«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қарасайлық кәсіпкер грант алып, тігін цехын ашты

2021 жылғы 19 Тамыз
- Жетісу облысы
2911 просмотров

Алматы облысы Қарасай ауданының тұрғыны Ғалия Қожамбергенова мемлекеттік бағдарлама аясында қайтарымсыз грант алып, тігін цехын ашты.  

Мамандығы бойынша инженер-құрылысшы Ғалия Ордамбайқызы осыған дейін түрлі қызметте болғанымен, тігін ісіне қызығушылығы ерекше болған. Сүйікті ісін табысты кәсіпке айналдыру мақсатында өткен жылы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жүгінді. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша «Бастау Бизнес» жобасына жазылып, кәсіпкерлік негіздерін үйренді.

«21 күн бойы онлайн курстан өттім. Кейін бизнес-жоспарымды әзірлеп, сертификат алдым. Аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жобамды сәтті қорғап, 583 400 теңге қайтарымсыз грант алдым. «Атамекеннің» арқасында осылайша цехымды ашып, жұмысымыды жүргізіп жатырмын», – дейді кәсіпкер.  

Грант қаражатына мамандандырылған тігін машиналары, қажетті құрал-жабдықтар мен материалдар сатып алынды. Қаскелең қаласындағы бизнес орталықтарының бірінде цех үшін орынжай таңдалды.

«Тігін цехында үш адам жұмыс істейді. Қазіргі таңда арнайы киімдерді, әйелдер мен ерлерге арналған киімдерді тігіп жатырмыз. Тапсырыстар жергілікті тұрғындардан ғана емес, Алматы, Нұр-Сұлтан, Семей, Өскемен қалаларынан да беріліп жатыр. Сондай-ақ, алдағы уақытта тігін ісі бойынша қыз-келіншектерге оқу курсын ашсам деген ойым бар. Қосымша несие алып, цехты кеңейтуді де жоспарлап отырмын», – деді Ғалия Қожамбергенова.

Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының Қарасай аудандық филиалының директоры Орынбай Жанәділдің айтуынша, осы жылы ауданда «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздері бойынша 484 азамат оқу курсын аяқтап, 70 бизнес-жоба қаржыландырылды.

Облыс бойынша жыл басынан бері «Еңбек» бағдарламасы аясында 2895 жұмыссыз және жас кәсіпкер «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздерін оқыды. Былтырғы мен биылғы тыңдаушыларды қосқанда 1050 бизнес-жоба гранттық қаржыландыру мен жеңілдетілген несие алды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер