«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Біржан Нұрымбетов жұмыссыздарды «Атамекен қолдау орталығы» арқылы есепке алуды ұсынды

2019 жылғы 19 Қыркүйек
- Алматы қаласы
5596 просмотров

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі «Атамекен» мобильдік жұмыспен қамту орталықтарына келген азаматтардың жұмыссыздығы бойынша есепке тұру мүмкіндігі болуы тиіс деп есептейді. Бұл туралы министр бүгін Алматыдағы мобильдік жұмыспен қамту орталықтарына барған кезде мәлімдеді.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Алматыдағы «Атамекен қолдау орталығы» мобильді жұмыспен қамту орталықтарында болып қайтты. Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықов министрге орталықтардың жұмысы туралы баяндап берді.

«Күн сайын 30-40 адам мобильді орталықтарға келеді. Мұнда арнайы психолог бар, ол тестілеу арқылы адамның бизнеспен қаншалықты айналыса алатындығы туралы қабілетін анықтайды. Егер кәсіпкерлік дағдылары болса, онда консультанттар оны «Бастау» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқуға жібереді, егер дағдылар болмаса, қысқа мерзімді курстарда оқуды немесе жұмыс берушілерден тікелей бос жұмыс орындарын таңдауды ұсынады. Қазіргі таңда келушілердің қатары да көбейді, яғни шілде-тамыз айларында 6000-ға жуық қызмет көрсетілсе, қыркүйектің 19-ы күні 4000 қызмет көрсетілді», – деді Нариман Әбілшайықов.

Біржан Нұрымбетовты қызықтарған жағдай «Атамекен қолдау орталығы» арқылы жұмыссыздарды есепке қоюға бола ма? Алматы қаласының жұмыспен қамту орталығына хабарласқан азамат қана ресми түрде жұмыссыз болып тіркелетінін анықталды.

«Неге осында есепке қоймасқа? Адам осы жерден жұмыспен қамту орталығына баруға мәжбүр, бұл дегеніміз бюрократия.  Бұл – мобильді жұмыспен қамту орталығы, ол осында есепке тұрып, бағыт алуы керек және кәсіпорындардағы бос жұмыс орындарына баруы тиіс. Бұл жердегі мамандар келушілердің қаншалықты жұмыссыз азаматтар қатарында екендігі немесе ол санатқа қарамайтындығы бойынша тексеріп қабылдай берсін, егер сол санатқа жататын жағдайда,  электронды түрде жұмыспен қамту орталығына өтініш жолдаса, ондағылар адамдардың келуінсіз-ақ есепке ала берсін», – деді Біржан Нұрымбетов.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің айтуынша, бүгінде елімізде 30-40 мың бос жұмыс орндары қалуда. Екінші жағынан, 441 мың жұмыссыз ресми түрде тіркелген. Министрдің айтуынша, олардың қатары бұданда көп «кем дегенде 800 мыңға» жуық.

«Бір жағынан адамдар жұмыс іздейді, ал екінші жағынан, бос жұмыс орындары да бар, олар ол жерлерге бармайды. Мәселе неде? Олар аз жалақы ұсынады, адамдар ол қаражатқа бармайды. Бұл бірінші себеп. Ал екінші себеп – нарықтағы жұмыс іздейтін адамдар, олар жұмыс берушілердің қойған талаптарына сәйкес келмейді», – деді ол.

Нариман Әбілшайықов атап өткендей, Алматының 12 мың кәсіпкеріне сауалнама жүргізу барысында 16 мың маманның қажеттілігі анықталды. Басым көпшілігі бұл инженерлік-техникалық қызметкерлердің түрлері. «Атамекен қолдау орталығы» – пилоттық жоба, Қазақстанда осындай 30 мобильді орталық бар, оның ішінде 12-і Алматыда орналасқан.

«Ең бастысы, адамдар осындай мобильді орталықтар бар екенін білулері керек. Біздің міндетіміз – жұмыс іздеп жүрген адамның өзі жүрген жерде барынша ақпаратты алуы», – деп түйіндеді Біржан Нұрымбетов.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер