«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Кәсіпкерге берілген оң қорытынды неге өзгертілді?

2019 жылғы 04 Ақпан
- Қызылорда облысы
5382 просмотров

Қызылордада Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес отырысының кезекті отырысында мемлекеттік органның, нақтырақ айтқанда кәсіпкерді әуре-сарсаңға салған қалалық сәулет және қалақұрылысы бөлімінің мәселесі қаралды.

Мәселе оқырманға түсінікті болуы үшін кеңірек тоқталсақ.

Қызылорда қаласының тұрғыны 72 жастағы Күләйхан Меңдиярова қолындағы мүмкіндігі шектеулі баласы болашақта «ешкімнің қолына қарап қалмасын, өз күнін өзі көрсін», - деген ниетпен өзінің иелігіндегі 400 шаршы метр жерге дүкен салу үшін құрылысының эскиздік жобасын бекітуге Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы 2018 жылдың желтоқсан айында құжат өткізеді. Мәселесі қала әкімдігі жанындағы Сәулет-қалақұрылысы техникалық кеңесінде қаралып, кеңес мүшелері жер учаскесі аумағында жерасты инженерлік желілер орналасқан деген аргументпен жобаны мақұлдамайды.

Қарт ана бір ай жүріп, «Қазақтелекомнан», «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясынан», «Қызылорда су жүйесінен» жер учаскесінен инженерлік жүйелер өтпейтіндігі туралы анықтамалар жинап, осы жылдың 17 қаңтарында эскиздік жобаны бекітуге кеңеске қайта тапсырады.

Жоба кеңесте қайта қаралып, кеңес төрағасы және мүшелері, барлығы 13 қатысушы, тарапынан толық қолдау тауып, мақұлданады. Кеңес мүшелігінде Кәсіпкерлер палатасының мамандары да бар. Алайда Күләйхан Меңдияроваға қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімімен берілген жауапта кеңестің 8 мүшесі қарсы болды деген желеумен жобаның мақұлданбағаны көрсетілген.

Бұл жайт кеңесте мүше болған Палата қызметкерлерін ғана емес, сондай-ақ Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес мүшелерін де таңқалдырды.

Кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңес отырысында қала әкімінің орынбасары Берік Сәрменбаев та, қалалық сәулет және қалақұрылысы бөлімінің басшысы Жақсылық Ержанов та кәсіпкердің өтінішін қанағаттандырмау себебі ретінде дүкен салмақшы болған жерден су трубасының өтетіндігімен түсіндірді. Ал кеңес мүшелерінің  «дүкен салуға ешқандай кедергі жоқ», - деп анықтама берген «Қызылорда су жүйесі» мекемесінің жауабын қайтпекпіз», - деген сауалына мемлекеттік орган өкілдері жөнді жауап та бере алмады.

Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес отырысының қорытындысымен Күләйхан Меңдиярова өз қаржысы есебінен су трубасын ауыстыратын болып, содан кейін жобасын қалалық сәулет-қалақұрылысы кеңесіне қайта ұсынатын болып келісілді. Кеңес мүшелерінің: «Су трубасының ауысуымен мәселе толық шешіле ме? Эскиздік жобасына рұқсат бересіздер ма?», - деген сауалына қалалық әкімдік өкілдері «шешіледі», - деп жауап берді.

Мәселе Кәсіпкерлер палатасының тікелей бақылауында болады. Ендігі жерде бұл жобаны Палата мамандары сүйемелдейтін болды. Ал кәсіпкерге жұмыс жасауға кедергі келтіріп отырған қала әкімдігі жанынан құрылған Сәулет-қалақұрылысы техникалық кеңесінің қызметі туралы келесі материалда айтылады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер