«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Жауапкершілік танытқан бизнесті қолдауға дайынбыз – Ералы Тоғжанов

2020 жылғы 05 Тамыз
5229 просмотров

Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов локдауннан шығуға дайындыққа қатысты кәсіпкерлермен өткен жиын барысында айтты.

«Атамекен» ҚР ҰКП үш апта бойы бизнес, қауымдастықтар және ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, кәсіпкерлік қызметті қалпына келтіру бойынша нақты механизмдерді әзірледі.

«Көптеген салада әлеуметтік қарым-қатынас деңгейі жоғары және бірқатар қауіпті тұстар бар. Бізге қауіпсіздікке деген абсолютті сенім мен маска, қолғап кию, кресло және жабдық арасындағы ара қашықтық бойынша барлық шаралардың орындалғаны қажет. Кәсіпкерлер локдауннан шығу бойынша алгоритмдерге сәйкес дайындық жұмыстарын күшейту үшін екі аптаны пайдалануы керек», – деді Ералы Тоғжанов.

«Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов  кәсіпкерлерде коронавируспен байланысты ситуация туралы нақты түсінік қалыптасқанын атап өтті.

«Ауқымды жұмысты атқардық, енді бизнес өкілдері жауапкершілік деңгейін түсіну үшін нақты шаралар мен регламенттерді сұрайды. Бірнеше секторды жетілдіру ғана қалды, мәселен, спецификасы әр түрлі караоке, кальян барлары, мейрамханалар, банкет залдарын қамтитын HoReCa саласы. 17 тамызға дейін барлық алгоритмдерді жетілдіреміз, өйткені бизнестің кредиторлар мен қызметкерлері алдындағы міндеттемелері бар», – деді  Абылай Мырзахметов.

ҰКП Басқарма Төрағасы кәсіпкерлер бизнесті көлеңкеден шығаруға ықпал ететін infoKazakhstan алаңын қолдағанын атап өтті. Платформада бизнес өкілдері жұмыс алгоритмдерімен танысып, жұмыс істеуге дайындық туралы чек-листі рәсімдей алады. Сонымен қатар сайтта әкімдіктер, санитарлық дәрігерлер, полиция, өңірлік палаталар, қауымдастықтар және тұтынушылар лигасы өкілдерінен құрылған тұрақты мониторингтік топ жұмыс істейтін болады.

«Infitness» ЖШС өкілі Игорь Князев фитнес клубтар келушілер санын барынша азайуға дайын, алайда жұмысқа шектеуді жалғастыра беру салаға ауыр соққы екенін алға тартты.

«Клубты жүргізу қымбат, сондай-ақ баршамызда жалға берушілер, қызметкерлер алдында борышымыз бар, клиенттер қиындық көруде. Біз қатаң алгоритмді әзірледік, бәрі оны ұстануға дайын, объектілерімізді жаппауды сұраймыз», – деді кәсіпкер. 

Жиынға қатысқан бас санитарлық дәрігер Айман Есмағамбетова «Атамекен» ҰКП және бизнес-қоғамдастықпен бірге екі апта бойы алгоритмдерді талқылау бойынша тығыз жұмыс жүргізілгенін» атап өтті. Спикердің айтуынша, ағымдағы аптаның соңына дейін санитарлық нормаларды бекітуге шығару жоспарланған, сондықтан бас дәрігер 6 тамызға дейін талқыланатын құжаттарға барлық қосымша ұсыныстар жинау туралы ұсыныс жасады.

ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова білім беру секторына қолдау көрсетті. Вице-министрдің пікірінше, жекеменшік мектептерді іске қосу мектептердің жабылу тенденциясын азайтып, мемлекеттік білім беру мекемелерінің одан әрі ашылуы жолында өзіндік пилот болады.

«Біз барлық нормалар мен ережелерді сақтай отырып, қызмет етуге қатысты бизнестің бастамасын қолдаймыз. Жеке білім беру ұйымдары 4-тоқсанның өзінде санитарлық қауіпсіздіктің барлық шараларын сақтай отырып, жұмысты жалғастыруға дайын болған. Бұдан бөлек, ерекше балалармен жұмыс істейтін білім беру ұйымдары, түзету сыныптары бар. Оларды ашу қажет, өйткені балалар онлайн оқи алмайды, әрі ары қарай дамуда педагогпен тікелей тілдесу аса маңызды. Әрине, ашылу кезінде офлайнға өту немесе қашықтықтан оқытуға қатысты ата-аналардың қалауы ескерілетін болады», – деді Бибігүл Асылова.

Жиынға белсенді қатысушыларының бірі – Нұр-Сұлтан қаласы Рестораторлар клубының төрайымы Вероника Нұрпейісова елорданың HoReCa саласының субъектілері карантиннен кейінгі жаңа жағдайда жұмыс істеуге дайындығын білдірді.

«Біз кәсібін адал жүргізетін бизнестің мүддесін қорғауға мүдделіміз. Қатарымызда бірнеше кәсіпорын бар болуы мүмкін, бірақ бірлестігіміз оларды анықтауға тырысады. Өйткені олар бүкіл сала беделіне нұқсан келтіреді», – деді спикер.

Қазақстан сауда кәсіпорындары қауымдастығының директоры Ермек Рахметов сауда базарлары келушілерді қабылдауға дайын екенін айтты. Кәсіпкерлер толымдылықты бақылайтын арнайы турникеттерді қондырып, кіруші топтар саны және келушілер ағынын жүктемеден 30-50%-ға азайтуға дайын. 

«Қатаң шараларға дайынбыз, базарлар жаңа жағдайда модернизациялануға дайын.  Объектілерді бақылайтын тәртіп органдары өкілдерін бекітуді сұраймыз, осылайша тәртіп бұзылып,  қақтығыс орын алса, қызметкерлер әрекет ете алатын болады», – деді спикер.

Жиынды қорытындылай келе Ералы Тоғжанов диалогтың маңыздылығын атап өтіп, «Атамекен» ҰКП талқылауға ашық алаң ұсынғанына алғыс білдірді және нысандардың дайындығын өзі барып көруге әзірлігін мәлімдеді.

«Кәсібін адал жүргізетін және заңсыздықтарға жол беретін кәсіпкерлер туралы мәселелер көп, 7 мыңнан астам бұзушылықты анықтадық. Індетке шалдығу мәселесі өзекті әрі біз үшін басымдыққа ие. Барлығы саланың дамуына мүдделі екенін түсінемін, бірақ қарапайым шараларды сақтауды сұраймын. Нысандарға барып, дайындықтарын көруге әзірмін. Осыған дейін бүкіл жауапкершілік санитарлық дәрігерлерде болды, енді жауапкершілік салалық мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге жүктеледі», – деді Ералы Тоғжанов.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер