«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қайрат Құдайберген: «Қайырымдылықты заңнамалық деңгейде ынталандыру қажет»

2017 жылғы 28 Қыркүйек
- Алматы қаласы
8515 просмотров

Алматы кәсіпкерлерін қайырылымдылықпен белсенді түрде айналысуға шақырды

Алматы қаласының кәсіпкерлер палатасында Ұлттық палата бастаған «Атамекенім» әлеуметтік жобасы таныстырылды. Акцияның мақсаты – бизнестің атаулы қайырымдылық бастамасына қолдау білдіру.

«Алматының кәсіпкерлері жомарттығымен танылған – ауруханалар, балабақшалар салып, қоғамдық ұйымдарға, жағдайы төмен отбасыларға көмектеді. Алайда көбінің есімдері аталмайды, олар жақсылық жасағандарын жариялай бермейді. Біз, керісінше, мұндай істерді көрсету керек деп санаймыз. Игі істер кең жайылып, өзге де кәсіпкерлерді жақсылық шасауға үндейді. Бұл, былайша айтқанда, «жақсылықтың вирусы» ретінде таралады, нәтижесінде шалғай аймақтарда да игі істер атқарылады», – деп түсіндірді Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Қайрат Құдайберген.

Оның айтуынша, қайырымдылықпен айналысып отырған кәсіпкерлердің көбі заңнамада белгілі бір жеңілдіктер, басымдықтар берілгенінен хабарсыз. Ірі салық төеушілер мониторингіне енген салық төлеушілер – салық салынатын табыстан 3%- дан аспайтын жалпы сома көлемінде, Жоғарыда аталған салық төлеушілерден бөлек салық төлеушілер – салық салынатын табыстан 4 %-дан аспайтын жалпы сома көлемінде жеңілдіктер қарастырылған.

«2015 жылы жеңілдетілген салық салу ережесін 2 мыңға жуық кәсіпкер пайдаланған. Салық салынатын табыстың азайтылған көлемі шамамен 46 млрд теңге. Мұнымен қоса, Қазақстанда кәсіпкерлік тәжірибесі айтарлықтай дамымаған. Біз барлық дамыған елдердегідей қайырымдылық көмегін көрсеткен бизнес үшін экономикалық ынталандыру болғанын қалаймыз. Бүгінде жеңілдікті қолдану механизмінің тиімділігін бағалау мен мониторингілу қажет», – деп атап өтті Қайрат Құдайберген.

Жиын барысында қайырымдылық көмегін жасаудың мәдениетін қалыптастырудың қажеттілігі туралы Алматы қаласы кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Мақсат Қиқымов та айтты. Әкімдік өкілінің келтірген мәліметіне сүйенсек, әлеуметтік жауапкершілік аясында Алматы қаласында 23,8 млрд теңге сомасындағы жобалар жүзеге асырылып келеді. Мысалы, бизнес 2300 орындық 13 балабақша салуды жоспарлап отыр, оның ішінде 6 балабақша ашылған. Атап айтқанда бизнес тарапы құрылысын жүргізіп, қаланың коммуналдық меншігіне өткізеді. Сонымен қатар Медеу ауданында 600 орындық мектеп берілсе, Наурызбай ауданында 1200 орынға арналған мектеп салынған.

«Біздің жұмысымызды түсіндіріп өтсем, белгілі бір жоба үшін жер бөлініп, жобалық-сметалық құжаттамасы да дайын тұрады. Алайда бюджет шектеулі болғандықтан құрылысын бірден бастай алмаймыз. Мысалы Алматы қаласының бюджеті 500 млрд теңге болса, ал қаладағы қажеттілік 2-3 трлн теңге. Осы уақытта іске бизнес араласады. Мысалы «Сәби» қоры 1,8 млрд теңгеге мектеп салып берді. Сондай-ақ 260 балабақша мен спорт алаңдарын салған шағын компаниялар да бар. Мысалы 7000 орындық балабақша салып, оның 3000 орнын Алматы қаласы Білім басқармасының қарамағына өткізуге дайын компания да бар», – деп түсіндірді мақсат Қиқымов.

Кәсіпкерлер палатасының директоры Юрий Тілеумұратов мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жүйесінің жүзеге асырылуына қатысты пікір білдірді.

«Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік бойынша бірнеше жоба бар. Біз сол жобаларды тауып, сүймелдеп, сараптама жүргіздік. Бүгінде 16 жоба анықталып, оның ішінде 2 жоба іске асырылды. Атап айтқанда мектеп стандиондары салынды», – деп хабарлады Юрий Тілеумұратов.

«Тұран-Экспресс» ЖШС, «MetallPromGroup» ЖШС, «Рахат» ЖШС, «Темірбетон-1» ЖШС секілді бірқатар кәсіпорындар Ұлттық палата бастама көтерген «Атамекенім» акциясына қатысуға дайын. Олардың әрқайсысы қайырымдылық мақсатында миллиондаған қаражат бөліп, балалар үйі, қарттар үйі мен ҰОС және еңбек ардагерлері, сырқат жандар мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсету үшін ұйымдастырылатын түрлі акцияларға демеушілік көрсетіп келеді.

«Атамекенім» акциясы аясында Әлеуметтік мәселелер тізімі дайындалады. Бұл бірыңғай мәліметтер базасы www.atameken.kz сайтында жарияланады, оған кез келген азамат өтінім қалдырып, қалаған кәсіпкер көмек көрсете алады. Сонымен қатар Facebook әйлеуметтік желісінде «Атамекенiм – дари добро!» жалпыға ортақ топ ашылды. Бұл топқа жақсылыққа ниеттес азаматтар тіркеліп, жасалған игі іс туралы хабарлап, ой-пікірлерін білдіруге мүмкіндіктері бар.

Сонымен қатар «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Парыз» мемлекеттік наградасын беруді ұсынып отыр. Аталған сыйлықты берудегі басты мақсаты – қайырымдылық идеясын өрістету мен мәдениетін қалыптастыруға, қайырымдылық бағдарламалары мен әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға, демеушілік көрсетіп, үздік әлеуметтік жобаны іске асыруға, әлеуметтік жауапкершілік ұстанымын енгізуге қосқан үлесін үлесін жоғары бағалау. Сондай-ақ, «Парыз» байқауының өлшемдерін жетілдіруге назар аударылған. Кәсіпорындардың болашақта әлемдік тауар нарығына шығуына ықпал ететін халықаралық стандарттар көрсеткішімен толықтырылуы мүмкін. Акция аяқталғаннан кейін, «Атамекен» ҰКП бизнесті әлеуметтік жауапкершілік танытуға ынталандыру бойынша ұсыныстар топтамасын әзірлеп, Үкіметтің қарауына береді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер