«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Алматылық кәсіпкерлер дивидендтер бойынша орта және ірі бизнеске арналған жеңілдіктерді алып тастауға қарсы

2022 жылғы 14 Маусым
- Алматы қаласы
9489 просмотров

14 маусымда Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының алаңында Салық кодексіне дивидендтерді салық салудан босату бойынша жеңілдіктердің күшін жоятын түзету енгізуге қатысты баспасөз конференциясы өтті.

Спикерлер ретінде Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов, Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы Максим Барышев, Өңірлік кеңес мүшесі, «Фирма «Тигрохауд» ЖШС бас директоры Жанар Құрабаева, «Қазақстан автокөлікшілер одағы» ЗТБ бас директоры Сәбит Аманбаев, Sayat Zholshy&Partners адвокат кеңсесінің серіктесі Елена Тюрейкина сөз сөйледі.

«Алматы кәсіпкерлері Салық кодексіне дивидендтерді салық салудан босату бойынша жеңілдіктерді алып тастайтын жаңа түзетулердің еңгізілуіне алаңдайды. Кәсіпкерлердің пікірнше, бұл норма бизнеске екі есе салық салуына алып келеді, инвестициялардың тиімділігі мен Қазақстанның инвесторлар үшін тартымдылығын төмендетеді», – деп атап өтті Алматы қаласы ӨКП директоры Айтуар Қошмамбетов.

 Еске салсақ, 8 маусымда Парламент Мәжілісі отырысында екінші оқылымда, шұғыл заң жобасы аясында Салық кодексіне түзетулер қабылданды. Бұл түзетулер шағын және орта бизнес субъектілері үшін дивидендтерді салық салудан босату түріндегі жеңілдіктерді алып тастауды көздейді. Осылайша, 2023 жылдан бастап резидент еместер мен жеке тұлғаларға төленетін дивидендтер (егер дивидендтер сомасы 30 000 АЕК-тен асатын болса) бойынша жеңілдіктер алынып тасталады.

Ұлттық палата мамандары Салық кодексіне енгізілген түзетулерге қатысты пікір білдіріп, түзетулер қабылдануы отандық шағын және орта бизенске теріс әсер етуі мүмкін  екенін және енгізуге неғұрлым жүйелі қарау қажеттігін атап өтті.

«Дивидендтерге салынатын салық қазір мынадай тәртіпте төленеді – егер кәсіпкер компанияны 3 жылдан аз уақыт иеленсе, онда дивидендтер алған кезде ол 5% төлейді, егер компаниясына 3 жылдан астам уақыт болса, дивидендтерге салық салынбайды. Қазір дивидендтерге 10% мөлшерлеме белгілеу ұсынылды. Егер біз жаңа Қазақстанның қарқынды дамуын қаласақ, онда қосымша салықтар енгізетін түзетулердің күшін жоып, түсінікті Салық кодексін жасап, кодекске кем дегенде 3 жылға өзгерістер енгізуді тоқтату қажет», – деп атап өтті Алматы қаласы ӨКП Өңірлік кеңесінің төрағасы Максим Барышев.

Спикер қазіргі кезде еңбекақыға 6 түрлі салық салынатынын айтты.

«Еңбекақыға салынатын барлық салықты біріктіріп,  бірыңғай салық мөлшерлемесін 20%-дан аспайтын етіп жасауды ұсынамын. Мұндай мөлшерлеме еңбекақы қоры үшін оңтайлы  екенін әлемдік тәжірибе көрсетті», – деп толықтырды Максим Барышев.

«Қазақстан автокөлікшілер одағы» ЗТБ бас директоры Сәбит Аманбаев бұл салық кәсіпкерлерге айтарлықтай зиян тигізеді деп санайды.

«Себебі бұл норма кәсіпкер өзі тапқан таза пайдаға қосымша салық болып отыр. Біз корпоративті табыс салығын төлеуіміз жалпы жеткілікті болуы керек қой. Ал бұл нормада екінші қосымша салық салынбақ. Бұл қосымша жүктеме бекітілсе онда кәсіпкер табысты жасыру жолын іздей бастайды, көлеңкеге қашады. Бұл норма кәсіпкерліктің дамуына кедергі, мемлекеттік саясатқа қайшы», – деді «Қазақстан автокөлікшілер одағы» ЗТБ бас директоры Сәбит Аманбаев.

«Фирма «Тигрохауд» ЖШС Бас директоры Жанар Құралбаева Салық кодексіне ұсынылып отырған өзгерістер тағы бір тармақты қозғайтынын айтты.  

«Бұл норма қолданыстағы нормалармен салыстырғанда ШОБ субъектілері үшін қолайсыз. Егер қазір ШОБ субъектісі үш жыл бұрын сатып алынған жабдықты сатса, оған ҚҚС төлемеуі керек. Ұсынылып отырған норманы енгізу кезінде төртінші жылға кәсіпкер қосылған құнға салық төлеуі тиіс болады», – деді «Фирма «Тигрохауд» ЖШС Бас директоры Жанар Құралбаева.

Қазіргі кезде, мысалы,  кәсіпкер өз басқаруындағы компанияға үш жылдан астам уақыт жетекшілік етсе, жекелеген шарттар орындалатын болса, онда дивидендтерге салық салынбайды. Компания табысына 20% көлемінде  корпоративті табыс салығы салынады. Құрылтайшы-кәсіпкер өз табысын дивидендтер арқылы алады.

«Егер заң жобасы осы қалпында мақұлданса, онда дивидендтер бойынша салық жеңілдігі жеке тұлғалардың едәуір аз тобы үшін жеңілдік болып өзгертілетін болады. Дивидендтер жеке тұлғалардың салық салуға жататын кірістерінен айлық есептік көрсеткіштің 30 000 еселенген мөлшері (шамамен 96 млн теңге) шегінде ғана алып тасталады. Қалған бөлігінде дивидендтер жа лпы табыс салығы мөлшерлемесі бойынша салық салынатын болады, ол 5%-дан 10%-ға дейін ұлғайтылады», – деп атап өтті Елена Тюрейкина.

Спикердің пікірінше, мұндай өзгерістер жеке тұлғалардың жұмысына кедергі келтіреді, өйткені олардың табысына түсетін салық ауыртпалығы артады. 

«Салық кодексіне осындай маңызды және әлеуметтік сезімтал өзгерістерді ұсынған бастамашылар осы өзгерістің тіиімділігіне қатысты ешқандай сенімді дәлел келтірмейді. Ешкім тіпті осы өзгерістерден болатын әсерге ешқандай талдау жасамаған сияқты. Керісінше,  жалғыз мақсат – бюджетті толтыру көзделгені  байқалады», – деді Елена Тюрейкина.

Алматы кәсіпкерлері дивидендтерге салық салу бойынша қолданыстағы жеңілдіктердің күшін жою негізсіз екенін және инвестициялардың кетуіне әкеледі деп санайды. Бизнес өкілдері ҚР Парламенті Сенаты осы түзетулерге қатысты көптеген қарсылықтарға назар аударып, дивидендтер бойынша қолданыстағы жеңілдіктердің күшін жоюға жол бермейді деп үміттенеді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер