«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Әлеуметтік бейімдеу орталығы мамандар даярлайды

2019 жылғы 19 Наурыз
- Ақтөбе облысы
6113 просмотров

Ақтөбе қаласындағы «Мейірім» әлеуметтік бейімдеу орталығында тігін курсында 3 ай бойы білім алған қыз-келіншектерге сертификат табыстау салтанатты рәсімі өтті

Орталықта тұратын жастарға «Үміт» орталығын бітіргендігі туралы куәлік беріліп, бірнеше түлек жұмысқа орналасу келісім-шартына ие болды. Сондай-ақ, компания тігінші курсын аяқтаған Шолпан Ақлаева мен Елена Приходькоға Алматы қаласына тігінші-пішуші мамандығы бойынша жоғары білім алуға жолдама берілді.

 Іс-шара былтыр қараша айының соңында өткен Өңірлік кәсіпкерлік палатасы, «Мейірім» және  «Глобал-Спецодежда» ЖШС арасындағы әріптестік туралы меморандум аясында жүргізілді. Жоба бойынша кәсіпорын «Мейірім» әлеуметтік бейімдеу орталығы тәрбиелеушілерін қамқорлыққа алып, оларды бүгінде сұранысқа ие тігін мамандығына оқытып, қосымша білім алуға ықпал етуге тиіс болатын. Бүгінгі күні «Глобал-Спецодежда» басшылығы осы талаптарды толығымен орындап , орталықты заманауи тігін жабдығымен және қажетті оқу материалдармен қамтып, тігіншілікке үйретіп қана қоймай, олардың өз беттерінше табыс табуына көмектесуде.

«Жастарға білім берумен қатар, болашақ мамандыққа бейімдеу-бүгінгі күнннің өзекті мәселесі. Бұл тұрғыда өндіріс орындарының мамандарының өз кәспорындарына қызметкер даярлауы құптарлық іс. Орталықтың балалары аз уақыт ішінде тігінші мамандығын игеріп үлгерді. Бірнешеуі «Глобал-спецодежда» тігін цехына жұмысқа орналасу туралы келісімге отырды. Сонымен қатар, біз бүгінгі кездесуге арнайы психолог маманын шақырып, балалардың өз мүмкіндіктеріне сенімін арттырып, өмірге нық қадам басуына көмектеспекпіз», – дейді «Мейірім» орталығының директоры Жанна Дүйсенбаева.

«Глобал-спецодежа» тігін компаниясы облыстағы ірі мұнай компанияларына арнайы киім тігумен айналысады. Кәсіпорын жетекшісі Надежда Шабаева өз тәжірибесін «Мейірім» орталығының тәрбиеленушілеріне үйретуді өзіне міндет санайды. Өйткені ол өзі де ата-анасынан жастай қалып, өмірдің тауқыметін бір адамдай татқанын айтады.  Бүгін ол жастарға өз табысының сырымен бөлісті.

Кәсіпорын жанынан құрылған «Үміт» оқу-өндірістік кешені  «Атамекен» Оқу орталықтары тізіліміне енгізілген. Мұндай орталықтар  облыстық білім басқармасы мен жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен бірігіп, арнайы бағдарлама бойынша Өңірлік кәсіпкерлер палатасында жасақталады. Бүгінгі күні осындай өндіріс орындарындағы қысқа мерзімді курстар өз нәтижелілігін көрсетті.

 «Жыл сайынғы зерттеулерімізге сүйенсек, қазіргі таңда кәсіби жұмысшы кадрлардың көбі егде жаста екенін байқауға болады. Нарық білімді ғана емес, тәжірибелі мамандарды сұрайды. Бұл сұранысты осындай кәсіпорын жанында ашылған оқу орталықтары арқылы толықтыруға болады деп ойлаймын. Өйткені мұндай курста теориядан гөрі тәжірибеге басымдық беріледі», – дейді Ақтөбе облысы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Дамила Құнанова.

Бүгінгі күні Ақтөбе облысында «Үміт» оқу орталығымен қатар 12 кәсіпорын қысқа мерзімді курстар өткізеді. Олар «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша жұмыс істейді. Курсқа қатысу-тегін және арнайы степендия беріледі. Кәсіпкерлер палатасы жұмыссыз азаматтарды осы мүмкіндікті пайдалануға шақырады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер