«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Электронды денсаулық сақтаудың өзекті мәселелері жүйелі түрде шешіледі

2020 жылғы 19 Мамыр
6815 просмотров

«Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Юлия Якупбаеваның айтуынша, «Электронды денсаулық сақтаудың өзекті мәселелерін шешу жөніндегі жол картасы» жобасын дайындау ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесуімен 2019 жылдың күзінен бері жүргізіліп келеді.

Бүгінде мемлекет және медициналық бизнес-қоғамдастық алдында  медициналық ақпараттық жүйелерді интеграциялау, электронды рецепттер беру, ақша ағымдарының ашықтығы, дербес деректердің қауіпсіздігі, электрондық денсаулық паспорты, «ауыр» файлдарды сақтау және басқа да мәселелер өзекті болып отыр.

 Пандемия да Жол картасы жобасына өз әсерін тигізді. Кәсіпорындарға санитарлық нормаларды ұстануға мониторинг жүргізуді электронды санитарлық паспортты көрсету ұсынылуда.

«Біз 7 маңызды бөлімді әзірледік: сәулет және платформалар; дербес деректерді қорғау және алмасу;  бизнес-процестерді жақсарту және НҚА өзгерту; міндетті медициналық сақтандыру мәселелері; телемедицина мәселелері; дәріхана желілері және басқа ұйымдармен өзара әрекеттесу; электронды денсаулық паспорты; санитарлық паспорт. Әрқайсысында нақты мерзімдер мен КРІ жазып шықтық. Біздің пайымдауымызша күрделі жоспар жасалды. Егер жобаны іске асыруда барлық қатысушылардың күшін біріктірсек, науқастар мен дәрігерлерге ыңғайлы болатын сервистерді енгізу үдерісі жылдамдырақ жүреді», – деп атап өтті ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева.

«МедЭлемент» компаниясы жетекшісі Виталия Ермоленконың пікірінше, бірінші кезекте менеджментте тәртіпке қол жеткізу керек, сондай-ақ нормативтік-құқықтық актілерді ретке келтіру қажет.

 «Мен ұзақ уақыт бойы шешілмей жатқан мәселелерді екшеп алар едім. Біріншісі – түсінікті сәулет платформасы мәселесі. 2013 жылдан бері жұмыс тежеліп тұр, порталдар саны қысқарған жоқ, бірыңғай нұсқа іске қосылмады. Осы ретте жаңа шешімдер және нарықтан сұратымдар пайда болуда. Екінші – нормативтік база және ақпараттық жүйенің деректермен алмасу және талаптарына байланысты регламенттер мәселесі шешім тапқан жоқ. Бұл мәселелер электронды денсаулық сақтауды тежейді», – деді Виталий Ермоленко.

«Медикер» ЖШС Басқарма төрайымы Айгүл Сегізбаева бірде бір жүйе медициналық ұйымдардың бүкіл мәселелер блогын шеше алмайтынын айтты. Осыған байланысты мекемелер бірнеше жүйені қолдануға мәжбүр, сәйкесінше бірнеше ұйымға төлем жасауға тура келеді.

 «Біз түрлі жүйелердің блоктарын біріктіруге көмектесетін интеграцияға үміт артамыз. Бізге нақты КРІ, мерзімдер мен міндеттемелерді бөлу қажет», – деді Айгүл Сегізбаева.

«ЦИТ ДАМУ» ЖШС төрайымы  Наталья Киль ұйымдардың бизнес-процестерін стандарттауды ұсынды. Спикердің пікірінше, ақпараттық жүйені әзірлеу мен деректерді біріктіру жұмысы олқылықтар мен кереғар тұстарды көрсетеді.

 «Үш блок: сәулет, нормативтік-құқықтық бағыт және деректер қауіпсіздігі. Осыларға бірінші кезекте назар аудару керек. Ұмтылып келе жатқан мақсатты айқындап алғанымыз жөн. Денсаулық сақтау порталдардан кезең-кезеңмен шығу керек, олар науқастар деректеріне емес, бастапқы құжаттарға құралған», – деді Наталья Киль.

Өз кезегінде Юлия Якупбаева санитарлық паспорттарды құрудың маңыздылығына тоқталып өтті.

  «Жол картасы жобасы шеңберінде біз кәсіпорындарға арналған электронды денсаулық паспорттарын қарастырдық. Санитарлық паспорт санитарлық нормалар, тексерулер, шағымдарды ұстану мониторингін реттейді. Екінші жағынан тұтынушылар және өкілетті органдар кәсіпорын санитарлық-эпидемиологиялық тұрғыда қауіпсіз екенін көреді», – деді Юлия Якупбаева.

Ұсыныста ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев қолдады. Спикердің айтуынша, қазірдің өзінде отандық ІТ-қоғамдастық санитарлық-эпидемиологиялық қызмет сәулеті бойынша талқылау жүргізуде.

 «Күзге қарай эпидемияның екінші толқыны күтілуде. Біз жұмысты бастап кеттік әрі осы кезеңде барынша дайындықпен болуды қалаймыз», – деді Олжас Әбішев.

 «Салауатты Астана» ЖШС директоры Лейла Ишбаева COVID-19 инфекциясы мемлекеттік құрылымдардың бей-берекетін әрі ведомство арасында деректерді беруде қиындықтарды көрсеткенін айтты.

 «Шекараны өткен азаматтар туралы тізімдерді алу қиынға соқты. Пандемия біздің карантинге дайын емес екенімізді көрсетті. Мәселен, ұшақтарда сауалнамаларды таратты, олардың нтәижелерін медицина қызметкері қолмен толтырған. Біз қағаз құжаттарға адам сағатын жұмсап, алынған деректер өзектілігін жоғалтып жатырмыз», – деді Лейла Ишбаева. 

Бұдан бөлек, спикердің айтуынша, нормативтік актілер технологияларға ілесе алмай келеді.

«Бұл телемедицинаға қатысты. Қаңтар айында диагностикаға әкелінген девайстарды тіркей алмадық. Оған тіркеу керек пе, жоқ па деген  НҚА жоқ болып шықты», – деді Лейла Ишбаева.

Қорытындылай келе,  Юлия Якупбаева ұсыныстарды министрлікпен бірге қорытып, Жол картасына қол қоюды ұсынды.

«Жол картасының ұсынылған нұсқасы өзекті, айтылған ұсыныстар орынды. Қазіргі кезде детальдарды қарап, келесі аптада Жол картасына қол қоямыз», – деді Олжас Әбішев.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер