«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ауылдың жаңғыру жобалары: Қаракөлде наубайхана ашылды

2020 жылғы 05 Ақпан
- Ақтөбе облысы
7370 просмотров

Мұғалжар ауданында Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы арқылы «Жас кәсіпкер» түлегі наубайхана ашты. Ақтөбе облысы бойынша жобаға барлығы 1100 адам қатысты

25 жасар жас ана Мерей Қалышева ҰКП-ның «Жас кәсіпкер» жобасымен  айлық оқуын өтті. Қаракөл ауылының тұрғыны аудан орталығында өткен сабақтың бірін қалдырмады.

Бизнес-тренермен дәрістерде алғашқы күннен бастап келіншек шағын наубайхана ашу идеясын жетілдіріп отырды. Ауылда 600-ге жуық адам тұрады.

 «Жергілікті наубайхана 10-15 жыл бұрын ашылған. Ал сырттан тасымалданатын нан тез таусылады, оның үстіне жаңа піскен үй нанына тең келер не бар. Өзім қамырды жақсы көрем, аспаздық курстарын да оқып шықтым, тапсырысқа үйден балкүлше, бәліш пісіргем. Өткен жылдың күзінде «Жас кәсіпкер» жобасына қатыстым. Бұл жоба арманымды іске асырды. Екі баланы жалғыз тәрбилеп жатырмын, жеке кәсіп ашудан тартынатынмын. Мұнда мен қажетті білім алдым, жобамды қорғап, кәсіп ашуға грант ұтып алдым»,– деді Мерей Қалышева.   

 Грант қаражатына Мерей 30 қалыпқа шақталған пеш, қамыр илеуіш, және бөлке нанға арналған қалыптарды сатып алды. Наубайханаға есік алдындағы жазғы үйді жабдықтады.

 Наубайханада күнделікті нан пісіріледі. Бір бөлкенің құны 100 теңге. Кәсіпкер әр жұма сайын нанды 10 теңгеге арзан бағада сатады. Балкүлше, бәліш, булочка және кекске тапсырыс қабылданады.

 Кәсіп ашылғанына үш ай болды. Клиенттер легі қалыптасып келеді. Болашақта кәсіпті кеңейтіп, жұмыс орындарын ашу көзделген. Кәсіпкер қайырымдылық туралы да ұмытпады, ол бірнеше отбасыны нанмен қамтамасыз етіп отыр.

 Мұғалжар аудандық кәсіпкерлер палатасы филиалының мәліметі бойынша ауданда 3 511 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген, соның ішінде 3 202 белсенді жұмыс істейді.

 «2019 жылы «Бастау» жобасымен 470 аудан тұрғыны оқуға қатысты, соның ішінде 195-і бизнес-жобаларын қорғап шықты, 28 жоба қаржыландырылды, 90 жоба – мемлекеттік грант алды. «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша 118 адам оқыды, соның ішінде 79 адам бизнес жобасын қорғады, 54-і грант алып, кәсіп ашты», – деп хабарлады, Палата филиалының директоры Бернияз Длимов.

«Жас кәсіпкер» түлегі Қандыағаш қаласының тұрғыны Айсұлтан Рахмет тігін ательесін ашты. Бұл отбасылық бизнес. Айсұлтанның анасы кәсіби тігінші.

 «Жас кәсіпкерге» жазылып тігін ательесін ашамын деп келдім. Өйткені бала кезімнен осы кәсіпті көріп өстім. Орынжайды жалға алдық. Жабдық – тігін өнеркәсіптік машина, пішу машинасы және зигзаг машина гранттық қаражатқа алынды. Негізінен ұлттық киімге тапсырыс береді, қайта жөңдеуге тапсырыстар бар, ал қыздың жасауы қашанда сұраныста», –  деді Айсултан Рахмет.

«Жас кәсіпкер» жобасымен Ақтөбе облысында 1 100 тыңдаушы оқып шықты. Соның ішінде 454 адам грант алды, тағы 5 адам жалпы сомасы 219 млн теңгеге жеңілдікпен несие алды.

 «Бастау» жобасымен облыста 3 484 адам оқыды. Соның ішінде 812 адам 1 068 млн теңгеге қаржыландыру алды, 70 жұмыс орны құрылды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер