», – деді Нұрсұлтан Шоқанов.

 Сессияда «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов Мемлекет басшысы өткен жылы Ғылым және технология жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында экономиканың өндірістік секторларындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының көлемін ұлғайту үшін бизнес пен ғылыми қоғамдастық арасында тығыз өзара іс-қимыл орнату қажеттігін атап өткенін еске салды.

 «Ғылым мен бизнес –  инновациялық әлеуетті дамытудың екі маңызды құрамдас бөлігі екенімен келісеміз. Осы екі сектор арасындағы тиімді ынтымақтастықты іске асыру ғана күрделі экономикалық және әлеуметтік мәселелерді шешуге, экономиканың өсуіне және жаңа жұмыс орындарын құруға жәрдемдесуге көмектеседі», – деп атап өтті Тимур Жаркенов.

 «QAZINNOVATIONS» Инновацияларды дамыту жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ төрағасы Санат Аханов ғылыми жобаларды қолдау бойынша құралдар көп екенін, бірақ орталықтандырылған жүйе құрылмағанын айтты.

«Біздің бірінші ұсынысымыз – салалар, нишалар бойынша әзірлемелерді кластерлеу. Яғни, әртараптандыру қажет. Сонымен қатар жобалардың жетілу деңгейін қарау керек. Әзірлемелер бойынша ағымдағы чек-лист болғаны абзал. Бұл әзірлемелер әлемдік трендке жата ма, жоқ па, сұранысы бар ма, отандық нарықтың сыймдылығы қандай әлемдік нарықтағы орны қандай деп зерделеу керек. Осы бағытта  әлеуетті клиенттердің тізімін жасау керек. Бұл бағытта «Атамекен» ҰКП көмектесе алады. Қашан ғылым мұның бәрін жүйелі түрде топтастырып, ұсынса, әрі қарай кәсіпкерлік нақты жұмыс істеуі керек. Бұл үздіксіз процесс», – деді Санат Аханов.

Қазіргі кезде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Мемлекет басшысының тапсырмасымен Инвестициялық жобалар тізілімін әзірлеп жатыр. Бұл туралы «Нарықты мониторингілеу және сараптау орталығы» ЖШС директоры Айбек Ерғожаев айтты.

«Қазіргі кезде инвестициялық жобалар туралы деректер әкімдіктерде ехсel кестесі түрінде жиналады. Жүйелілік жоқ. Сондықтан инвестициялық жоба бірнеше жыл бойы іске асырылмай жатады, кәсіпкер уақыт жоғалтады. Ұлттық палата Инвестициялық жобалардың бірыңғай тізілімін жүргізу механизмін ұсынып отыр. Жобаны қазір пилоттық режимде іске қосып жатырмыз», – деді Айбек Ерғожаев.

«Ғылым қоры» АҚ басқарма төрағасы Камиль Ақатов қор жүргізіп жатқан жұмысты баяндады. Omir Group компаниясының негізін қалаушы және CEO, Schulich Startups (Канада) стартаптар ұйымының мүшесі Дінмұхамед Қонаев Канаданың стартаптарды қолдау жөніндегі тәжірибесімен бөлісті.

 Сессияны қорытындылай келе, Нұрсұлтан Шоқанов туризм, таза өндіріс, креативті индустриялар мен ІТ мегаполис экономикасын трансформациялаудың драйверлері болып белгіленгенін атап өтті. Өңірлік палата жергілікті атқарушы органдар, жоғары оқу орындарымен, даму институттарымен жұмыс істейтін болады.

Өткен жылдың қараша айында Алматы кәсіпкерлер палатасы мен New Ventures (InDrive) ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Ынтымақтастық аясында алматылық бизнесмендер инвестициялық бағдарламаның көлемі 100 миллион долларға дейінгі New Ventures-тен инвестиция алуға үміткер бола алады.

Сондай-ақ, Алматы қаласының кәсіпкерлер палатасында Креатив индустриялар мен инновацияларды дамыту жөніндегі кеңес жұмыс істейді, оған сала мамандары, кәсіпкерлер, барлық мүдделі тарап мүше.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер