Базардағы кәсіпкерлер өрттен зардап шекті
Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры өрттен зардап шеккен кәсіпкерлерге кеңес беріп, қолдау көрсетті
20 желтоқсанда таңғы 4-те «Барыс-4» базарынан өрт шықты. Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Дінмұхамед Әбсаттаров оқиға орнына барып, кәсіпкерлермен жүздесті.
Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментіне «101» қоңырау тетігіне таңғы сағат 04-31-де өрт туралы хабарлама келіп түскен. Өрт сөндірушілер келгенде контейнерлер қатары өртеніп, жалын екінші қабатқа өтіп бастаған.
«Өртенген жерде бірден штаб құрылды. Өрт сөндіру барысында көлемі 50 литрлік 5 газ баллоны және 25 литрлік 1 баллон шығарылды. Жедел қимылдаудың нәтижесінде өрт қоймаларға жетпей тоқтатылды. Жеке құрамның 97 өрт сөндірушісі қатысып, 27 техника қолданылды», - деп хабарлады Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаментінің өкілі Сандуғаш Баймұғамбетова.
Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры «Барыс-4» базарының әкімішілік өкілі Бауыржан Нұрғазыұлымен кездесті. Базар әкімшілігінің өкілі өрттің себебі кафе жұмысшылары тағам дайындаған кезде абайсызда шығуы мүмкін екенін айтты. Қазіргі таңда анықтау-тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кәмпит, печенье сататын 6 контейнер мен кафе өртенген. Бауыржан Нұрғазыұлы зардап шеккен кәсіпкерлерге басқа сауда орны берілетіндігін атап өтті. Өрт шығыны есептелу үстінде.
Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры зардап шеккен саудагерлерге қажетті консультативтік-заңдық көмек көрсетті. Палата сарапшысы аталған нысанға бекітілді. Ол мән-жайды қадағалап, кәсіпкерлермен тығыз байланыста болады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: