«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Аяғымен тігетін Анарды көру үшін»: Қазақстанда алғаш болып Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесіне мүше болған кәсіпкер

2023 жылғы 09 Наурыз
- Алматы қаласы
2510 просмотров

Қолөнерші Анар Бексұлтан Жамбыл облысында қарапайым отбасында дүниеге келген. Тігіншінің туғанын қолы жоқ, алайда бұл әйелдің бала армандарын жүзеге асыруға кедергі болмаған. Ол 2022 жылы Алматы қаласында өткен Born Nomad Power Awards көрмесінде «Атамекен» ҰКП-ның миллион теңгелік сертификатының иегері атанды. Біз Анар Бексұлтанмен сұхбат құрдық. Ол басынан өткен қиындықтарға қарамастан, табысты кәсіпкер болуға дейінгі өмір жолын бөлісті.

«Мен бала кезімнен тұйық әрі биязы болып өстім. Екі қолдың жоқтығы мен үшін көп нәрсеге үлкен шектеу қойды. Кейін келе университет бітірдім, биология пәнінің мұғалімі атандым. Бірақ биология пәнінің мұғалімі болғанымен де, еш жерде жұмыс істей алмадым. Себебі бірінші топ мүгедегінде жұмыс істеу құқығы жоқ деп айтты. Алайда бұған қарамастан, әрі қарай жұмыс істеуге тырыстым. Солай Жамбыл облысы тарихи өлкетану музейінің экскурсияшы қызметіне орналастым. Сол қызметте 22 жыл жұмыс істеп келемін», – дейді Анар.

Шебердің айтуынша, ол тігін әлеміне тек 35 жасында аяқ басқан.  Алғашында балаларына, кейін көрші-қолаңға тапсырыспен тіккен. Уақыт өте келе кәсібін ашады.  Алғаш тапсырысы қыз жасауын тігуден бастау алған.

«Ештен кеш жақсы» дейді, бұл іске мен 35 жасымда кірістім. Қазір «Анар Бексұлтан: әдемі қыз жасауы» деген бизнесім бар. Жамбыл облысында жасау деген міндетті түрде жүреді. Сұраныс жоғары болғандықтан, осы істі бастап кеттік. Бастаған кезде айтарлықтай қиын болған жоқ, қатты қорыққан жоқпыз. Себебі бұл біздің ішіміздегі қайта жаңғыру, бала кезден көріп келе жатқан дүниенің сыртқа паш етілуі болды», – деп бөлісті тігінші.

Осылайша, бұл кәсіптің «жұлдызы уақыт өте келе жана бастаған». Бір-бірінен естіген адамдар жай ғана аяғымен тігетін Анарды көру үшін, жиі келіп, тұрақты клиентке айналған. Қаржылай мәселелері болмаса, бизнес жақсы дамып, өнімге әлі күнге дейін сұраныс бар.

«Мемлекеттен екі рет грант алдым. Әр грант алған сайын, әр шеңберді жарып шыққан сайын мен үшін айтулы оқиға болды. Алға деген талпыныс, жаңа белестердің ашылуы, әр басқан қадамым – алдағы жеңістерге жетелеп келді. Қазіргі кезде «Әдемі қыз жасауы» цехым жұмыс істеп тұр. Аяғымдағы он кішкентай саусағымның істеген ісінің соншалықты керемет жетістікке жеткізеді деп ойламадым», – деп қуанышпен сөз етеді кәсіпкер.

Аталған жұмыстардан бөлек Анар «Шебер шаңырақ: мүгедектер қоғамдық бірлестігін» ашқан. Бұл ұйымның мақсаты – мүмкіндігі шектеулі әртүрлі жандың өнерімен бөлісу.

«Шебер шаңырақ: мүгедектер қоғамдық бірлестігін» аштым. Оның ішінде мүгедектігі бар қыздар, көпбалалы аналар, ерекше бала тәрбиелеп отырған аналар бар. Бірлестіктің мақсаты – өзіміздің өткен жолымызды үлгі ету, қиыншылықтарымызды жеңу, аналарға жәрдем беру, бизнесін дамыта алмай отырған аналарға жол көрсету. Тараз қаласы ежелгі қала қатарына кіретін кезде, Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесінің президенті Саад-аль Каддуми мырза келіп, ұйымымызға риза болды. Сол кезде мен Қазақстанда бірінші болып Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесіне мүше болдым», – дейді Анар Бексұлтан.

Анар сөз арасында «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жайлы да ойын білдірді.

«Біз үшін Кәсіпкерлер палатасы – үлкен көмек. Бизнес-жоспар жазу жолын көрсету, құжат жинауға көмектесу, көптеген жобабен жұмыс істеу, жаңа таныстар, жаңа мүмкіндіктер «Атамекен» арқылы келді. Байлық азаяды, ал қолөнер көбеймесе, азаймайды. «Атамекен» палатасына алғысымды білдіре отырып, біздің дамуымызға одан әрі үлес қосса екен дейміз», – деп жылы лебізін білдірді.

Сөз соңында тігінші қыздар қауымына бір ауыз сөз арнады:

«Өзіңді ешкіммен салыстырма. Сен дарасың. Ешкімге өсекпен, әңгімемен, жаман нәрсемен жақпайсың. Не ексең, соны орасың. Біз балаларымызды тәрбиелеп отырмыз, ал балаларымыз біздің айнамыз. Бала не көреді, соны жасайды. Менің қыздарым ертең тігінші болып кетеді деп айтпаймын. Бірақ олар әр істі дұрыс бастауына, өмірде адам болуып қалыптасуына әсер ете аламын деген ойдамын», – деп түйіндеді Анар Бексұлтан.

 

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер