«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Жайлы мектепті» жабдықтауға отандық өндірушілер тартылады

2023 жылғы 12 Мамыр
- Алматы қаласы
2798 просмотров

Дереккөз: pixabay.com

Былтыр елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қабылданған болатын. Жобаға сәйкес, 2025 жылға қарай республика аумағында заманауи 400-ге жуық мектеп салынбақ.

Білім ошақтары әр өңірдегі мектеп жасындағы бала саны мен оқушы орны тапшылығына қарай салынады.  Қазіргі кезде ел бойынша 270 мың оқушы орны тапшы. Айталық, Алматы, Түркістан облыстары мен Алматы, Астана Шымкент  қалаларында мектеп тапшылығы өткір мәселе болып тұр. Мектеп жетіспеген соң, балалар үш ауысымда оқып, кейбір мектептер бір сыныпта 40 баладан отыр.

Егер жағдай осылай кете берсе, болжам бойынша,  2026 жылға қарай оқушы орны тапшылығы 1,1 миллионға жетпек.

Соның ішінде Алматы қаласын алар болсақ, қазіргі кезде шаһардағы оқушы орны тапшылығы 39 мыңды құрайды. Ал жаңа мектептер салынбаса, орын тапшылығы 2026 жылға қарай 125 мыңға жетуі мүмкін.

Оған  бала туу көрсеткіштері, урбанизация, өңірішілік және өңіраралық көші-қон, сондай-ақ мектеп ғимараттарының тозуы әсер етеді. Яғни, қазірден бастап, бұл мәселені шешпесе, алдағы 3-4 жылда ел бойынша 1 миллионнана астам бала оқитын мектеп таппай қиналатын болады. Осы түйкілді шешу үшін қолға алынған «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынатын мектептерде 842 мың бала білім алатын болады.

Алматы кәсіпкерлер палатасының төрағасы Әуез Тәймбетов «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы аясында Алматыда 22 мектеп салу жоспарланғанын атап өтті. Мектеп құрылысы жөніндегі дирекция «Samruk-Kazyna Construction» АҚ дерегіне сүйенсек, 2023 жылы 13 мектептің құрылысы басталып, қалған мектептің құрылысы мемлекеттік-жекешелік әріптестік механизмі бойынша салынады.

«Ұлттық жобаны іске асыру шеңберінде отандық тауар өндірушілерді тарту көзделген. Сонымен қатар, ұлттық жобаның негізгі талабы – «Самұрық-Қазына» АҚ тауар өндірушілерінің тізілімі» және отандық өндірушілердің тізілімі (СТ-KZ сертификаттары негізінде және жиһаз саласы үшін Индустриялық сертификат+ СТ-KZ негізінде) арқылы сатып алуды жүзеге асырады», – деді спикер.

ҰКП тізіліміне инженерлік коммуникацияларды жобалауға, құрылыс-монтаждау жұмыстарына және жүргізуге қолданыстағы лицензиялары бар 32728 құрылыс компаниясы; 8812 жиһаз кәсіпорны, оның ішінде мектеп жиһазы, корпус жиһазы, кеңсе, металл, жұмсақ, орындықтар және басқа да түрлерінің өндірушілері; 1401 заңды тұлға; 7411 жеке кәсіпкер; 11595 құрылыс материалдарын өндіруші; 4377 жабдық өндіруші енгізілген.

Сондай-ақ, Алматы қалалық білім департаментінің хабарлауынша, қалада  білім беру жүйесін дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған өңірлік жол картасы қабылданған. «Жайлы мектеп» жобасы аясында өңірде салынатын 22 мектепте 37 мың оқушы білім алатын болады. Оған бюджеттен 53 млрд теңге қаржы қарастырылған. Қала әкімі Ерболатт Досаев тұрғындармен кездесуде биыл  екінші жартыжылдықта Түрксіб ауданында 6 400 орындық 4 мектеп құрылысы басталатынын айтты. Ал Бостандық ауданында салынатын 3 мектептің құрылысы қыркүйекте басталады.  Алматы ауданында  1,5 мың орындық жаңа мектеп салынады. Нысан 2024 жылы пайдалануға беріледі.  Әуезов ауданында №97 мектептің бұзылып, орнына 600 орындық мектеп салынады. Қарқынды дамып келе жатқан жас аудан – Алатау ауданында жоба аясында  6 мектеп бой көтереді.

Жайлы мектептердің құрылысы мен жабдықтау барысында отандық өндірушілерге басымдық беріледі.

«Жайлы мектеп» деген қандай мектеп?

Ұлттық жоба шеңберінде салынатын мектептерде жайлы және қауіпсіз білім беру ортасы қалыптастырылмақ. Ол мектептер:

  • Қажетті оқу жабдықтары мен жиһаздармен, түрлі пән кабинеттерімен, бейнебақылау және дыбыстық хабарлау жүйелерімен, балаларға арналған жеке шкафтармен және т.б. толық жабдықталады.
  • Мектеп кеңістігі заманауи эстетикалық тартымды көрінісін қалыптастыра отырып безендіріледі.
  • Жылдамдығы кемінде 100 Мбит/с болатын интернет желісімен  қамтамасыз етіледі.
  • Мұғалімдердің жайлы жұмыс істеуі үшін мұғалімдер бөлмесі, рекреациялар, кітапханалар және өзге де орындарда орналасқан педагогтер үшін жабдықталған жұмыс орындары жасалады. 

Сонымен қатар, ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін мектеп кеңістігін бейімдеуді қамтамасыз ететін бірыңғай стандарт қолдану жоспарланған.

Оқу зертханалары, компьютер сыныптары бар физика, химия, биология кабинеттері, интеллектум кабинеттері, STEM-зертханалар, робототехника және т.б. болады. Әрбір кабинет кем дегенде бір компьютермен, TOUCH/LED -экранмен, заманауи құралдармен жабдықталады.

Оқу-тәрбие іс-шараларын өткізу үшін трансформациялау мүмкіндігі бар әмбебап акт залы, сондай-ақ кітап қоймасы мен оқу залы, медиатекасы, электрон кітапхана, әрбір қабатта оқуға және демалуға арналған коворкинг бөлмелері көзделген.

Еңбекке баулуды ұйымдастыру, сондай-ақ білім алушылардың шығармашылық әлеуетін дамыту үшін тиісті жабдықтары бар әмбебап шеберханалар мен студиялар, алғашқы кәсіптік білім беруге арналған кабинеттер (тігінші, аспаз, IT, ағаш шебері және басқалар) болады.

Білім ошақтарында сапалы тамақтану мәселесі деп шет қалмайды. Заман талабына сай асханалары болады. Бастауыш сынып, орта және жоғары сынып оқушыларының спорт залдары бөлек-бөлек блоктарда орналасады. Әрбір қабатта үнемі су ағып тұратын «ауыз су бұрқағы» орналастырылады.

Мектеп сыртында көлеңкелі шатырлары мен шағын архитектуралық нысандары бар алаңқай, көше коворкингі, тартанмен қапталған көпфункционалды алаңқай (волейбол, баскетбол, футбол, теннис корты, жүгіру жолы), оның ішінде бастауыш сыныптар блогының жанында ашық ойындарға арналған аймақтар жасалып, жасыл желек егіледі.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер