«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қызылордалық ауыл шаруашылығы тауарөндірушілеріне асыл тұқымды жылқы өсіру жолдары түсіндірілді

2019 жылғы 08 Қараша
- Қызылорда облысы
7367 просмотров

Кәсіпкерлер палатасы мен «Біліктілік орталығының» қызылордалық ауыл шаруашылығы тауарөндірушілері үшін  ұйымдастырылған қорытынды семинары жылқы шаруашылығына арналды.

Өңірдегі жылқы шаруашылығымен айналысатын шаруалар қатысқан шарада ет және сүт өнімі бағытындағы жылқылардың жергілікті тұқымдарының асыл тұқымдылық, өнімділік сапасы, сондай-ақ оларды жетілдіру жолдары түсіндірілді.

Оқыту семинарына «Қазақ мал шаруашылығы және жылқы шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-нің жетекші ғылыми маманы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Амангелді Тұрабаев арнайы шақыртылды.

Шарада Кәсіпкерлер палатасы директорының агроөнеркәсіп кешен мәселелері жөніндегі орынбасары Пірмұхаммед Сыздықов осы кезге дейін ауылшаруашылығы саласында егін егумен айналысып келе жатқан өңірде мемлекеттік қолдаудың арқасында соңғы 5 жылдықта мал шаруашылығы бағытында да кешенді шаралар қабылданып жатқандығын жеткізді. Нәтижесінде жылқы өсімі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда биыл 12,8 пайызға артқан.

Семинарда ғалым Амангелді Тұрабаев мал өсіру әдістеріне тоқталып, оның маңыздылығына баса назар аударды.

«Мал өсірудің үш әдісі бар. Олар таза тұқымды мал өсіру, будандастыру арқылы малдың сапасын арттыру, түраралық будандастыру әдістері. Қазір елімізде селекционерлер көбейіп кетті. Мал өсірудің ерекшеліктерін білмей, екі тұқымды алып будандастырудың нәтижесінде сапасыз, жарамсыз тұқымдар алынуда. Негізі біздің «қазақ» тұқымды жылқыларымыз жыл бойы далада жүріп, қосымша қоректендіруді қажетсінбей ақ сапалы ет бере алады. Қазақтың жылқыларын жылқының өзге тұқымдарымен будандастыру нәтидесінде тектік қорын азайтып алдық. Қазір енді қайтадан қолға алып, осы асыл тұқымды мал басын арттыруды көздеп отырмыз. Осындай оқыту-семинарлары да сол үшін қажет», - дейді Амангелді Тұрабаев.  

Ауыл шаруашылығы тауарөндірушілеріне арналған шарада мұнан өзге ветеринариялық шараларды жүргізу, мал басы туралы барлық мәліметтерді жинақтайтын арнайы чиптер, мал тұқымын асылдандыру, қолдан ұрықтандырудың пайдасы қаралып, мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге өзге де құнды ақпараттар берілді.

Семинарда тәжірибелік алаң ретінде «Таңқаман» шаруа қожалығы таңдалып, онда өсіріліп жатқан асыл тұқымды жылқылар шараға қатысушыларға көрсетілді.

Айта кету керек, құрылғанына он жыл болған «Танқаман» ЖШС-і бүгінде малды асыл тұқымдандыру бағытында жұмыс жасауда. Қазір 284 бас жылқы өсіріп, оның жүз аналығынан 75 құлын алып отыр. «Танқамандықтар» таза асыл тұқымды жылқы өсіріп отырған Ақтөбе мен Қарағандыдағы шаруа қожалықтарынан «мұғалжар» және «жабы» тұқымды аналық және аталық малдар алып, өздерінің жылқы шаруашылығын дамытуда. Шаруа қожалығы мамандары атқарып отырған жұмыстарының нәтижесінде бүгінде таза пайдаға шығып отырғандықтарын жеткізуде.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер